«Көркем әдебиет оқудың ләззатын татпаған адам мәңгіге рухани мүгедек болып қалады»

                «Дәстүр» журналы                                                                2017 ж. №4

                      

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен саяси реформалар мен экономикалық жаңғыртуларды жүзеге асырып, тәуелсіздік жылдары зор табыстарға жетіп қалыптасқан мемлекет құрып дамыған 50 елдің қатарына енді. Алдымызда жаңадан қабылданған саяси және экономикалық жаңғыртуларды іске асырып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндеті тұр.  Бұл аса зор міндетті орындау үшін Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани бағдарламасын ұсынып отыр.  Бұл мазмұны өте терең, ауқымы кең, қоғамдық сананы биікке көтеретін, ұлттық құндылықтар дамуының бағыт –бағдарын айқындап берген өте маңызды құжат. Барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі білім мен ғылымның даму қарқынына байланысты екендігі сөзсіз.  Мұны ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерекше атап көрсетті: Елбасы ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сырын тізбектеп көрсетті. Тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын айқындап берді. Рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті.

Аталмыш мақалада  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» деп атап  көрсеткен болатын.

Кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі мекені. Сондықтан, кітапханаға бас сұққан әр оқырманның, әсіресе әр жастың жүрек қалауын терең зерделеп, оқуға деген қызығушылығын арттыруға үлес қосу, сөйтіп Қазақстан Республикасының әрбір азаматын отаншылдық, елжандылық қасиеттерге баулу  кітапханашылардың тікелей борышы. Қазіргі  кезде жастардың оқу белсенділігін арттыру арқылы өскелең ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыру жалпы қоғамның соның ішінде кітапханашылардың алдында кезек күттірмейтін іске айналып отыр.

Облыс орталығындағы оқырмандар қауымының сүйікті орнына айналған Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының кітапхананың 305.676 дана кітап қорын 23.940 оқырман өз игіліктеріне пайдалануда.  Сонымен бірге,  осы руханият ордасында  ресейлік және республикалық, облыстық  және аудандық мерзімді басылымдардың, ғылыми диссертациялар мен авторефераттардың бай қоры жинақталған.

Кітапханамыз бүгінгі күні облыс орталығындағы бірден- бір жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізетін білім алғысы келетін әр оқырман пайдаланушыға бағыт-бағдар беруші руханият ордасына айналып отыр. Кәсіби дәрежелері жоғары  кітапхана қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кітапханамызда облыс көлеміндегі оқырман қауымның әр түрлі деңгейдегі тарихи әдебиеттерге сұраныстарын қанағаттандыру, қызығушылық танытқан жастардың таным көкжиектерін кеңейту бағытында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналдырылған.  

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы облыстағы 155  кітапхананың жұмысын үйлестіруші әдістемелік орталық болып табылады. Кітапханада 8 бөлім жұмыс жасайды:

-          Кітапхананы дамыту бөлімі

-          Ұйымдастыру бөлімі

-          Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі

-          Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімі

-          Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі

-          Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды өңдеу бөлімі 

-          Негізгі қорларды сақтау бөлімі 

-          Шаруашылық бөлімі 

Кітапхананы дамыту бөлімі облыстағы 155 кітапхананың жұмысын үйлестіріп, бағыт-бағдар беріп отыратын бөлім. Облыс кітапханаларының сандық және жазбаша есептері осында қабылданып, талдау жасалады. Кәсіби білім жетілдіру курстарды, жас кітапханашыларға арналған кітапханалық сабақтарды бөлім әдіскерлері жүргізеді. Бөлім қызметкерлері облыс кітапханашылары арасында облыстық, аймақтық семинар кеңестер ұйымдастырып, республикадағы әріптестерінің тәжірибесін насихаттап отырады. 

Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі оқырман пайдаланушыға ақпараттық қызмет көрсетеді. ҚР Ұлттық кітапханасы базасындағы Қазақстан кітапханаларының біріккен каталогыне тоқсан сайын мерзімді басылымдар бойынша өлкетану сипатындағы жазбалар жіберіледі. Бөлім қызметкерлері РАБИС бағдарламасы негізінде қазақ және орым тілдерінде өлкеге қатысты кітап қорындағы материалдардың электронды деректер қорын үнемі жүйелі түрде толықтырып отырады. Вмртуальды анықтама қызметі де осы бөлімде жүзеге асырылады. Оқырман – пайдаланушыларға құқықтық анықтамалық қызмет көрсету үшін ҚР ақпарат орталығының  «Параграф» құқықтық ақпараттық жүйесі, облыс көлемінде қабылданған қаулылар, шешімдерден тұратын «Адам құқығы бойынша сандық кітапхана» жұмыс жасайды.

Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімі облыс кітапханаларының қолданыстағы жинақты каталогын құру және дамыту, кітапхана сайтымен жұмыс, құжаттарды электронды жеткізу, ҚазҰЭК арқылы оқырман сүранысын орындау, Интернет жүйесіндегі тораптық қорлармен жұмыс, облыс кітапханашыларын жаңа ақпараттық технологияны меңгеруге үйрету жұмыстары жүзеге асырылады. Интернет жүйесінде жұмыс жасауға мүмкіндік беретін 20 адамдық интернет залы бар. 

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде бірнеше секторлар бар. Атап айтқанда, тіркеу және бақылау, өнертану әдебиеттері, салалық әдебиеттер, мерзімді басылымдар секторлары қызметкерлері оқырмандардың сұраныстарын қанағаттандыру барысында тынымсыз еңбек етеді. Әр түрлі тақырыптарда көпшілік шаралар ұйымдастырылады.

Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды өңдеу бөлімі  мемлекеттік тапсырыс бойынша республика баспаларынан түскен жаңа әдебиеттерді қабылдайды, жолдама құжаттарын толтырады, облыс кітапханаларына бөледі. Жинақты, алфавитттік және жүйелі каталогтарға дәстүрлі карточкаларды құяды және электронды каталогқа жазбалар енгізеді.

Негізгі қорларды сақтау бөлімінде кітап қорының басым бөлігі сақталған. Бөлімде кітап қорының орналасуын бейнелейтін топографиялық  каталог жүргізіледі. Облыс кітапханаларынан түскен сұраныстар орындалады. Бөлім қызметкерлері Қазақстандық Ұлттық Электронды каталогқа  ұсынылатын әдебиеттерді іріктейді.

Кітапхананың виртуалды қызметін, электронды құжат жеткізу бойынша көрсетілетін қызметті облыс оқырмандары мекен- жайының шалғайлығына қарамастан пайдалануына мүмкіндік жасалған.

Кітапханашылар кітапхана қорында болмай қалған әдебиеттерді еліміздің іргелі кітапханаларының, атап айтқанда, ҚР Ұлттық кітапхананың, ҚР Ұлттық Академиялық кітапхананың қорынан электронды каталог арқылы іздестіріп, Құжаттарды Электронды Жеткізу қызметін пайдалану нәтижесінде оқырмандардың кез- келген тақырыптардағы әдебиеттерге сұраныстары толық орындалып келеді.

Кітап қорының басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша республика  баспаларынан жарыққа шыққан  әдебиеттер есебінен толықтырылады. Кейбір авторлар өз кітаптарын сый           ға береді. Сондай- ақ «Кітапханаға кітап сыйлайық» дәстүрлі акциясы бойынша оқырмандар жеке өз кітаптарын сыйға тартады. Кітапханада жергілікті ақын – жазушылармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі. 

2000 жылдан алғаш электронды каталог жасақтау жұмыстары қолға алына бастады.   Күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Сонымен қоса, «РАБИС» бағдарламасының «Оқырман тіркеу», «Іздеу. Сұраныс» қызметі жұмыс тәжірибесіне енгізілді.

         Жергілікті  өлкетанушылардың, ғалымдардың зерттеу еңбектерін  насихаттау бағытындағы жұмыстар мұнымен ғана шектелмейді. Авторлардың өнегелі өмір жолы мен шығармаларының жазылу тарихы, өлкетануға байланысты деректерді  және тағы басқа толымды деректерді қамтитын  мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген барлық жарияланымдардың толық электрондық  деректер базасы жасақталды. Бүгінде кез- келген жазушы шығармашылығы туралы ізденген, олар туралы қандай болса да дерек қарастырған оқырмандар  бұл жұмыстардың игіліігін көріп жүр.

Кітапхана қызметкерлері оқырмандар арасында қазақтың белгілі ақын- жазушыларының, әйгілі өнер адамдарының шығармашылықтарымен қатар, атыраулықтардың мақтанышына айналып отырған жергілікті жазушыларымыздың шығармашылықтарын  насихаттау мақсатында әр түрлі көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.  

 Бүгінде кітапханамыз облыс орталығындағы бірден- бір жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізетін, білім алғысы келетін әр оқырман пайдаланушыға рухани бағыт-бағдар беруші руханият ордасына айналып отыр. Кәсіби дәрежелері жоғары  кітапхана қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кітапханамызда облыс көлеміндегі оқырман қауымның әр түрлі деңгейдегі сұраныстарын қанағаттандыру бағытында ғана жұмыс істеп қоймай, білім нәрімен сусындауды мақсат еткен жастардың таным көкжиектерін кеңейту, көркем бағытында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналдырылған. 

Биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндеттер аясында  оқырмандармен жүргізілетін жұмыстар аясын кеңейтіп, кітапханада жыл сайын сәуір айындағы 23 сәуір – кітап және авторлық құқық күніне орай өткізілетін жастар кітаптарының апталығы биылғы жылы алдын-ала жасақталған бағдарлама бойынша жастар кітаптары айлығы болып өзгертіліп, ай бойы өткізілген шаралар аясында   Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған түйдекті ойлар, өзекжарды мәселелер арқау болды.  

23 сәуір – кітап және авторлық құқық күніне орай осы мерзімде бастау алған «Ой қазынасы – кітапта» атты кітаптар айлығының әр күні мазмұнды да тағылымды шараларға толы болды.

Кітаптар айлығының ашылуы аясында «Ой қазынасы – кітапта» деген тақырыпта  кітап көрмесіинсталляциясының таныстырылымы ұйымдастырылды.  Бұл кітап көрмесі арқылы жиналған көпшілік  қазақ баспаларынан жаңадан шыққан көркем- әдеби, қоғамдық - саяси, пәлсапалық,  құқықтық  әдебиеттермен танысып, сонымен бірге әртүрлі тақырыптағы библиографиялық көрсеткіштер туралы  мол мағлұматтар  алды. Кітаптар айлығының ашылу салтанатына кітапхананың тұрақты оқырмандары,    Атырау Индустриалды- құрылыс колледжінің студенттері   қатысты. Шара барысында кітапханашы Элмира Бақтығалиқызы айлық шеңберінде өткізілетін қызықты шаралардың бірі «Оқырман – оқырманға: Өзің оқы - өзгеге бер» атты кітап алмастыру акциясына қатысуға  шақырып, акцияның  шартымен таныстырды: Кез-келген  оқырман  «Өзің оқы – өзгеге бер» атты кітап   көрмесінен  ұнаған кітабын  таңдап, сыйға  алып, оқып,  кейін досына, танысына, кітапсүйер  оқырманға  ұсынуына мүмкіндігі бар. Бұл акция осы жыл бойы жалғасын таппақ.  Шараға қатысушылар назарларына оқырмандар сыйға тартқан кітаптар көрмесі ұсынылды.

Дәстүрлі Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, Алаш қайраткері Сұлтанмахмұт шығармаларының таңдалуы, бұның биылғы Алаш  қозғалысының 100 жылдығымен тұспа-тұс келуі тектен тек емес. Сұлтанмахмұт ақынның шығармаларына азаматтық тән. Ол аз ғана ғұмыр кешіп, өлең – жырлары өз алдына бір төбе болса, «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі қазақ әдебиетінің алтын қоржынындағы  ұрпақтан – ұрпаққа қадірлеп оқитын классикалық ұлы туындыларға айналды Сұлтанмахмұт жырлары отансүйгіш рухты оятып, туған халқын сүюге,  құрметтеуге, оның дәстүрлері мен мәдениетін қастерлеуге шақырады.

 «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне күн болмағанда кім болам...»атты  әдебиет сағаты да қызықты әрі мазмұнды шаралардың бірі болды. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы  Атырау музыка колледжі актерлік шеберлік мамандығының 1 курс студенті Нұржан Аманқостың  ақын бейнесін сомдай Сұлтанмахмұттың «Шәкірт ойы» атты өлеңін мәнерлеп оқуы қатысушыларды елең еткізді.

 Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, №35 мектеп –гимназиясының оқушылары мен Атырау  инженерлік –гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты. Кітапханашы Элмира Дөкенова жыл кітабы болып отырған Алаш қайраткері, көрнекті ақын С.Торайғыровтың шығармашылығы туралы көптеген мағлұматтарды өз әңгімесіне арқау етті. Ол ақынның азаматтық рухқа толы өлеңдері туралы кеңінен әңгімеледі. 

Қаладағы  №35 мектеп-гимназияның оқушылары Табылдиева Жанар, Мизамов Бекарыс, Ысқаққызы Венера ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқуы шараның мазмұнын арттыра түсті.

Алаш қозғалысының тұлғалары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар заманның қиыншылықтарына қарамастан, ел еркіндігіне атсалысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда олар қанын да, жанын да аяған жоқ. Биылғы жылы Алаш қозғалысына – 100 жыл. Осы айтулы тарихи оқиғаға орай  Атыраулық Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттай отырып, оқырмандардың тарихи әдебиеттерге қызығушылығын қалыптастыру мақсатында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қорындағы және Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасында жасақталған «Мәңгілік ел» электронды кітапхана қорынан,  Атырау облыстық тарихи өлкетану музейі мен облыстық, қалалық мұрағаттар  қорындағы деректермен қоса материалдарды қамтитын «Атыраулық Алаш қайраткерлері» атты электронды дерекқор құрастырылған болатын. Ақпараттық –библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен осы дерекқордың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, кітапханашылар, Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жас мамандары қатысты.

Шара барысында дерекқорды пайдалану тиімділігі, материалдардың орналасу тәртібі туралы жан-жақты баяндалды. Дерекқорға бір жүз елуге жуық атаудан тұратын кітаптар, ғылыми зерттеу мақалалар, мерзімді басылымдар беттерінен алынған толықмәтінді деректермен берілген мәліметтер енгізілгендігі айтылды. (Бұл дерекқорды www.atyraulib.kz кітапхана сайты арқылы пайдалануларыңызға болады)

«Ой қазынасы - кітапта» атты жастар кітаптары айлығы аясындағы тағы бір шараны ерекше атап өтуге болады. Халықтық  өнердің   сыр –сипатына ғылыми тұрғыдан ден қою – халқымыздың рухани қазынасына зер салу болып табылады. Кітаптар айлығы аясындағы шаралардың бірі   «Халықтық өнер туралы 30 кітап»  атты  кітаптар шеруі  болды. Шара барысында кітапханашы  Анар Тусаева оқырмандар арасында  жүргізген сұхбатында кітап көрмесінен орын алған аталмыш тақырыптағы  кітаптар туралы малұматтарды арқау етті. «Ғасырлар бойы халықпен бірге жасап, айқын өзгешеліктерімен қалыптасқан  сан-салалы  халықтық өнердің қай түрін алып қарасақ  та,   шеберліктің тұңғиық тереңдігіне тартатын  эстетикалық парасатқа, рухани игілікке  кенелетініміз сөзсіз», - деп оқырмандармен әңгімесін бастаған Анар Тусаева, - Б.Төлегеновтың «Ұлт жауһарлары» (2016), Ө.Жәнібековтың «Қазақ киімі» (1996), Б.Тұрмағамбетованың «Ұлттық өнер-өміршең қазына» (2013), З.Қоспақовтың «Қазақтың әншілік өнері» (1999), «Қазақ өнерінің тарихы Т.1,2,3» (2007) және т.б көптеген халықтық өнер туралы әдебиеттерге оқырмандардың назарын аударды.

«Ой қазынасы - кітапта» атты жастар кітаптары айлығы аясындағы кезекті шара кітапхана бойынша жедел саяхат болды. Кітап айлығының бағдарламасымен таныстыру, кітапхананы жарнамалау, оқырмандарға көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстыру, кітап оқуға баулу мақсатында Облыстық ұлттық гимназияның 7-сынып оқушыларының қатысуымен жедел саяхат ұйымдастырылды.  Шара барысында кітапханашы «Оқырман – оқырманға: Өзің оқы - өзгеге бер» акциясына қатысуға шақырып, акцияның шартымен таныстырды.  Оқырмандар кітапхананың әрбір бөлімінің  жұмыстарымен танысып, атқаратын қызметтері туралы мәліметтер алды. Өздері қызығушылық танытқан бөлімдерге барып, көрсетілетін қызметі жайында кітапхананың кітап қоры туралы сауалдарына жауап алды.

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жыр падишасы Фариза Оңғарсынованың кабинеті ашылуына орай салтанатты шара өтті.  Оған мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау  облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, ақынның ұлы Айбар Оңғарсынов пен сыйлас сіңлілері, өзге де танымал ақын-жазушылар қатысты. Шарада осы кітапхана жанынан құрылған «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшелері жыр оқыды.

Шараны Атырау облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Тауфиқұлы Жоламанов ашып, жүрекжарды лебізін білдірді. Ал, кабинет лентасын республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов пен Фариза ақынның курстасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің құрметті профессоры  Қадыр Өтегенұлы Жүсіп қиды.

Сонымен қатар, қазақтың қайраткер ақын қызын білетін және оның мол мұрасын зерттеген жандар нәзік те отты жырлардың авторы туралы естеліктерімен бөлісті.

Жиында сөз алған республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов, еңбек ардагері Рашила Мүрсалиева мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевтар жырымен миллиондаған жүректердің қылын қозғаған Фариза ақынның ел, қоғам дамуына қосқан үлесін, қазақ поэзиясында қалдырған ізін, адамгершілік келбетін ерекше атап айтты.

            Жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандардың  көркем  әдебиетке қызығушылығын қалыптастыру мақсатында облыс бойынша  «Жұлдызды шығармалар» атты  оқу акциясын ұйымдастыру қолға алынып отыр. Облыстағы жылдық оқу акциясына жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының  шығармалары арқау болып отыр. Жазушыға заманның заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев: «Оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сыйғыза алған прозашы» деп баға берген болатын.  

Ғ.Сланов атындағы  Атырау облыстық  ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған «Қара сөздің хас шебері» тақырыбындағы жазушының «Тар кезең»  шығармасы бойынша оқырмандар конференциясы - аталмыш акция аясында ұйымдастырылған алғашқы шара болды. Оқырмандар конференциясына шығармасы арқау болып отырған Қажығали Мұханбетқалиұлының көркем дүниелерін оқырман жылы қабылдады. Өйткені, ол оқи қалсаң бірден баурап алып кетердей көркем  тілді прозасымен, ақиқаттың ауылынан алыстамай тарихи шындықты бүркемелемей бере білген тарихи шығармаларымен оқырманды бірден баурап әкетті. Ол көптеген жазушылардың жекелеген әңгімелерін және түркімен жазушысы Т.Жұмагелдиевтің «Егес» атты кітабын, орыс жазушысы А. Скалонның «Бақыттың алтай түлкісі» атты әңгімелері мен повестер жинағын қазақ тіліне аударды. Өзінің де бірқатар әңгімелер мен повестері шетел тілдеріне аударылып жарық көрді. Қазақтың ХVІІІ ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы күресінің басшысы әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы туралы ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізген ол, ондаған мақалалар жазып, осы бір айтулы тұлғаның өмірі мен қоғамдық қызметі жөнінде республикалық «Арыс» баспасынан «Сырым Датұлы» атты жинақты өзі құрастырып, алғысөзі мен түсініктемелерін де өзі жазып жарыққа шығарды. Ол 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
       Оқырмандар конференциясына №5546 әскери бөлімінің сарбаздары, студенттер, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Шараны жүргізген Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ғалия Сәлімжанқызы  жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы туралы әсерлі әңгімелеп берді. Ол оқырмандардың  жазушының «Тар кезең» шығармасы  бойынша айтқан пікірлерінің одан әрі өрбуіне дәнекер болып,  романдағы әрбір кейіпкерге, айтылған оқиғаға  түсініктеме  беріп отырды.   

 Шараның басты қонағы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының қаламдас достарының бірі, белгілі өлкетанушы-тарихшы Аманғали Әміржанұлы «Тар кезең» шығармасын жан-жақты талдап, жазушының шығармашылығы жайында өзіндік ой-пікірлерін білдірді.

Кітапхананың Негізгі  қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы Қарлығаш Тушкенова шығарманың ерекшелігіне тоқталып, нақты тарихи шындыққа сүйенген жазушының ізденімпаздығына, көркем тілмен жеткізе білуіндегі шеберлігіне тәнті болғандығын тілге тиек етіп, нақты мысалдар келтірді.

         Шара барысында кітапхананың байырғы оқырмандары, зейнеткерлер Жетпіс Жұбанов, Берікжан Қаленов, кітапхананың тұрақты оқырмандары, жеке кәсіпкерлер Фархат Беркешов, Аслан Әбіғалиев,  инженер Қайрат Төлегенов  «Тар кезең» шығармасын оқығандағы әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Оқырмандар жазушының «Тар кезең» шығармасында тарихи шындықты бұрмаламай шебер бере білген суреткерлігін тілге тиек етті. Қазақ тарихындағы көрнекті тұлға Сырым Датұлының бітім – болмысы, ол өмір сүрген замандағы қоғамның бейнесі шебер суреттелгендігіне тәнті болғандықтарын айтты. Конференцияда шығарманың көркемдік жағы да баса айтылды, яғни тарихи шығармада басы артық суреттеудің жоқтығы, жазушының шындыққа негізделген оқиғаларды көзбен көргендей қылып суреттеуі оқырмандар әңгімесіне өзек болды.

 Шараға қатысқан сарбаздардың жетекшсі  №5546 әскери бөлімінің Тәрбие және әлеуметтік –құқықтық бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, аға лейтенант Әжікенов Артур Ғарифоллаұлы шараны ұйымдастырған кітапхана қызметкерлеріне ыстық лебізін білдірді. Ол оқырмандар конференциясының сарбаздар үшін тағылымды шара болғандығын айтты.

Алдыңғы буын өкілдерімен қатар, жастардың ауыз әдебиетінің ерекше жанрларының бірі - ертегілерді көбірек білуі маңызды. Болашақ аналардың, бала тәрбиесімен айналысатын болашақ мамандардың ертегілерді қаншалықты білетінін таразылай отырып, жастардың осы жанрға қызығушылығын арттыру мақсатында Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Отбасымен  бірге оқимыз» жобасы   аясында   «Апа, ертегі оқып берші» атты әдеби сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа Х.Досмұхамедов атындағы филология мамандығының 3 курс студенттері Дюсекова Камшат, Жексенова Айсұлу және кітапхананың жас мамандары Ақтолқын Кулова, Альфия Сарсенғалиева  қатысып, салт-дәстүрге байланысты мақал-мәтелдер айтып, жұмбақ шешіп, ертегі айтып, білімдерін ортаға салды.

Кітапхана қызметкерлері жастар кітаптары айлығы аясындағы шараларға келген әрбір оқырмандар тобымен жалпы кітаптар туралы әңгімелесу барысында Дүниежүзілік кітаптар және авторлық  құқық күні атаулы күнінің тарихы туралы мағлұматтарды әңгімелеріне арқау етті. Сонымен бірге, кітапханашылар Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында айтылған түйінді мәселелерді атап өте отырып,  оларды кітапты көп оқуға үндеді, кітапханамен үнемі байланыста болуға шақырды.

Кітапхана қызметкерлері оқырмандар арасында қазақтың белгілі ақын- жазушыларының, әйгілі өнер адамдарының шығармашылықтарымен қатар, атыраулықтардың мақтанышына айналып отырған жерлес қаламгерлердің шығармашылықтарын  насихаттау мақсатында әр түрлі көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Жазушылардың, атыраулық өнер тарландарының өнегелі өмір жолы мен шығармаларының жазылу тарихы, өлкетануға байланысты деректерді  және тағы басқа толымды деректерді қамтитын  мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген барлық жарияланымдардың толық электрондық  деректер базасы жасақталды. Бүгінде кез- келген жазушы шығармашылығы туралы ізденген, олар туралы қандай болса да деректер іздеген, қарастырған оқырмандар  бұл жұмыстардың игілігін көріп жүр.

        Оқырмандардың көркем әдебиеттерді оқуын, жалпы оқу мәдениетін зерделеу, таразылау мақсатында кітапханамыздың оқырмандарының әр түрлі топтары арасында сауалнамалар жиі жүргізіліп тұрады. Сауалнамаға жауап берген оқырмандарымыздың 28%-ы көркем шығармаларды ғаламтор арқылы алып, қолдары босаған кезде оқитындарын айтқан. Респонденттеріміздің 35 %-ы  «Қазіргі заманға сай көркемдік дәрежесі жоғары кітаптар болса, неге оқылмасын. Бұларды әрдайым іздеп жүріп оқимыз»,- деп атап көрсеткен. Сауалнамамызға жауап берген оқырмандарымыздың  10%-ы  көркем әдебиет соның ішінде тек қана тарихи - танымдық әдебиеттерді оқитындығын  тілге тиек еткен.

         ҚРҰАК  «Қаз ҰЭК «Қазақстан кітапханасы» мемлекеттік электронды кітапханалық  қорын құру» атты жобаға орай кітап қорындағы жергілікті жазушылардың кітаптарының сандық көшірмесін жасауы кітапхана оқырмандарына жаңа технология арқылы жазушы шығармашылығының қыр –сырына үңілуге мол мүмкіндік жасап отыр.

         Жалпы, кітапханамызды, кітап оқуды оқырмандар арасында кеңінен насихаттау бағытында кітапханамызда ұйымдастырылып жүрген әр түрлі тақырыптағы  көпшілік шаралар туралы толық мағлұматтар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда, «Атырау», «Прикаспийская коммуна», әлеуметтік желілер арқылы Фейсбук парақшаларында үнемі жарияланып тұрады.

Қазақстанның азаматтарын отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы ешқашан бәсеңсіген емес. Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу мәселесі біз  негізге алып отырған Ел Президентінің бағдарламалық мақаласында баса айтылған түйдекті мәселелердің бірі. Келешекте ел тізгінін қолға алатын жастардың барынша білімді, жан-жақты, білікті болуы қаншалықты маңызды болса, олардың Отанына деген сүйіспеншілігінің мол болуы басты қажеттілік екендігі даусыз. Өйткені, елін, жерін сүйетін азамат қана Отанына адал қызмет ете алады. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жас азаматтарын  патриоттыққа баулу – айрықша маңызға ие мәселелердің бірі болып отырғаны да сондықтан.

Ұлттық патриотизмге негізгі ұйтқы бола алатын мәдениет ошақтарының бірі – кітапхана. Адамның ой-өрісі кітап оқумен өлшенеді. Орыс балалар жазушысы Корней Чуковскийдің сөзімен өрнектер болсақ: «Көркем әдебиет оқудың ләззатын татпаған адам мәңгіге рухани мүгедек болып қалады». Сондықтан кітапханаға бас сұққан әр оқырманның жүрек қалауын терең зерделеп, оқуға деген қызығушылығын арттыра отырып, ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған түйдекті мәселелер мен ауқымды міндеттерге аз да болса  үлес қосу кітапханашылардың тікелей борышы.

                                                           Гүлжан  Ескендір

                                                                          Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық                              

                                                                           ғылыми әмбебап кітапханасының жетекші әдіскері

 

Атырау .- 2016 . – 21 мамыр (№40) . – 5 бет

Елбасымыздың бастамасымен кең қолдауға ие болған «Мәңгілік ел» идеясы бүгінде жалпыұлттық басты бағдарымызға айналды. Оның мақсаты – күллі қазақстандықтардың, соның ішінде жастардың және түрлі ұлт өкілдерінің бойында патриоттық рухты көтеру.

Міне, осыған орай 18 мамырда Қазақстан бойынша «Мәңгілік ел» жалпықазақстандық ашық диктант жазу акциясы өтті. Оған ел бойынша 20 мыңнан аса отандасымыз қатынасып, үш мыңнан астам Достық үйлері мен кітапханаларда бір уақытта ашық диктант жазды. Мұндай ерекше шараның өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық кітапханасы, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Астана, Алматы қалалық, облыстық филиалдары мен кітапханалар, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мұрындық болды.
Бұл шара Атырауда Ғабдол Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды. Шын мәнінде, жастың да, кәрінің де партаға отырып, диктант жазуы олардың өскен ортаға, туған жерге деген перзенттік махаббатының белгісі болды. Сайып келгенде, бұл – Елбасының тұтас елімізде ұлтаралық бірлікті қалыптастыру жолындағы, ұлттар мен ұлыстардың татулығын, тұтас еліміздің бірлігін бекемдеу жолындағы бағалы бастама.
Диктант жазушылар да өз шығармаларында осы өзекті мәселені арқау етті.
- Жалпықазақстандық акцияға белсенді азаматтық және өмірлік позицияны ұстанған жерлестеріміз көптеп қатысты. Бұл шараның тиімділігі – біз жастардың тек жазу сауаттылығын ғана емес, мәдени деңгейін де анықтаймыз. Сауатты жаза да, сөйлей де білетін адам саяси әлеуметтік тұрғысынан білімді болып есептеледі. Біздің елімізге бәсекеге қабілетті, сауатты, білімді мамандар керек. Ашық диктант еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын арттыра түседі деген үміттемін, - дейді облыс әкімі жанындағы қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінің басшысы Тамара Аман-Турлина.
Үлкен жауапкершілікті талап ететін диктанттың мәтініне біраз дайындық жұмыстары жүргізіліпті. Диктант негізінен 230 сөзден тұрады. Оны құрастыруға бір топ отандық ғалымдар қатысқан. Күрделілігі жағынан бәріне бірдей қолжетімді. Мазмұны жағынан мәнді, патриоттық тақырыпты қамтитынын айта кеткен жөн. Бұл туралы Атырау қаласындағы №31 мектеп-гимназиясының мұғалімі Бағдагүл Ғұбайдуллина түсіндірді.
- Бұл шара негізінен мемлекеттік тілді білуге, үйренуге бағытталды. Басты мақсат – Қазақ елінің әдебиетін, мәдениетін дамыту, елімізде өсіп келе жатқан жастардың санасына патриоттық сезімді ұялату, ел азаматтарының бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, ардагер ұстаздарымыз бен өскелең ұрпақтың арасындағы байланысты нығайту болып табылады, - дейді комиссия төрайымы, №30 мектеп-гимназиясының мұғалімі Айнұр Хұсайнова.
Жастарды «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының мәтінімен таныстырып, мағынасын ұғындыру, бұл – басты мақсат. Өйткені, тұрақтылықты, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту, қоғам санасына «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын сіңіру өте маңызды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен қоғамдық рөлін арттыру қажет. Оны меңгеру арқылы әр азаматтың қоғамнан өз орнын табуына көмектесу, қоғамдық-саяси сауаттылықтарын арттыруға мүмкіндік ашылады.
Бұдан басқа, игі шара қала бойынша Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, мұнай және газ институты және инженерлік-гуманитарлық институтында да жалғасты. Сол сияқты, аудан орталықтарында да зор ұйымшылдықпен өтті.
- Біздің ата-бабаларымыздың мәңгілік арман-аңсары болған, рухымызды көтеріп, ұлы мақсаттарға жетелейтін Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – «Мәңгілік ел!». Ол ел болашағының ұраны, әрі жыр-әні, байлығы мен абыройы десе де болады. Оған жетуді мұрат тұтқан елдің тұрғындары тек нәтижелі еңбек пен тұғырлы оқу-білімге ғана арқа сүйеуі қажет. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты көтеріліп, бізді әлем мойындайды. Жер бетіндегі азулы 30 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын алады, - дейді диктант жазуға қатысқан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қажымұхан Есқалиев.
Еліміздің, жеріміздің бүтіндігі, ұлтымыздың дамуы бағытында осындай мағынасы зор, патриоттық сезімге үндейтін, рухымызды асқақтатып, ұлы мұраттарға жетелейтін игі-шаралар жалғаса берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал, оғанбаршақазақстандықтыңбелсенеатсалысуықажет.
Нұрислам ҒҰМАР.

Инновациялық басылымдар – кітапхана қорында

   Жақында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қорына жаңадан түскен «Сөйлейтін қаламдардың» өскелең ұрпақүшін қомақты олжа екендігі даусыз.Бұлардың бірі - жақында Алматыдағы «Ұлас - Электрон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған Ғалымбек Қызырбекұлының құрастыруымен жарық көрген «Электронды қазақ үй» атты заманауи электронды тәрбие құралы. Құралдың арнайы үш тілде дайындалған нұсқаулығында тілді дамытып, рухты көтеретін заманауи тәрбие құралы екендігі көрсетілген.
Аталмыш электронды құралға енгізілген шығармалар бес бөлімге топтастырылған. Бірінші бөлімінде – ертегілер, екінші және үшінші бөлімдерінде балалар әндері мен күйлері, төртінші бөлімде – дәстүрлі әндер мен отаншылдық рухтағы әндер енгізілген. Сонымен бірге, электронды көмекші құралдың бесінші бөлімінде бесік жырлары және Абайдың қарасөздері топтастырылған. Бұл электронды өнімге көмекші құрал ретінде шағын кітапшасы бар. Онда енгізілген шығармалардың авторлары, орындаушылары туралы мәліметтер берілген, қазақ ойшылдарының бала тәрбиесіне қатысты ұлағатты сөздері, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ізгі лебіздері енген.
   Қысқасы, «Электронды қазақ үй» балаларды тәрбиелеу құралы – қазақ балаларына рухани тәрбие беруге өте лайық дүние. Шағын ғана киіз үй сипатындағы дүниенің ішіне барлығы 1200 ертегілер, балаларға арналған шебер орындаушылардың орындауындағы әндер, күйлер өте талғампаздықпен топтастырылған. Осы алақандай «киіз үйдің» сиқырлы таяқша іспеттес «қаламы» (нұсқағыш пульті) бар. «Электронды қазақ үй» жобасының нұсқаулығында осы жобаның іске асуына екі жылдай уақыт жұмсалғандығы айтылған. Бұл тәрбиелеу құралын дайындау барысында ҚР Мәдениет Министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша дайындалған. Сондай- ақ Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, М. Әуезов атындағы әдебиет және тіл институты қолдау білдірген. Қысқасы, Электронды қазақ үйдің балаларды кітап оқуға баулып, рухани дүниеге сүйіспеншіліктерін оятары сөзсіз.
Кітапхана қорына келіп түскен тағы бір қомақты рухани дүниенің бірі – Нұралы Құдайбергенұлының құрастыруымен шыққан «Даналық әліппесі». Бұл - Астана қаласындағы «Interactiv Kazakhstan» («Интерактивті Қазақстан») Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде зияткерлік негізде дайындалған, он екі кітабы мен қаламы бар электронды жинақ. «Даналық әліппесі» «Интерактивті Қазақстан» компаниясында Жапонияның жаңа технологиясы бойынша жасалған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің сараптамасынан өткен.
   «Даналық әліппесі» кешенді құралы қазақ халық ауыз әдебиетінің мол мұрасын қамтиды. Бұған даналықтың рухани көзі болып табылатын рухани жәдігерлер жинақталып, жүйеленіп, топталып, жаңа «Сөйлейтін қалам» технологиясы негізінде көпшілікке ұсынылып отыр. Кітапта халқымыздың жыр –дастандары, ән- күйлері мен аңыз- әңгімелері, шешендік сөздері мен бата –тілектері зияткерлік негізде ұсынылған. Осы кешенді құралға енгізілген ауыз әдебиеті мұралары баланың туғаннан бастап жас және жеке ерекшеліктеріне сай рухани құндылықтар арнасында тәрбиелеуге, дамытуға, қалыптастыруға бағдарланып, бірізділік ұстанымы негізінде біртұтас күйде жүйеленіп берілген.
   Бұл заманауи электронды тәрбие құралдарын Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қорынан Өнер бойынша әдебиет секторынан таба аласыз.


Гүлжан Ескендір
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана әдіскері
Атырау . – 2015 . –11 шілде (№76).- 6 бет 

 

Мекес Төрешев тағылымы

 

   Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада жастардың рухани жан-дүниесін байытып, эстетикалық талғам- пайымын арттыру мақсатында өнер туралы әдебиеттерді насихаттау бағытындағы кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Соның дәлелі - «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, батыс өңірі дәстүрлі ән мектебінің марқасқалары Мұхит пен Ғарифолла мұрасының бірден-бір насихатшысы болған тарлан талант, марқұм Мекес Төрешұлының 75 жасқа толуына арналған «Әуелеп ұшқан ән ғұмыр» атты кеш.
   Шараға Атырау қаласындағы Энергетика және құрылыс колледжінің студенттері, мұғалімдері, кітапхана қызметкерлері, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Жиналған оқырман қауым назарына Мекес Төрешев шығармашылығы бойынша кітапхана қорындағы әдебиеттер туралы барынша толығырақ мағлұмат беретін слайд шеру ұсынылды.
   Кеш қонақтары – әншінің әріптесі, жиырма жеті жыл бойы бір ұжымда қызметтес болған Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Республикалық сал-серілер байқауының лауреаты, белгілі әнші- сазгер Елемес Мағазов және әнші қызмет еткен облыстық филармонияның байырғы басшысы, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық оркестрінің басшысының орынбасары Мереке Ғұмаров жиналған оқырман қауымға Мұхит пен Ғарифолла ән мектебінің туын аспандатып өткен Мекес Төрешевтің өнермен өрілген өмір жолындағы әр түрлі қызықты жайларды әңгімеледі.
   Шара барысында әнші- сазгер Елемес Мағазов болмысы бөлек әнші жайындағы естелік әңгімелерін өрбіте отырып, Мекестің орындауындағы «Шымыр», «Бағила», «Құдайым қызды маған үйіп берген» сынды әндерді нақышына келтіре орындап, оқырмандарға шат-шадыман көңіл- күй сыйлады.
Жалпы, өлкеміздің өнер әлеміндегі ақиығы Мекес Төрешевті еске алу кеші өнер туралы пікірлер айтылған тағылымды шара болды.
Шара соңында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана басшысының орынбасары Мейрамгүл Даулеткалиева сөз алып, оқырмандарға Мекес Төрешевтің өзі жоқ болса да, өнері халық жадында мәңгі жасай беретіндігін тілге тиек ете отырып, оның шығармашылығын насихаттау бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін айтты.


Гүлжан Ескендір
Ғ.Сланов атындағы облыстық
ғылыми әмбебап кітапхана әдіскері
Атырау. - 2015 . – 18 маусым (№67) . – 10 б.

 

 

Отарбаев оқулары көркем сөз оқу сайысымен қорытындыланды
Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығыныңиегері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі Рахымжан Отарбаев шығармаларының оқулары өтті. Шара барысында көркемсөз оқушеберлерінің облыстық сайысы ұйымдастырылды.

 

Қазіргі таңда бүкіл адамзат баласының санасын интернеттегі ойындар мен әлеуметтік желілер жаулап алғаны баршаға мәлім. Осы орайда жазушы-драматург Рахымжан Қасымғалиұлының шығармашылығын жан-жақты зерделеу және жастар арасында кеңінен насихаттау, кітап оқуға тарту, балғын оқырмандардың қабілетін жетілдіру, оларды қолдау мақсатында өткен бұл байқаудың тағылымы мол болғанын бірден-ақ атап айтқан ләзім.

Көркемсөз шеберлері додасының өткізілу тәртібі мен талаптарына келетін болсақ, әр қатысушы кітапхана ұжымы өздерімен бірге «Отарбаев оқуларын» өткізгендігі жөнінде фото-бейнеқұжаттарды сайысқа ала келді. Жұмыстарға осы құжаттар арқылы да баға берілді. Соңы көркемсөз жарысына ұласуы керек: Оқырман-талапкерлер жазушының «Біздің ауылдың амазонкалары» кітабына енген әңгімелері мен «Шыңғысханның көзжасы» атты туындысынан үзінді оқулары тиіс. Нақышына сай оқылып, мазмұн-мағынасы ашылуы үшін қатысушының әртістік қабілетіне де баға беріледі.
Отарбаев оқулары әуелі Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап кітапханасында «Қарасөзбен жырлайын» деген тақырыпта өткеніне куә болғанбыз. Облыстық балалар кітапханасында «Шешен тілді шебер суреткер», Атырау қалалық №1 кітапханасында «Теңіздей терең, даладай кең тұлға», Жылыой ауданында «Атыраудың дархан дарыны», Индерде, Құрманғазы ауданында «Талғамы биік дара тұлға», Қызылқоғада «Шабытты қалам иесі», Мақатта «Соғыстың соңғы бомбасы» тақырыбында оқырмандар конференциялары болып, соңында аталмыш байқау жалғасын тапқан болатын. Нәтижесінде екі облыстық, екі қалалық, жеті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен барлығы жиырма үміткер қатынасты.
Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский «Нағыз суреткер қаламынан туған дүние халықтық сипатқа ие болады. Халықтың мұң-қайғысы, арманы мен мұраты жеке бас мүддесінен жоғары тұрып, шын мәніндегі рухани құндылыққа айналады», деген екен. Шындығында да, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі, оның бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелері, жастардың жаппай қалаға үдере көшуі Рахымжан Отарбаевтың қаламынан туған дүниелерде шыншылдық пен суреттелген. «Нағыз өміршең шығарма өмірдің өзінен алынуы тиіс» деген академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың пікірі де осыған саяды.
Кешті ашқан Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев:
- Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова «Көрікті сөзден көркем ойды өрбітетін, шағын әңгіме-эсселері немесе повесть-романдары рухани құрғақшылыққа ұшырап талмаусырап, аңқасы кепкен оқырманның зәмзәм суын ішкендей шөлін қандыратын, қарасөздің поэтикасын жасындай жарқылдатып, жырға бергісіз етіп өрнектейтін, сол үшін де өзім жақсы көретін жазушыларым көп емес. Солардың бірі – Рахымжан Отарбаев» деген болатын. Бұл күнде шетел оқырмандарына да есімі мәшһүр болған қазақтың көрнекті жазушысы Рахымжан Отарбаев шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау, олардың ішінен таланттыларын анықтау және қолдау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында біздің ұсынысымыз бен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыс кітапханаларында осы шараны өткіздік. Соның қорытындысы – бүгінгі кеш, - деп атап айтты.
Ал, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың өзінің ойлы әңгімесі көрермендер жүрегіне жол тауып, сөздің парқын біліп, қадірін түсінетін жандарды ерекше тебірентті.«Адам өмірінде бір жұлдызды шақтар болады. Тірлікте талай алтынмен апталып, күміспен қапталған сәулетті сахналарда пьесаларым тамашаланып, жұртшылық жүрегінен орын алғанын көрдім. Керемет жұлдызым жанған сәттер де болды. Жер бауырлай өкінген кездерім де бар шығар. Қазақ пен қырғыздың әйгілі сахналарын көрдім. Бір ғана нәрседен сескенемін. Мен ешкімнен сөз сұрайтын адам емеспін. Сөзқадірін де бір адамдай танимын. Алайда, «туған топырақтағы аға-апалар, іні-қарындастар меніңжазған дүниелеріме қалай қарайды?» деген ой көңіл толқытатыны сөзсіз. Ол — туған жерге деген мінәжат. Туған елге деген құрмет.
Менің жазушы деген атаққа ие болуыма көптеген адамдардың еңбегісіңді. Сонау 1981 жылы 1 қыркүйекте «Мәскеу-Алматы» жүрдек пойызына өрмелеп мініп, бірнеше күн сапар шегіп Алматыға жеткем. Қонақ үйлер мен жатақханалардан бір орын табылмай, бәтеңкемді басыма жастанып Панфилов паркіне түнегенім есімде. Сонда «менің соңымнан отыз жылдан кейін туған жерден ұшып келген қарлығаш» деп қолымнан жетелеп, жол көрсеткен Жұмекен ағамды, үйіне шақырып, ақкөңілі мен аңқылдап жүріп көмегін берген қазақтың абыз да, әулие ақыны Әбу Сәрсенбаевты, шашы ақкүмістей жарқыраған қазақтың талантты да, біртуар сыншысы Зейнолла Серікқалиев ағамды, қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаны қалай ұмытайын?!
Әлі есімде, Алматы да пәтер жалдап, қиналып жүрген кезімде әйгілі ақын Олжас Сүлейменов үйіне шақырып, сейфтен 1 мың сом алып қолыма ұстатқан: «Қиналып жүрсіңғой, көмегім болсын» деп. Өмір желі олай-бұлай толқытып, сынға салған сәттерде Олжас ағамның сол кейпі көз алдымда тұратыны рас. Мен қиналып жүрген кездерде қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов дос көңілімен демеу болды. Ол кісімен он екі жыл бойы бірге жүрдік, ДОС болдық. «Әлемнің Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов менің жазған дүниелерім туралы «Рахымжан – қазақтың интеллектуалды прозасының жолбасшысы» деген болатын. Сол жандарға басымды иемін. Жақсылықтарын ешқашан ұмытқан емеспін. Ұлым Ермерейге де осыны аманат етемін. Осы кешті ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиевке, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиевке, Ғ.Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлжанай Қалиеваға және барша қатысушыларға алғысымды айтамын» деп жазушы жүрек жарды тілегін арнады.
Сонымен, дулы доданың жүлдегерлерін ұлығылайтын сәт те келіп жетті. Гран-При иегері – Атырау облыстық ұлттық гимназияның 10 сынып оқушысы Ақтыныс Мақсотова. Бірінші орынды Индер ауданының Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Жібек Зинелова қанжығасына байлады. Ал, екінші орынды Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 9 сынып оқушысы Ораз Елмұрат пен Атырау медицина колледжінің студенті Бекзада Қадырбайқызы бөлісті. Үшінші орын Дамбы ауылындағы Амангелді орта мектебінің 11 сынып оқушысы Фариза Мұстахимоваға, Индер ауданындағы көп бейінді ауылшаруашылығы колледжінің студенті Айдана Төлентайға, Құрманғазы ауданындағы Гагарин орта мектебінің 8 сынып оқушысы Марта Сидағалиеваға бұйырды.
Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының арнайы сыйлығымен Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 9 сынып оқушысы Жақсылық Апуажанов пен Атырау қаласындағы №35 мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы Мархаба Оразова, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арнайы сыйлығымен Х.Досмұхамедов атындағы университет студенті Әди Жоламанұлы мен Жылыой ауданындағы Есқайыр Халықов атындағы №7 орта мектептің 9 сынып оқушысы Бақтыгүл Үмбетова марапатталды. Барлық қатысушыларға Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы атынан алғыс хаттар мен 10 мың теңге көлемінде сый ақы табыс етілді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Атырау.-2015.-№62.-6 маусым

Адамның ақылшы досы...
Кітаптың орны қашанда бір бөлек. Жақсы кітап оқырманын рухани жаратылыстың биік шыңына көтереді. Адам санасына ұлы күштер береді, тәрбиеші, тәлімгері бола алады. Атырау қаласындағы Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Хайроллақызы Қалиевамен сұхбатымыз кітапханадағы игілікті жұмыстар бағытында өрбіді.
- Гүлжанай Хайроллақызы, кітап қашанда рухани қазына құндылығымыз болып қала береді. Алайда, заман өзгерістері адамдарды кітап оқуға деген құштарлықтан алшақтатып әкеткен жоқ па?
- ХХІ ғасыр толассыз ақпарат ғасыры, соған сәйкес озық технологияның өрлеп тұрған заманы. Кітаптан басқа ақпарат көздерінің көбеюі, әрине кітаптың оқылуына өз әсерін тигізбей жатқан жоқ. Бүгінгі оқырман ғаламтордағы немесе кітапханашы ұсынған дайын ақпаратты алып кетуге асығып тұратыны жасырын емес. Дегенмен, кітап қағазының иісін сезіне отырып, кітап оқу ләззатын ештеңе алмастыра алмайтынын терең түсінетін оқырмандар әлі де бар. Кейбір дамыған шет мемлекеттерде кітап оқуға қайтадан бетбұрыс жасалуда. Бүгінгі оқырман талабына сай мазмұнды кітаптар көптеп басылып шығып жатса, ол кітап міндетті түрде оқылады деп толық айта аламын.
- Атырау облыстық кітапханасының құрылу тарихы ертеректен бастау алатынын білеміз. Кітап қоры да бай шығар? Жаңа ғимаратқа қашан көштіңіздер? Тарихи деректеріңіз несімен ерекшеленеді?
- Атырау облыстық кітапханасының құрылу тарихы сонау 1920 жылдан басталды. Кітап қоры аса бай десек артық айтқандық болар. Өйткені, бұл кітапхананың әуел бастан тұрақты бейімделген ғимараты болмай, бірнеше рет көшірілгенін бәріміз білеміз. Бұл дегеніңіз, кітап қорының сақталымына кері әсерін тигізгені белгілі. Бүгінде 305 970 дана кітап қоры, оның ішінде 400- ден аса сирек кездесетін кітаптар бар. Кітапхана тарихына көз жүгіртсек, айтулы жаңалықтардың көбі үстіміздегі мыңжылдықта болған екен. Айталық, 2000 жылы әуелі кітапханалық АБИС, кейіннен жетірілдірілген РАБИС бағдарламасы бойынша кітапхананың электронды каталогі жасақтала бастады. 2001 жылы ҚР Үкіметінің 21 шілдедегі № 1000 қаулысымен кітапханаға жерлесіміз,көрнекті жазушы Ғабдол Сланов есімі берілді. 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығына орай кітапхана базасында «Махамбет – 200» , 2004 жылы «Мәдени мұра» және кітапхананың веб – сайттары жасақталды. 2005 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мемлекеттік департаменті мен кітапхананың өзара ынтымақтастығы нәтижесінде Американдық ақпарат орталығы ашылды. 2006 жылы кітапхана мемлекеттік мекеме мәртебесін алды. 2009 жылы, өзіңіз білесіз, көп жылдар бойы арман болған жаңа типтік ғимаратқа ие болдық. 2011 жылы «Атырау кітапханалары» кітабы жарыққа шықты.
2013 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жыл кітабына жерлесіміз, ақын, Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың «Дауа» лирикалық жыр кітабы таңдалған болатын. Өткен жылдың қазан айында Атырау жерінде ақын қызының абыройы аспандап, облыстың басты ақпарат орталығы, қара шаңырақ – Ғ. Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Атырау облысының әкімдігінің қолдауымен «Мен ақынмын, әйелмін әлемді ойлар» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқан, «Қазтрансойл» АҚ Бас директоры, басқарма О. Кенжетаев, төрағасы Қайыргелді Мақсұтұлы А. Ғабитова, Е.Қабылдин, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы Акционерлік қоғамының Призиденті кеңесшісі Мұхамет Жұманазарұлы Көпей, Атырау қаласының Құрметті азаматы Нұрпейіс Мақашұлы Мақашев, «Елорда» баспасының редакторы Мария Қайыржанқызы Абдрахманова, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы бас директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы Исаханова, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр Өтегенұлы Жүсіп, жазушы, өлкетанушы, ҚР Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі Өтепберген Әлімгерейұлы Әлімгереев, филология ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы «Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру Институты» басшысының орынбасары Алтыншаш Сағиқызы Тәжіғалиева, сондай – ақ, барлық сала мен жүйелік кітапханалардың басшылары мен кітапханашылары, Атырау қаласының зиялы қауымы қатысты.
Кітапхана қоры қалай толықтырылып келеді? Атырау өңірі талантты ақын жазушыларымен ел әдебиетінде ойып орын алған өлке. Жерлес жазушылармен тығыз байланыста боларсыздар?
- Кітап қорының басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша республика баспаларынан жарыққа шыққан әдебиеттер есебінен толықтырылады. Кейбір авторлар өз кітаптарын сыйға береді. Сондай – ақ, «Кітапханаға кітап сыйлайық» дәстүрлі акциясы бойынша оқырмандар үй кітапханаларын сыйға тартады. Әрине, жерлес ақын – жазушылармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Кітапханамыздың 40 жылдан аса оқырманы болып келе жатырған ақын, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыр Жүсіп, жазушы – өлкетанушылар: Аманғали Әміржанұлы, Төлеген Жаңабайұлы, Өтепберген Әлімгерейұлы, ақындар: Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Жеңіс Аронов, Өмірзақ Қажымғалиев тағы басқалар. Олар кітапханада өтетін шараларға үнемі қатысып, әрбір жарыққа шыққан кітаптарының тұсаукесерлерін кітапханада өткізіп, кітапхана қорына сыйлауды дәстүрге айналдырған. Көзі тірісінде жазушы – драматург Берік Қорқытов атамыз кітапхананың досы әрі қамқоршысы болған еді.
- Ең тұрақты оқырмандарыңыз кімдер? Олар кімдерді, қандай тақырыптарды оқиды? Сұраныстарды толық қанағаттандыра аласыздар ма? Қазіргі жастардың кітапқа деген қызығушылығы қалай?
- Тұрақты оқырмандарымыз зейнеткерлер, 35 – 50 жас аралығындағы оқырмандар, оның ішінде жоғарғы оқу орындарының ұстаздары, ғылыми қызметкерлер, мектеп оқушылары мен оқу орындарының оқушылары, колледж студенттері мен жоғарғы оқу орындарының студенттері, тәрбиешілері және т.б. Тұрақты оқырмандарымыз баршылық, атайтын болсақ, Х. Жантілеков (1928), А. Байымбетов (1937), Н. Галиев (1937), Ю. П. Чеснаков, Н. Рыспаев, С. Мұханбетова, С. Шутаева, О. Кенжетаев, Ж. Рахишев, А. Ғабитова, Е. Акмурзиев, А. Хайреденова, Г. Рахметова, Ә. Рахметова, П. Свечников, Ш. Едігеев және басқалар. Оқырмандарымыздың сұраныстары әртүрлі жанырда: тарихи роман, повестер, эсселер, өмірбаяндық шығармалар және әртүрлі ғылым салалары әдебиеттері.
«Өнегелі өмір» сериясымен шығатын белгілі қоғам қайраткерлері туралы, қазақ орыс ақын – жазушыларының көп томдық таңдамалы шығармалары және т.б. әдебиеттер үлкен сұраныста. Көп сұралатын әдебиеттер қатарына М. Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясын, І. Есенберлиннің «Көшпенділерін» С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуін», С. Жүнісовтің «Ақан серісін», Қ. Жұмаділовтің «Дарабозын» жатқыза аламыз, сондай – ақ, Махамбеттің, Жұмекен Нәжмеденовтің, Бауыржан Момышұлының, Хамза Есенжановтың, Әкім Таразидың, Тахауи Ахтановтың, Әзілхан Нұршайықовтың, Әбдіжәлім Нүрпейісовтің, Н. Әбуталиевтің, Р. Тоқтаровтың, Мұхтар Мағауинның таңдамалы шығармалар, Нұрғали Ораздың, Дүкенбай Досжанның, А. Мекебаевтың, Оралхан Бөкейдің, Әбіш Кекілбаевтің, Зейнеп Ахметованың, Ділда Матайқызының шығармаларын, поэзия жанырынан А. Құнанбаевтың, А. Байтұрсыновтың, Т. Айбергеновтің, Қадыр Мырза Әлидің, М. Шахановтың, Ф. Оңғарсынованың, Н. Әжіғалиевтің, А. Бақтыгерееваның, «Жас толқын» сериясымен шығатын жас ақын – жазушылардың шығармалары, жерлес ақын қыздарымыз М. Ершудың, Г. Ниетқалиеваның, Б. Бабаштың шығармалары, «Атырау ақын – жазушылары» атты сериямен шыққан 100 томдық «Қазына» кітабына енген Махамбет, Мұрат, Жұмекен және тағы басқалары жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Сұраныстарын барынша қанағаттандырып, біздің кітап қорында болмаған кітаптарды ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Құжаттарды электронды жеткізу» қызметі арқылы сұраныс беріп алдыртып береміз. Сұранысты сканерлеп, оқырманның электронды поштасына жіберу, флешкаға көшіріп беру, көшірмеге түсірусияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Қазіргі жастардың кітапқа деген қызығушылығы дәл бұрынғыдай деп айта алмаймын. Дейтұрғанмен, кітап оқитын жастар баршылық.
- Облыстық кітапхананың заманға лайық үрдістенуі қалай жүргізілуде?
- Жоғарыда айтып кеткенімдей, 2000 жылы алғаш электронды каталог жасақтау жұмысы басталды. Қазір бұл жұмыс жалғастырылуда. Сонымен қоса РАБИС бағдарламасының «Оқырман тіркеу», «Іздеу. Сұраныс» қызметі жұмыс тәжірибесіне енгізілді. 2007 жылы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы базасында жүзеге асырылып жатырған Қазақстандық Ұлттық Электрондық кітапхана» «Мемлекеттік электрондық кітапханалық қор»/ҚазҰЭК/ кітап қорына алғашқылардың бірі болып өлкетану бағытындағы кітаптар енгізілді. Бүгінде аталған кітапхана қорында біздің өлкеге қатысы 115 кітаптың электронды нұсқасы орналасқан. ҚазҰЭК порталына оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатында біздің кітапхана қорында жоқ әдебиеттерге сұраныс бере аламыз. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында өткен жылы кітапханаға «Элар – Скан» кітап сканерін сатып алдық. Оған қоса кітапханадағы өз баспа өнімдерімізді шығару үшін түрлі – түсті үлкен принтер алынды. Жалпы кітапханада әрбір жұмыс орны компьютерлендірілген. Дәстүрлі жұмыс түрлерімен қатар оқырман – пайдаланушылар үшін «Құжаттарды электронды жеткізу»/ҚҰЖ – ЭДД/, «Виртуальды анықтама қызметі»//ВСС/ жүзеге асырылып отыр.Оқырман – пайдаланушыларға құқықтық анықтамалық қызмет көрсету үшін ҚР Ақпарат орталығының «Параграф» құқықтық – ақпараттық жүйесі жұмыс жасайды. Облыс көлемінде қабылданған қаулылар, шешімдер екі тілде «Адам құқығы бойынша сандық кітапханада» көрініс тапқан. Ғаламторда кітапхананың сайты / www.atyraulib.kz/ орналасқан.
- Электрондық кітаптарға көшу бағытында тәжірибелеріңіз қалай? Кітапхана жаһандық байланыстар заманында мәдени орталармен қандай қарым – қатынастар орнатуда?
- 2007 жылы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы базасында жүзеге асырылып жатырған Қазақстандық Ұлттық Электрондық кітапхана «Мемлеккетік электрондық кітапханалық қор» /ҚазҰЭК/ кітап қорына алғашқылардың бірі болып өлкетану бағытындағы кітаптар енгізілді. Бүгінде Қазақстандық Ұлттық Электронды кітапхана қорына біздің өлкеге қатысты 115 электронды кітап орналасқан. Бұған қоса жаңа кітаптардың өздерімен бірге келетін электронды нұсқалары бар. Кітап қорының толық электронды нұсқасын жасау болашақтың еншісінде. Әрине, дәстүрлі кітаптар да өз мәнін жоймады, кітап қорында сақталады.
Кітапхана қаладағы барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен, мекеме, кәсіпорындармен екі жақты келісім – шарт негізінде тұрақты байланыстажұмыс жүргізіп келеді. Студенттер мен ұстаздар өткізілген көпшілік шараларға үнемі қатысады. Мекеме, кәсіпорындардың сұранысы бойынша көшпелі кітап көрмелері, слайд – шоулар апарылып тұрады. Облыстық Қарттар үйі, Мүгедектерді оңалту орталығы, «Атырау» қайырымдылық мекемесінде кітап беру нүктелері жұмыс жасайды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, 2005 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің Мемлекеттік департаменті мен кітапхананың өзара ынтымақтастығы нәтижесінде американдық ақпарат орталығы ашылды. Бұл орталықта шетел азаматтарының қатысуымен түрлі шаралар өтеді. Бұл жерде ерекше тоқталып кететін бір жайт, 2012 жылы аталған серіктестік нәтижесінде АҚШ елшілігінің қаржыландыруымен «Америка кітапханалары» бағдарламасы бойынша АҚШ-ң 7 штатында іскерлік сапарда болып қайттым.
- Бөлімдер жұмысына тоқтала кетсеңіз.
- Кітапханада 6 бөлім жұмыс жасайды:
- Кітапхананы дамыту
- Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету
- Кітапхана процестерін автоматтандыру
- Оқырмандарға қызмет көрсету
- Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру
- Негізгі қорларды сақтау бөлімі
Кітапхананы дамыту бөлімі облыстағы 155 кітапхананың жұмысын үйлестіріп, бағыт – бағдар беріп отыратын бөлім. Облыс кітапханаларының сандық және жазбаша есептері осында қабылданады, талдау жасалады. ҚР Ұлттық Академиялық және басқа облыстық кітапханалардан түскен қызметтік хаттар, түрлі семинарларға шақыртулар, сайыстарға қатысу жөніндегі хабарламалар осы бөлім арқылы аудандық, ауылдық кітапханаларға жеткізіледі. Кәсіби білім жетілдіру курстары, жас кітапханашыларға арналған кітапханалық сабақтарды бөлім әдіскерлері жүргізеді.
Ақпараттық – библиграфиялық қамтамасыз ету бөлімі оқырман – пайдаланушыларға ақпараттық қызмет көрсетеді. ҚР Ұлттық кітапхана базасындағы Қазақстан кітапханаларының біріккен каталогіне /КЦКК/ тоқсан сайын мерзімді басылымдар бойынша өлкетану сипатындағы жазбалар жіберіледі. Бөлімде өлкетану секторы бар. РАБИС бағдарламасы негізінде қазақ және орыс тілдерінде өлкеге қатысты кітап қорындағы материалдардың электронды деректер қоры, «Атырау» толық мәтінді деректер қоры жасақталған. «Виртуальды анықтама қызметі» осы бөлімде жүзеге асырылады. Оқырман – пайдаланушыларға құқықтық анықтамалық қызмет көрсету үшін ҚР Ақпарт орталығының «Параграф» құқықтық – ақпараттық жүйесі, облыс көлемінде қабылданған қаулылар, шешімдерден тұратын «Адам құқығы бойынша сандық кітапхана» жұмыс жасайды.
1 курс студенттері мен жоғары сынып оқушылары үшін библиографиялық сабақтар өткізіледі. Жаңа түскен әдебиеттерден бюллетендер, ашық кітап көрмелері жасақталады, ай сайын жергілікті басылымдарда жаңа әдебиеттер тізімі жарияланады.
Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімі облыс кітапханаларының қолданыстағы жинақты электронды каталогін құру және дамыту, кітапхана сайтымен жұмыс, құжаттарды электронды жеткізу, Қаз ҰЭК арқылы оқырман сұранысын орындау, Интернет жүйесіндегі тораптық қорлармен жұмыс, облыс кітапханашыларын жаңа ақпараттық технологияны меңгеруге үйрету жұмыстары жүзеге асырылады.
Интернет жүйесінде жұмыс жасауға мүмкіндік беретін 20 адамдық интернет залы осыбөлімге кіреді. Интернет залда ай сайын «Интернет, электронды пошта қызметінің мүмкіндіктері» атты оқырмандарүшін сабақ, тоқсан сайын «Интернет және мен» «Электрондық қорларды пайдалану тиімділігі» тақырыбына ақпарат сағаттары өткізіледі.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде бірнеше секторлар бар. Тіркеу және бақылау секторында оқырман кітапханаға тіркеледі. Абономент секторында көркем әдебиеттер 15 күнге, ғылым салалары бойынша әдебиеттер 2 – 3 күнге үйге беріледі. Абономентте «Сөз шырайын келтірген өлкенің дарабоздары» атты жергілікті ақын – жазушылар мерейтойларына байланысты, қазақ ақын – жазушыларының шығармашылығын насихаттауға бағытталған кітап көрмелері жасақталады. Жас оқырмандарға кітап таңдауда түрлі кеңестер беріледі. Оқу залдары салалық әдебиеттер, өнертану, ғылыми қызметкерлер, мерзімді басылымдар болып бөлінеді. Мұнда да тақырыптық көрмелер, «Хабарлар. Оқиғалар. Деректер» атты апта сайын жаңартылып тұратын көрмелер жасақталады.
Құжаттарды жинақтау, өңдеу, және каталогтарды ұйымдастыру бөлімі мемлекеттік тапсырыс бойынша республика баспаларынан түскен жаңа әдебиеттерді қабылдайды, жолдама құжаттарын толтырады, облыс кітапханаларына бөледі. Жинақты, алфавиттік және жүйелік каталогтарға дәстүрлі карточкаларды құяды және электронды каталогқажазбалар енгізеді. Мерзімді басылымдарға жазылу, күнделікті кітапханаға түсуіне бақылау жасайды, кітап қорының есебін жүргізеді.
Негізгі қорларды сақтау бөлімінде аты айтып тұрғандай кітап қорының басым бөлігі сақталған. Бөлімде кітап қорының орналасуын бейнелейтін топографиялық каталог жүргізіледі. Облыс кітапханаларынан түскен сұраныстар кітапхана аралық абонемент /КАА/ арқылы орындалады. Бөлім қызметкерлері ҚазҰЭК – сына ұсынылатын әдебиеттерді іріктейді.
- Кітапхана жұмысына жан беретін кітапханашылар екені белгілі. Қызметкерлеріңіздің тартымды да мазмұнды жұмыстарын айта отырсаңыз.
- Кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі ғимараты болса, кітапханашы сол ғимараттың шырақшысы. Кітапхана мамандарының басым бөлігі көп жылдан еңбек етіп келе жатырған өз ісінің нағыз майталмандары десекте болады.
Былтырғы жылы дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың «Дауа» лирикалық жыр жинағы жылдың ең үздік кітабы болып танылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы акция аясында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы бойынша Кітапханалық блогтардың Халықаралық байқауын жариялаған болатын.
Біздің кітапхана осы байқауға «Үздік тақырыптық блог» номинациясы бойынша қатысып, «Жыр ғұмыр» http://zhir-gumir. blogsport.com атты блог әзірледі. Нәтижесінде жүлделі 1 – орынды иеленді. Блог материалдарын әзірлеуде, блогка орналастыруда Кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскері Мейрамгүл Қажмолдина мен Кітапхана үдерістерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Назаргүл Самаликованың еңбектерін айрықша атап өтер едім.
Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы туралы Анықтама библиографиялық бөлім меңгерушісі А. Мұқашева дайындаған «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты библиографиялық көрсеткіш ақын шығармашылығын республика көлеміне кеңінен танытқан толыққанды дүние болды.
ҚР Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған «Мұхтар Әуезовты оқимыз» атты халықаралық акцияға кітапхана атынан ұсынылған «Мир знает и помнит» атты библиографиялық шолу материалдарын әзірлеуге оқу залдары секторының меңгерушісі С. Мусағалиеваның еңбегі зор.
Кітапхана жұмыстарын ұйымдастыру және дамыту бөлімінің меңгерушісі М. Сисеналиева Х. Досмұхамедов атындағы АМУ «Ақпараттық әлеміндегі кітаптың әлеуметтік және мәдени маңыздылығын арттырудағы әдістемелік қызметтік ролі» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстелге қатысып «Ақпараттық білімберу кеңістігіндегі кітапханалық программалардың тимділігін арттыру» тақырыбында хабарлама жасады. Әдіскер Гүлжан Ескендір Атырау инжинерлік гуманитарлық институтында өткен «Кітапхана және ғылым» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысып «Ғылым салаларын насихаттаудағы кітапхананың басым бағыттары» тақырыбында баяндама жасады.
Жастарды кітап оқуға шақыру, оқу мәдениетін көтеру мақсатында тікелей эфирге шығып сөйлеген абонемент секторының меңгерушісі Б.Нсанбекова мен кітапханашы Ғ. Байешеваның есімдерін де атап кеткеніміз жөн.

Әңгімелескен Светлана Муньянова
Бизнес инфо Атырау.-2014.- №11.- 28 сәуір

«Тәуелсіз елдің тұғыры – Ата Заң»

Осындай атаумен Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында 23 тамыздан бастап кітап көрмесі ұйымдастырылуда.
Кітап көрмесінде жас оқырмандарға еліміздің қолданыстағы заңының негізгі қызметі мен ерекшелігі, заман талабына сай заңды білу қажеттілігі туралы сөз ететін «ҚР Конституциясы», «Мен Қазақстан азаматымын», Г.Сапарғалиевтың «Заңға құрмет, әлеуметке - әділет», «Қазақстан: мемлекеттік кезеңдері» және де Ата заңымызды қазақ халқының ежелден қастерлеп құрметтеуі, заң дәстүрін орындаудағы ерекшелігі туралы баяндайтын 10 томдық «Қазақтың Ата Заңдары», «Қазақстанның құқықтық және саяси ой тарихының хрестоматиясы» атты әр жылдарда жарық көрген еңбектер қойылған.
Сондай- ақ газет- журнал беттеріндегі жарияланған ғылыми мақалалар да бар.
- Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – жас ұрпақты Ата Заңымызды құрметтеуге тәрбиелеу Кітапханамызға бас сұққан әрбір оқырман кітап көрмесін тамашалай алады. Айта кетейін, көрме тамыз айының 30 - надейін жалғасады., - дейді кітапханашы Сымбат Байзақова.

Дайындаған:
Балнұр Сапарова
«Мұнайлы Астана».- 27 тамыз.- 2014.- 5 бет

Тұшындырған «Жусан иісі»
Жуырда Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қызметкерлері облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне келіп, ардагерлермен жүздесті. Аталған кітапхананың бөлім меңгерушісі Н.Самалықова мен кітапханашылар Ж.Байымбетова, Б. Дәулетова қарттар үйі тұрғындарына «Бір ел – бір кітап» акциясы туралы айтты.
Жасыратыны жоқ, халық арасында көркем шығармаларды оқуға деген құштарлық бәсең екен. Бұл, бір жағынан, электронды ақпарат айдынының кеңдігі болса, екінші жағынан, «уақыт жоқ» деген желеу болса керек. Осы күрмеуі қиын мәселеге орай 2007 жылы Астанада өткен Халықаралық оқу конгресінде «Бір ел – бір кітап» атты акция өткізу қолға алынған болатын. Акцияның беташары ретінде Абайдың «Қара сөздері» таңдалыпты. Одан кейінгі жылдары М.Әуезовтың «Қилы заман», М.Жұмабаевтың «Сен сұлу», Ж.Молдағалиевтің «Мен - қазақпын», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» атты туындылары аталған акцияға арқау болған. Ал, өткен жылы республика оқырмандарының назарына белгілі ақын, жерлесіміз Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты жыр жинағы ұсынылды.
Биылғы таңдау қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы мен болмыс-бітімі бар көркемсөздің хас шебері С.Мұратбековтың «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» атты шығармаларына түсіп отырған көрінеді.
Жастардың «Жусан иісінің» кейіпкерлері туралы айтқан әсерлі әңгімелері қариялар үшін айрықша тұшымды болды.

Кенже Әбілғазиев
Облыстық қарттар үйі тұрғыны
Атырау. – 5 тамыз (№88). – 10 б.

Жыл таңдауы «Жусан иісі»

Бүгінде технология дамыған дәуір десек те, кітаптың орнын ештеңе ауыстыра алмайды. Кітаптың қасиеті мәңгілік. Ол қасиет өзін қоғамның белді мүшесімін дейтін әрбір адамның бойына дарығанда ғана өмір нұрлы болмақ. Өйткені, «Оқымасаң ой тоқырайды» демекші, оқу, білім тоқтаған жерде рухани өсу, жетілу тежеледі. Қазір жұрт кітаптан өзеуреген көсемсымақтардың, данышпансыған жалпақшешейлердің ақылгөйсінген құрғақ ақылдарынан гөрі рухани жан дүниесін ләззатқа бөлейтін, нақты өмір шындығын бейнелейтін көркем дүниені іздейтіні сөзсіз.
Дей тұрғанмен де, ақпарат құралдарының және жаңа технологиялардың көбеюі салдарынан көркем әдебиетті оқуға қызықпаушылық белең алуда. Бұл жағдайдың бүкіл әлем зиялыларын алаңдатып отырғаны анық.
«Кітаптың иісін сезбейтін ұрпақ бостандықтың да қадірін білмейтін болады. Кітап арқылы өз жолыңды таңдайсың. Шын білімге ұмтыла аласың. Электронды құралдарға қарап тұрып ауызша әдебиеттің заманын көргендей боламын. Дегенмен, бұлар кітаптың орнын толтыра алмайды» - деп атап көрсетті қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.
Ал, әйгілі ғұлама Лион Фейхтвангер: «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» деген екен.
Жастар арасында көркем әдебиетті оқуға деген құштарлықтың бәсеңсуі күрмеуі қиын күрделі мәселеге айналып отыр. Осыған орай, Астанада 2007 жылы сәуір айында өткен Халықаралық Оқу Конгресінде АҚШ-тың Чикаго университетінің профессоры Маргарета Тэкс Чолдин бастамасымен сол елде жыл сайын «Бір ел – бір кітап» акциясы өтетіндігі айтылып, осы игі дәстүрді Қазақстанға енгізу бірауыздан мақұлданды. Сөйтіп, жастар арасында көркем әдебиетті насихаттауды дамыту мақсатында осы акция бойынша жұмыстар өрістетілді. Акцияның беташары ретінде Абайдың «Қарасөздері» таңдалды. Одан кейінгі жылдары М.Әуезовтың «Қилы заман», М.Жұмабаевтың «Сен сұлу», Ж.Молдағалиевтың «Мен - қазақпын», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты туындылары әр жылдардағы «Бір ел – бір кітап» акциясының арқауына айналды. Өткен жылы аталмыш акция аясында республика оқырмандарының назарына белгілі ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» жыр жинағы ұсынылған еді.
Жақында Астанада акцияның ұйымдастыру алқасының кезекті отырысы академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өтті. Бұл жиында республика оқырмандары ұсынып отырған Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді», Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармаларын зиялы қауымның таңдаулы өкілдерінен құралған акцияның ұйымдастыру алқасы қызу талқыға салды. Салиқалы да, парасатты ойлар айтылған пікіралысу нәтижесінде және республика оқырмандарының ұсыныстарын сараптай келе биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» акциясының арқауы болатын шығарма анықталды. Таңдау - қазақ прозасында ерекше болмыс бітімі бар, Кеңес дәуірі кезінде оқырмандарын өзінің соны туындыларымен баурап алған, сөз зергерлерінің бірі, көркем сөздің хас шебері атанған халқының сүйікті жазушысы Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» атты хикаяты болып отыр. Талқылау барысында оның шығармаларының ел болып жұмыла оқуға лайық екендігі, әлеуметтік мәнінің тереңдігі тілге тиек етілді.
Соғыс салған жараның адамдар жүрегін солқылдатқан солқылын «Жусан иісіндегі» бір аяғын сылти басатын Аян бейнесі арқылы шебер бейнелеген жазушы Сайын Мұратбеков әдебиеттің алып бәйтерегінің бірі Бейімбет Майлин салған соқпақты даңғыл жолға айналдырып, оның көркемдік мектебін жаңа биікке көтерген классик жазушы.
«Алыста қалған балалық шағым... Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай сүйретіп, ес қалмай далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен : «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын»,- деген жалынышты үнін естимін», - деп басталатын шығарма есіңізде ме?
Иә, иә, Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» атты хикаяты. Бұл шығарманы оқығанда соғыс жылдарындағы балалардың тағдырына жаны ашып егілмей бей – жай қалу мүмкін емес шығар, сірә?!
Әсіресе шығарманың: «Ауыл жақтан «Аттан! Аттан!» деп жер көкті басына көтере айқайлап, шолақ қол бригадир Тұржан да жетті. Армия қатарынан жақында ғана қайтқан, сол қолын оқ жұлып кеткен, бірақ өзі аса қатыгез, мейірімсіз адам еді. Келген күні- ақ: «Қан көріп, қаным бұзылып келді...» деп, үйіне жиналған қатын-қалаш, кемпір-шалдың зәресін алған. Бригадир болып тағайындалғаннан кейін, жұмсағанда тілін қайырған талай әйелдер мен жасөспірім балаларды әлімжеттік етіп сабаған. Қазір сол Тұржан жүгіріп жеткен бойда қораның артында төрт бүктеліп шырқырап жатқан Аянды дәу табан керзі етігімен теуіп кеп жіберді. Аян қалпақша қалқып барып анадай жерге түскен.
...Әлдекім келіп былқ-сылқ етіп жатқан Аянды көтеріп алды. Қарт адамның даусы:
Иттің баласы, пәшиске берген қолыңның құнын осы қаршадай жетім баладан алайын деп пе ең. Өй, есірік... - » деп ақырды Тұржанға... деп келетін тұсында онсызда тағдырдан теперіш көріп келе жатқан Аянды аяп, автормен бірге ызаң қайнайды. Жетім баланы аяйсың., егілесің.
«Жусан иісінде» ешқандай басы артық сөз, орынсыз суреттеу деген жоқ. Оқып отырып, соғыс уақытындағы ауыл өміріне, көңілдері қырық жамау ауыл адамдарының, Аянның ертегісін бірге тыңдап жүрген ауыл балаларының тыныс- тіршілігінен өзіңді де тысқары қалдыра алмайсың.
Ертегі демекші:«Біз ертегілердің бәрін Аянның өзі ойлап шығаратынын оған пәлендей мән бермеуші едік» деп жазушы ертегіші баланың «сырын» бүкпесіз айтып отырады да әрі қарай : «Кешкісін тесік пималарымыз бен сырма шарықтарымыз зілдей боп, шылқылдап су өткеніне қарамастан, ат қораның төбесіне тартатынбыз...» деп күнде ертегі тыңдауға жиналатынын суреттейді .
Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының арқауы болып отырған жазушы Сайын Мұратбековтың шығармалары ең көп оқылып келе жатқан туындылардың қатарында болып келді. Оның шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, азербайжан, араб, литвалықтардың тілдеріне аударылып басылған. Сайын Мұратбеков тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Ол өзінің қай шығармасында да оқырманын ә дегеннен –ақ баурап алып кетеді. Сайын Мұратбековтың шығармалары – сымбаты бөлек сырлы әлем. Оның «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Қалың қар», «Отау үй», «Жабайы алма» атты прозалық кітаптары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазына.
Қорыта келе айтарымыз, Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» атты шығармасын оқымаған болсаңыз оқып шығыңыз, немесе қайталап тағы бір оқыңыз, балаларыңызға оқуға кеңес беріңіз. Биылғы «Бір ел – бір кітап» атты республикалық акциясы аясында ел болып жұмыла оқитынымыз осы болмақ.

Гүлжан Ескендір,

Ғ.Сланов атындағы Облыстық ғылыми әмбебап кітапхана әдіскері.

Сахара. – 2014. – 20 наурыз (№11-12). – 11 б.

«Жусан иісі» - биылғы жылдың басты шығармасы

Кітаптың орнын ештеңе ауыстыра алмайды, өйткені, оның қасиеті мәңгілік. «Оқымасаң ой тоқырайды» демекші, оқу, білім тоқтаған жерде рухани өсу, жетілу тежеледі. Дегенмен соңғы кезде ақпарат құралдарының және жаңа технологиялардың көбеюі салдарынан көркем әдебиетті оқу үрдісі төмендеуі белең алуда. Бұл жағдай бүкіл әлем зиялыларын да алаңдатып отырғаны анық.
Жастар арасында көркем әдебиетті оқуға деген құштарлықтың бәсеңсуі күрделі мәселеге айналып отыр. Осыған орай, Астанада 2007 жылы сәуір айында өткен халықаралық оқу Конгресінде АҚШ-тың Чикаго университетінің профессоры Маргарета Тэкс Чолдин «Бір ел – бір кітап» акциясын бастама етіп көтерген болатын.Содан бері игі дәстүрді Қазақстанға енгізу бірауыздан мақұлданды.
Сөйтіп, жастар арасында көркем әдебиетті насихаттауды дамыту мақсатында осы акция бойынша жұмыстар жүргізілді. Акцияның беташары ретінде Абайдың «Қарасөздері» таңдалған еді. Одан кейінгі жылдары М.Әуезовтың «Қилы заман», М.Жұмабаевтың «Сен сұлу», Ж.Молдағалиевтың «Мен - қазақпын», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты туындылары әр жылдардағы «Бір ел – бір кітап» акциясының арқауына айналды. Өткен жылы аталмыш акция аясында республика оқырмандарының назарына белгілі ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» жыр жинағы ұсынылған еді.
Жақында Астанада акцияның ұйымдастыру алқасының кезекті отырысы академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өтті. Бұл жиында Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді», Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармалары зиялы қауымның қызу талқысына түсті.
Биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» акциясының арқауы болатын шығарма ретінде қазақ прозасында ерекше болмыс бітімі бар, көркем сөздің хас шебері атанған халқының сүйікті жазушысы Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» атты хикаяты таңдалынды. Соғыс салған жараны жазушы «Жусан иісіндегі» бір аяғын сылти басатын Аян бейнесі арқылы шебер бейнелеген. Бұл шығарманы оқығанда соғыс жылдарындағы балалардың тағдырына жаны ашып егілмей бейжай қалатын жан болмас.
Жазушы Сайын Мұратбеков - әдебиеттің алып бәйтерегінің бірі. Бейімбет Майлин салған қазақ әдебиетіндегі көркемдік сөз өнері мектебін жаңа биікке көтерген классик жазушы. Оның «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Қалың қар», «Отау үй», «Жабайы алма» атты прозалық кітаптары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазына.
Нақты мәліметке қарағанда, Сайын Мұратбековтың шығармалары әлем бойынша ең көп оқылатын туындылардың қатарына енген. Оның шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, азербайжан, араб, литвалықтардың тілдеріне аударылып басылған. Сайын Мұратбеков тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, Мұхтар Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Гүлжан Ескендір,

Ғ.Сланов атындағы Облыстық ғылыми әмбебап кітапхана әдіскері.

Атырау. – 2014. - 20 ақпан. – 4 б.

Елбасы Жолдауы - болашақтың бағдары

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Қазақстан халқына Жолдауы бойынша кітапханашылар арасында пікіралысу кеші болып өтті.
Шарада Елбасы Жолдауының әсіресе, отыздыққа енудегі қадамдарды айқындайтын маңызды мәселелер төңірегінде кітапхана басшысы Г.Х.Қалиева және Кәсіподақ ұйымының төрайымы Э.Дөкенова, С.Мұсағалиева, З.Жасыбай, Г.Нұртаева, Қ.Тушкенова, С.Байзакова өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда кітапхана мамандары осы маңызды құжатта айтылған мәселелердің күнделікті өмірімізде жүзеге асуы әрбір қазақстандықтың сайып келгенде өзіне байланысты екендігін, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын аса тебіреніспен қабылдағандықтарын тілге тиек етті. Сонымен қатар, шара барысында мерзімді басылымдар секторының меңгерушісі Қ.Б.Өтекова: «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауын жеткілікті деңгейде оқырмандарға насихаттау, осы маңызды құжаттың маңыздылығын жастарға тереңірек ұғындыру біздің кітапханашылардың күн тәртібінен түспейтін абыройлы міндеті», - деп атап көрсетті.


Гүлжан Ескендір
Ғ.Сланов атындағы
Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапхана әдіскері
Сахара. – 2014. - 6 ақпан (№5-6). – 4 б.