«Көркем әдебиет оқудың ләззатын татпаған адам мәңгіге рухани мүгедек болып қалады»

«Дәстүр» журналы

2017 ж. №4

«Көркем әдебиет оқудың ләззатын татпаған адам мәңгіге рухани мүгедек болып қалады»

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен саяси реформалар мен экономикалық жаңғыртуларды жүзеге асырып, тәуелсіздік жылдары зор табыстарға жетіп қалыптасқан мемлекет құрып дамыған 50 елдің қатарына енді. Алдымызда жаңадан қабылданған саяси және экономикалық жаңғыртуларды іске асырып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндеті тұр.  Бұл аса зор міндетті орындау үшін Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани бағдарламасын ұсынып отыр.  Бұл мазмұны өте терең, ауқымы кең, қоғамдық сананы биікке көтеретін, ұлттық құндылықтар дамуының бағыт –бағдарын айқындап берген өте маңызды құжат. Барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі білім мен ғылымның даму қарқынына байланысты екендігі сөзсіз.  Мұны ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерекше атап көрсетті: Елбасы ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сырын тізбектеп көрсетті. Тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын айқындап берді. Рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті.

Аталмыш мақалада  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» деп атап  көрсеткен болатын.

Кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі мекені. Сондықтан, кітапханаға бас сұққан әр оқырманның, әсіресе әр жастың жүрек қалауын терең зерделеп, оқуға деген қызығушылығын арттыруға үлес қосу, сөйтіп Қазақстан Республикасының әрбір азаматын отаншылдық, елжандылық қасиеттерге баулу  кітапханашылардың тікелей борышы. Қазіргі  кезде жастардың оқу белсенділігін арттыру арқылы өскелең ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыру жалпы қоғамның соның ішінде кітапханашылардың алдында кезек күттірмейтін іске айналып отыр.

Облыс орталығындағы оқырмандар қауымының сүйікті орнына айналған Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының кітапхананың 305.676 дана кітап қорын 23.940 оқырман өз игіліктеріне пайдалануда.  Сонымен бірге,  осы руханият ордасында  ресейлік және республикалық, облыстық  және аудандық мерзімді басылымдардың, ғылыми диссертациялар мен авторефераттардың бай қоры жинақталған.

Кітапханамыз бүгінгі күні облыс орталығындағы бірден- бір жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізетін білім алғысы келетін әр оқырман пайдаланушыға бағыт-бағдар беруші руханият ордасына айналып отыр. Кәсіби дәрежелері жоғары  кітапхана қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кітапханамызда облыс көлеміндегі оқырман қауымның әр түрлі деңгейдегі тарихи әдебиеттерге сұраныстарын қанағаттандыру, қызығушылық танытқан жастардың таным көкжиектерін кеңейту бағытында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналдырылған.  

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы облыстағы 155  кітапхананың жұмысын үйлестіруші әдістемелік орталық болып табылады. Кітапханада 8 бөлім жұмыс жасайды:

Кітапхананы дамыту бөлімі

Ұйымдастыру бөлімі

Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі

Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімі

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі

Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды өңдеу бөлімі 

Негізгі қорларды сақтау бөлімі 

Шаруашылық бөлімі 

Кітапхананы дамыту бөлімі облыстағы 155 кітапхананың жұмысын үйлестіріп, бағыт-бағдар беріп отыратын бөлім. Облыс кітапханаларының сандық және жазбаша есептері осында қабылданып, талдау жасалады. Кәсіби білім жетілдіру курстарды, жас кітапханашыларға арналған кітапханалық сабақтарды бөлім әдіскерлері жүргізеді. Бөлім қызметкерлері облыс кітапханашылары арасында облыстық, аймақтық семинар кеңестер ұйымдастырып, республикадағы әріптестерінің тәжірибесін насихаттап отырады. 

Ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі оқырман пайдаланушыға ақпараттық қызмет көрсетеді. ҚР Ұлттық кітапханасы базасындағы Қазақстан кітапханаларының біріккен каталогыне тоқсан сайын мерзімді басылымдар бойынша өлкетану сипатындағы жазбалар жіберіледі. Бөлім қызметкерлері РАБИС бағдарламасы негізінде қазақ және орым тілдерінде өлкеге қатысты кітап қорындағы материалдардың электронды деректер қорын үнемі жүйелі түрде толықтырып отырады. Вмртуальды анықтама қызметі де осы бөлімде жүзеге асырылады. Оқырман – пайдаланушыларға құқықтық анықтамалық қызмет көрсету үшін ҚР ақпарат орталығының  «Параграф» құқықтық ақпараттық жүйесі, облыс көлемінде қабылданған қаулылар, шешімдерден тұратын «Адам құқығы бойынша сандық кітапхана» жұмыс жасайды.

Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімі облыс кітапханаларының қолданыстағы жинақты каталогын құру және дамыту, кітапхана сайтымен жұмыс, құжаттарды электронды жеткізу, ҚазҰЭК арқылы оқырман сүранысын орындау, Интернет жүйесіндегі тораптық қорлармен жұмыс, облыс кітапханашыларын жаңа ақпараттық технологияны меңгеруге үйрету жұмыстары жүзеге асырылады. Интернет жүйесінде жұмыс жасауға мүмкіндік беретін 20 адамдық интернет залы бар. 

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде бірнеше секторлар бар. Атап айтқанда, тіркеу және бақылау, өнертану әдебиеттері, салалық әдебиеттер, мерзімді басылымдар секторлары қызметкерлері оқырмандардың сұраныстарын қанағаттандыру барысында тынымсыз еңбек етеді. Әр түрлі тақырыптарда көпшілік шаралар ұйымдастырылады.

Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды өңдеу бөлімі  мемлекеттік тапсырыс бойынша республика баспаларынан түскен жаңа әдебиеттерді қабылдайды, жолдама құжаттарын толтырады, облыс кітапханаларына бөледі. Жинақты, алфавитттік және жүйелі каталогтарға дәстүрлі карточкаларды құяды және электронды каталогқа жазбалар енгізеді.

Негізгі қорларды сақтау бөлімінде кітап қорының басым бөлігі сақталған. Бөлімде кітап қорының орналасуын бейнелейтін топографиялық  каталог жүргізіледі. Облыс кітапханаларынан түскен сұраныстар орындалады. Бөлім қызметкерлері Қазақстандық Ұлттық Электронды каталогқа  ұсынылатын әдебиеттерді іріктейді.

Кітапхананың виртуалды қызметін, электронды құжат жеткізу бойынша көрсетілетін қызметті облыс оқырмандары мекен- жайының шалғайлығына қарамастан пайдалануына мүмкіндік жасалған.

Кітапханашылар кітапхана қорында болмай қалған әдебиеттерді еліміздің іргелі кітапханаларының, атап айтқанда, ҚР Ұлттық кітапхананың, ҚР Ұлттық Академиялық кітапхананың қорынан электронды каталог арқылы іздестіріп, Құжаттарды Электронды Жеткізу қызметін пайдалану нәтижесінде оқырмандардың кез- келген тақырыптардағы әдебиеттерге сұраныстары толық орындалып келеді.

Кітап қорының басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша республика  баспаларынан жарыққа шыққан  әдебиеттер есебінен толықтырылады. Кейбір авторлар өз кітаптарын сый   ға береді. Сондай- ақ «Кітапханаға кітап сыйлайық» дәстүрлі акциясы бойынша оқырмандар жеке өз кітаптарын сыйға тартады. Кітапханада жергілікті ақын – жазушылармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі. 

2000 жылдан алғаш электронды каталог жасақтау жұмыстары қолға алына бастады.   Күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Сонымен қоса, «РАБИС» бағдарламасының «Оқырман тіркеу», «Іздеу. Сұраныс» қызметі жұмыс тәжірибесіне енгізілді.

Жергілікті  өлкетанушылардың, ғалымдардың зерттеу еңбектерін  насихаттау бағытындағы жұмыстар мұнымен ғана шектелмейді. Авторлардың өнегелі өмір жолы мен шығармаларының жазылу тарихы, өлкетануға байланысты деректерді  және тағы басқа толымды деректерді қамтитын  мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген барлық жарияланымдардың толық электрондық  деректер базасы жасақталды. Бүгінде кез- келген жазушы шығармашылығы туралы ізденген, олар туралы қандай болса да дерек қарастырған оқырмандар  бұл жұмыстардың игіліігін көріп жүр.

Кітапхана қызметкерлері оқырмандар арасында қазақтың белгілі ақын- жазушыларының, әйгілі өнер адамдарының шығармашылықтарымен қатар, атыраулықтардың мақтанышына айналып отырған жергілікті жазушыларымыздың шығармашылықтарын  насихаттау мақсатында әр түрлі көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.  

Бүгінде кітапханамыз облыс орталығындағы бірден- бір жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізетін, білім алғысы келетін әр оқырман пайдаланушыға рухани бағыт-бағдар беруші руханият ордасына айналып отыр. Кәсіби дәрежелері жоғары  кітапхана қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кітапханамызда облыс көлеміндегі оқырман қауымның әр түрлі деңгейдегі сұраныстарын қанағаттандыру бағытында ғана жұмыс істеп қоймай, білім нәрімен сусындауды мақсат еткен жастардың таным көкжиектерін кеңейту, көркем бағытында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналдырылған. 

Биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндеттер аясында  оқырмандармен жүргізілетін жұмыстар аясын кеңейтіп, кітапханада жыл сайын сәуір айындағы 23 сәуір – кітап және авторлық құқық күніне орай өткізілетін жастар кітаптарының апталығы биылғы жылы алдын-ала жасақталған бағдарлама бойынша жастар кітаптары айлығы болып өзгертіліп, ай бойы өткізілген шаралар аясында   Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған түйдекті ойлар, өзекжарды мәселелер арқау болды.  

23 сәуір – кітап және авторлық құқық күніне орай осы мерзімде бастау алған «Ой қазынасы – кітапта» атты кітаптар айлығының әр күні мазмұнды да тағылымды шараларға толы болды.

Кітаптар айлығының ашылуы аясында «Ой қазынасы – кітапта» деген тақырыпта  кітап көрмесі инсталляциясының таныстырылымы ұйымдастырылды.  Бұл кітап көрмесі арқылы жиналған көпшілік  қазақ баспаларынан жаңадан шыққан көркем- әдеби, қоғамдық - саяси, пәлсапалық,  құқықтық  әдебиеттермен танысып, сонымен бірге әртүрлі тақырыптағы библиографиялық көрсеткіштер туралы  мол мағлұматтар  алды. Кітаптар айлығының ашылу салтанатына кітапхананың тұрақты оқырмандары,    Атырау Индустриалды- құрылыс колледжінің студенттері   қатысты. Шара барысында кітапханашы Элмира Бақтығалиқызы айлық шеңберінде өткізілетін қызықты шаралардың бірі «Оқырман – оқырманға: Өзің оқы - өзгеге бер» атты кітап алмастыру акциясына қатысуға  шақырып, акцияның  шартымен таныстырды: Кез-келген  оқырман  «Өзің оқы – өзгеге бер» атты кітап   көрмесінен  ұнаған кітабын  таңдап, сыйға  алып, оқып,  кейін досына, танысына, кітапсүйер оқырманға  ұсынуына мүмкіндігі бар. Бұл акция осы жыл бойы жалғасын таппақ.  Шараға қатысушылар назарларына оқырмандар сыйға тартқан кітаптар көрмесі ұсынылды.

Дәстүрлі Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, Алаш қайраткері Сұлтанмахмұт шығармаларының таңдалуы, бұның биылғы Алаш  қозғалысының 100 жылдығымен тұспа-тұс келуі тектен тек емес. Сұлтанмахмұт ақынның шығармаларына азаматтық тән. Ол аз ғана ғұмыр кешіп, өлең – жырлары өз алдына бір төбе болса, «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі қазақ әдебиетінің алтын қоржынындағы  ұрпақтан – ұрпаққа қадірлеп оқитын классикалық ұлы туындыларға айналды Сұлтанмахмұт жырлары отансүйгіш рухты оятып, туған халқын сүюге,  құрметтеуге, оның дәстүрлері мен мәдениетін қастерлеуге шақырады.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне күн болмағанда кім болам...» атты  әдебиет сағаты да қызықты әрі мазмұнды шаралардың бірі болды. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы  Атырау музыка колледжі актерлік шеберлік мамандығының 1 курс студенті Нұржан Аманқостың  ақын бейнесін сомдай Сұлтанмахмұттың «Шәкірт ойы» атты өлеңін мәнерлеп оқуы қатысушыларды елең еткізді.

 Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, №35 мектеп –гимназиясының оқушылары мен Атырау  инженерлік –гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты. Кітапханашы Элмира Дөкенова жыл кітабы болып отырған Алаш қайраткері, көрнекті ақын С.Торайғыровтың шығармашылығы туралы көптеген мағлұматтарды өз әңгімесіне арқау етті. Ол ақынның азаматтық рухқа толы өлеңдері туралы кеңінен әңгімеледі. 

Қаладағы  №35 мектеп-гимназияның оқушылары Табылдиева Жанар, Мизамов Бекарыс, Ысқаққызы Венера ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқуы шараның мазмұнын арттыра түсті.

Алаш қозғалысының тұлғалары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар заманның қиыншылықтарына қарамастан, ел еркіндігіне атсалысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда олар қанын да, жанын да аяған жоқ. Биылғы жылы Алаш қозғалысына – 100 жыл. Осы айтулы тарихи оқиғаға орай  Атыраулық Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттай отырып, оқырмандардың тарихи әдебиеттерге қызығушылығын қалыптастыру мақсатында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қорындағы және Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасында жасақталған «Мәңгілік ел» электронды кітапхана қорынан,  Атырау облыстық тарихи өлкетану музейі мен облыстық, қалалық мұрағаттар  қорындағы деректермен қоса материалдарды қамтитын «Атыраулық Алаш қайраткерлері» атты электронды дерекқор құрастырылған болатын. Ақпараттық –библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен осы дерекқордың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, кітапханашылар, Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жас мамандары қатысты.

Шара барысында дерекқорды пайдалану тиімділігі, материалдардың орналасу тәртібі туралы жан-жақты баяндалды. Дерекқорға бір жүз елуге жуық атаудан тұратын кітаптар, ғылыми зерттеу мақалалар, мерзімді басылымдар беттерінен алынған толықмәтінді деректермен берілген мәліметтер енгізілгендігі айтылды. (Бұл дерекқорды www.atyraulib.kz кітапхана сайты арқылы пайдалануларыңызға болады)

«Ой қазынасы - кітапта» атты жастар кітаптары айлығы аясындағы тағы бір шараны ерекше атап өтуге болады. Халықтық  өнердің   сыр –сипатына ғылыми тұрғыдан ден қою – халқымыздың рухани қазынасына зер салу болып табылады. Кітаптар айлығы аясындағы шаралардың бірі   «Халықтық өнер туралы 30 кітап»  атты  кітаптар шеруі  болды. Шара барысында кітапханашы  Анар Тусаева оқырмандар арасында  жүргізген сұхбатында кітап көрмесінен орын алған аталмыш тақырыптағы  кітаптар туралы малұматтарды арқау етті. «Ғасырлар бойы халықпен бірге жасап, айқын өзгешеліктерімен қалыптасқан  сан-салалы  халықтық өнердің қай түрін алып қарасақ  та,   шеберліктің тұңғиық тереңдігіне тартатын  эстетикалық парасатқа, рухани игілікке  кенелетініміз сөзсіз», - деп оқырмандармен әңгімесін бастаған Анар Тусаева, - Б.Төлегеновтың «Ұлт жауһарлары» (2016), Ө.Жәнібековтың «Қазақ киімі» (1996), Б.Тұрмағамбетованың «Ұлттық өнер-өміршең қазына» (2013), З.Қоспақовтың «Қазақтың әншілік өнері» (1999), «Қазақ өнерінің тарихы Т.1,2,3» (2007) және т.б көптеген халықтық өнер туралы әдебиеттерге оқырмандардың назарын аударды.

«Ой қазынасы - кітапта» атты жастар кітаптары айлығы аясындағы кезекті шара кітапхана бойынша жедел саяхат болды. Кітап айлығының бағдарламасымен таныстыру, кітапхананы жарнамалау, оқырмандарға көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстыру, кітап оқуға баулу мақсатында Облыстық ұлттық гимназияның 7-сынып оқушыларының қатысуымен жедел саяхат ұйымдастырылды.  Шара барысында кітапханашы «Оқырман – оқырманға: Өзің оқы - өзгеге бер» акциясына қатысуға шақырып, акцияның шартымен таныстырды.  Оқырмандар кітапхананың әрбір бөлімінің  жұмыстарымен танысып, атқаратын қызметтері туралы мәліметтер алды. Өздері қызығушылық танытқан бөлімдерге барып, көрсетілетін қызметі жайында кітапхананың кітап қоры туралы сауалдарына жауап алды.

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жыр падишасы Фариза Оңғарсынованың кабинеті ашылуына орай салтанатты шара өтті.  Оған мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау  облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, ақынның ұлы Айбар Оңғарсынов пен сыйлас сіңлілері, өзге де танымал ақын-жазушылар қатысты. Шарада осы кітапхана жанынан құрылған «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшелері жыр оқыды.

Шараны Атырау облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Тауфиқұлы Жоламанов ашып, жүрекжарды лебізін білдірді. Ал, кабинет лентасын республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов пен Фариза ақынның курстасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің құрметті профессоры  Қадыр Өтегенұлы Жүсіп қиды.

Сонымен қатар, қазақтың қайраткер ақын қызын білетін және оның мол мұрасын зерттеген жандар нәзік те отты жырлардың авторы туралы естеліктерімен бөлісті.

Жиында сөз алған республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов, еңбек ардагері Рашила Мүрсалиева мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевтар жырымен миллиондаған жүректердің қылын қозғаған Фариза ақынның ел, қоғам дамуына қосқан үлесін, қазақ поэзиясында қалдырған ізін, адамгершілік келбетін ерекше атап айтты.

Жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандардың  көркем  әдебиетке қызығушылығын қалыптастыру мақсатында облыс бойынша  «Жұлдызды шығармалар» атты  оқу акциясын ұйымдастыру қолға алынып отыр. Облыстағы жылдық оқу акциясына жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының  шығармалары арқау болып отыр. Жазушыға заманның заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев: «Оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сыйғыза алған прозашы» деп баға берген болатын.  

Ғ.Сланов атындағы  Атырау облыстық  ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған «Қара сөздің хас шебері» тақырыбындағы жазушының «Тар кезең»  шығармасы бойынша оқырмандар конференциясы - аталмыш акция аясында ұйымдастырылған алғашқы шара болды. Оқырмандар конференциясына шығармасы арқау болып отырған Қажығали Мұханбетқалиұлының көркем дүниелерін оқырман жылы қабылдады. Өйткені, ол оқи қалсаң бірден баурап алып кетердей көркем  тілді прозасымен, ақиқаттың ауылынан алыстамай тарихи шындықты бүркемелемей бере білген тарихи шығармаларымен оқырманды бірден баурап әкетті. Ол көптеген жазушылардың жекелеген әңгімелерін және түркімен жазушысы Т.Жұмагелдиевтің «Егес» атты кітабын, орыс жазушысы А. Скалонның «Бақыттың алтай түлкісі» атты әңгімелері мен повестер жинағын қазақ тіліне аударды. Өзінің де бірқатар әңгімелер мен повестері шетел тілдеріне аударылып жарық көрді. Қазақтың ХVІІІ ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы күресінің басшысы әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы туралы ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізген ол, ондаған мақалалар жазып, осы бір айтулы тұлғаның өмірі мен қоғамдық қызметі жөнінде республикалық «Арыс» баспасынан «Сырым Датұлы» атты жинақты өзі құрастырып, алғысөзі мен түсініктемелерін де өзі жазып жарыққа шығарды. Ол 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

Оқырмандар конференциясына №5546 әскери бөлімінің сарбаздары, студенттер, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Шараны жүргізген Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ғалия Сәлімжанқызы  жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы туралы әсерлі әңгімелеп берді. Ол оқырмандардың  жазушының «Тар кезең» шығармасы  бойынша айтқан пікірлерінің одан әрі өрбуіне дәнекер болып,  романдағы әрбір кейіпкерге, айтылған оқиғаға  түсініктеме  беріп отырды.   

Шараның басты қонағы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының қаламдас достарының бірі, белгілі өлкетанушы-тарихшы Аманғали Әміржанұлы «Тар кезең» шығармасын жан-жақты талдап, жазушының шығармашылығы жайында өзіндік ой-пікірлерін білдірді.

Кітапхананың Негізгі  қорларды сақтау бөлімінің кітапханашысы Қарлығаш Тушкенова шығарманың ерекшелігіне тоқталып, нақты тарихи шындыққа сүйенген жазушының ізденімпаздығына, көркем тілмен жеткізе білуіндегі шеберлігіне тәнті болғандығын тілге тиек етіп, нақты мысалдар келтірді.

Шара барысында кітапхананың байырғы оқырмандары, зейнеткерлер Жетпіс Жұбанов, Берікжан Қаленов, кітапхананың тұрақты оқырмандары, жеке кәсіпкерлер Фархат Беркешов, Аслан Әбіғалиев,  инженер Қайрат Төлегенов  «Тар кезең» шығармасын оқығандағы әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Оқырмандар жазушының «Тар кезең» шығармасында тарихи шындықты бұрмаламай шебер бере білген суреткерлігін тілге тиек етті. Қазақ тарихындағы көрнекті тұлға Сырым Датұлының бітім – болмысы, ол өмір сүрген замандағы қоғамның бейнесі шебер суреттелгендігіне тәнті болғандықтарын айтты. Конференцияда шығарманың көркемдік жағы да баса айтылды, яғни тарихи шығармада басы артық суреттеудің жоқтығы, жазушының шындыққа негізделген оқиғаларды көзбен көргендей қылып суреттеуі оқырмандар әңгімесіне өзек болды.

Шараға қатысқан сарбаздардың жетекшсі  №5546 әскери бөлімінің Тәрбие және әлеуметтік –құқықтық бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, аға лейтенант Әжікенов Артур Ғарифоллаұлы шараны ұйымдастырған кітапхана қызметкерлеріне ыстық лебізін білдірді. Ол оқырмандар конференциясының сарбаздар үшін тағылымды шара болғандығын айтты.

Алдыңғы буын өкілдерімен қатар, жастардың ауыз әдебиетінің ерекше жанрларының бірі - ертегілерді көбірек білуі маңызды. Болашақ аналардың, бала тәрбиесімен айналысатын болашақ мамандардың ертегілерді қаншалықты білетінін таразылай отырып, жастардың осы жанрға қызығушылығын арттыру мақсатында Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Отбасымен  бірге оқимыз» жобасы   аясында   «Апа, ертегі оқып берші» атты әдеби сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа Х.Досмұхамедов атындағы филология мамандығының 3 курс студенттері Дюсекова Камшат, Жексенова Айсұлу және кітапхананың жас мамандары Ақтолқын Кулова, Альфия Сарсенғалиева  қатысып, салт-дәстүрге байланысты мақал-мәтелдер айтып, жұмбақ шешіп, ертегі айтып, білімдерін ортаға салды.

Кітапхана қызметкерлері жастар кітаптары айлығы аясындағы шараларға келген әрбір оқырмандар тобымен жалпы кітаптар туралы әңгімелесу барысында Дүниежүзілік кітаптар және авторлық  құқық күні атаулы күнінің тарихы туралы мағлұматтарды әңгімелеріне арқау етті. Сонымен бірге, кітапханашылар Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында айтылған түйінді мәселелерді атап өте отырып,  оларды кітапты көп оқуға үндеді, кітапханамен үнемі байланыста болуға шақырды.

Кітапхана қызметкерлері оқырмандар арасында қазақтың белгілі ақын- жазушыларының, әйгілі өнер адамдарының шығармашылықтарымен қатар, атыраулықтардың мақтанышына айналып отырған жерлес қаламгерлердің шығармашылықтарын  насихаттау мақсатында әр түрлі көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Жазушылардың, атыраулық өнер тарландарының өнегелі өмір жолы мен шығармаларының жазылу тарихы, өлкетануға байланысты деректерді  және тағы басқа толымды деректерді қамтитын  мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген барлық жарияланымдардың толық электрондық  деректер базасы жасақталды. Бүгінде кез- келген жазушы шығармашылығы туралы ізденген, олар туралы қандай болса да деректер іздеген, қарастырған оқырмандар  бұл жұмыстардың игілігін көріп жүр.

Оқырмандардың көркем әдебиеттерді оқуын, жалпы оқу мәдениетін зерделеу, таразылау мақсатында кітапханамыздың оқырмандарының әр түрлі топтары арасында сауалнамалар жиі жүргізіліп тұрады. Сауалнамаға жауап берген оқырмандарымыздың 28%-ы көркем шығармаларды ғаламтор арқылы алып, қолдары босаған кезде оқитындарын айтқан. Респонденттеріміздің 35 %-ы  «Қазіргі заманға сай көркемдік дәрежесі жоғары кітаптар болса, неге оқылмасын. Бұларды әрдайым іздеп жүріп оқимыз»,- деп атап көрсеткен. Сауалнамамызға жауап берген оқырмандарымыздың  10%-ы  көркем әдебиет соның ішінде тек қана тарихи - танымдық әдебиеттерді оқитындығын  тілге тиек еткен.

ҚРҰАК  «Қаз ҰЭК «Қазақстан кітапханасы» мемлекеттік электронды кітапханалық  қорын құру» атты жобаға орай кітап қорындағы жергілікті жазушылардың кітаптарының сандық көшірмесін жасауы кітапхана оқырмандарына жаңа технология арқылы жазушы шығармашылығының қыр –сырына үңілуге мол мүмкіндік жасап отыр.

Жалпы, кітапханамызды, кітап оқуды оқырмандар арасында кеңінен насихаттау бағытында кітапханамызда ұйымдастырылып жүрген әр түрлі тақырыптағы  көпшілік шаралар туралы толық мағлұматтар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда, «Атырау», «Прикаспийская коммуна», әлеуметтік желілер арқылы Фейсбук парақшаларында үнемі жарияланып тұрады.

Қазақстанның азаматтарын отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы ешқашан бәсеңсіген емес. Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу мәселесі біз  негізге алып отырған Ел Президентінің бағдарламалық мақаласында баса айтылған түйдекті мәселелердің бірі. Келешекте ел тізгінін қолға алатын жастардың барынша білімді, жан-жақты, білікті болуы қаншалықты маңызды болса, олардың Отанына деген сүйіспеншілігінің мол болуы басты қажеттілік екендігі даусыз. Өйткені, елін, жерін сүйетін азамат қана Отанына адал қызмет ете алады. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жас азаматтарын  патриоттыққа баулу – айрықша маңызға ие мәселелердің бірі болып отырғаны да сондықтан.

Ұлттық патриотизмге негізгі ұйтқы бола алатын мәдениет ошақтарының бірі – кітапхана. Адамның ой-өрісі кітап оқумен өлшенеді. Орыс балалар жазушысы Корней Чуковскийдің сөзімен өрнектер болсақ: «Көркем әдебиет оқудың ләззатын татпаған адам мәңгіге рухани мүгедек болып қалады». Сондықтан кітапханаға бас сұққан әр оқырманның жүрек қалауын терең зерделеп, оқуға деген қызығушылығын арттыра отырып, ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған түйдекті мәселелер мен ауқымды міндеттерге аз да болса  үлес қосу кітапханашылардың тікелей борышы. 

Гүлжан  Ескендір

Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының жетекші әдіскері