Ғабдол Сланов (1911-1969)

Ғ. Сланов 1911 жылғы 11 қыркуйекте Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Мақаттағы мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істеді. 1930 жылы Алматыға аттанады, 1931 жылдың сәуірінде “Еңбекші қазақ”(қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетіне жұмысқа қабылданады, 1940 жылдың күзіне дейін әдеби қызметкер, кейін бөлім меңгерушісі. Бұл жылдары оның қаламынан тамаша әңгімелер, очерктер, фельетондар туып, журналистік шеберлігі нығая түседі.
1938 жылы Ғабдол Слановтың “Өмірдің асқан биігінде” атты очерк, әңгімелер жинағын шығады. Ал, 1939 жылы “Арман ағысында” повесі жарыққа шығып, Ленин комсомолының 20 жылдығына арналған республикалық конкурста сыйлыққа ие болып, 1940 жылы жеке кітап болып басылып шықты.
Ғ. Слановтың келесі шығармасы — “Дөңасқан” 1941 ж. жарық көрді. Бұл роман 1958 ж. және 1965 жылдары екі мәрте “Степь да степь” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.
Ғ.Сланов шығармалары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов шығармаларымен қатар қазақ прозасының қалыптасуы мен дамуына қосылған дүниелер болды. Автордың өзі жазушы ретінде кеңінен таныла басталады.
Араға біраз жылдар салып 1945 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Атырау мұнайшыларының еңбегін суреттейтін “Жаңартау” романы жарыққа шықты. Роман қазақ әдебиетіндегі елдегі жұмысшы табына, Қазақстан мұнайшыларына арналған алғашқы шығарма болып саналады.
1949 жылы “Кең өріс” деген атпен повесть күйінде, ал қайта өңделіп, көлемі ұлғайып, 1954 жылы “Шалқар” деген атпен роман болып басылып шықты.
Кейін “Шалқар” романы “Советский писатель” баспасынан орыс тілінде басылып шықты.
1963 жылы жазылған “Асау арна” романы Жетісудағы жұмысшы табының қалыптасуына арналған. Бұл роман да орыс тілінде басылып шықты.
Жазушының соңғы және аяқталмаған шығармасы “Айқайтас” романы.
Ғ.Сланов тек проза саласында ғана өнімді еңбек етіп қана қойған жоқ. Сондай-ақ, ол тамаша очерк жазушы, нағыз публицист, талантты журналист ретінде танылды. Оның көптеген очерктері, көкейтесті мәселелер бойынша мақалалары алты томдық жинағына енді. Ғ.Сланов қаламынан ақберен батыр, дауылпаз ақын Махамбетке арналған бірегей драмалық шығарма туды.
Пьеса М.Әуезов атындағы академиялық театрдың және жергілікті облысаралық драма театрының сахналарында қойылды.
Жазушы аударма саласымен де шұғылданады. Ол А.Фадееевтің “Жас гвардия” романын қазақ тілінде аударды.