КІТАП ӘЛЕМІ

Серікқалиева М. Кітап әлемі // Үш қоңыр газеті. - №17.-1,3 бет.

 

КІТАП ӘЛЕМІ

23 сәуір – Бүкілдүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні.

Жалпы 23 сәуір – әлем әдебиеті үшін ірі символикалық дата. Дәл осы күні әлем әдебиетінің майталмандары, танымал авторлар Мигель де Сервантес, Уильям Шекспир, Морис Дрюон дүние есігін ашты. 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында бұл күні кітап пен кітап авторларына құрмет білдіру қажет деген шешім қабылдады. Аталмыш мереке Халықаралық кітап баспа Ассоциациясының ықпалымен 1969 жылдан бері тойланып келеді. 1995 жылдың 16 қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28-сессиясында мереке туралы жарғы қабылданып, 23 сәуір – «Дүниежүзілік және авторлық құқық күні» болып жарияланды. Осы мереке арқылы ЮНЕСКО ұйымы баршаны, әсіресе, жастарды кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуға үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырады.

Жыл сайын аталмыш мерекеге орай барлық кітапханаларда акциялар, фестивальдар, кітап айлықтары дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Осы атаулы күнге орай сәуір айының басында бастау алған «Кітаптың таңғажайып әлемі» атты кітаптар айлығының әр күні мазмұнды да тағылымды шараларға толы болды. Солардың кейбіріне тоқталып өтпекпін.  

Кітаптар айлығының ашылуы аясында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы бөлім Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасынан сахналық қойылым қойды және жазушы Төлен Әбдіковтың шығармаларын зағип оқырмандарға арнап көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы бөлімде нүктелі-бедерлі қаріппен теріліп, басылған кітаптардың тұсаукесері өтті.

Сонымен қатар «KITAP SUIER QUIZ» атты колледж студенттерімен интеллектуалды зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Зияткерлік ойынға «1465» тобы – Атырау жоғары медициналық колледжі,                                                                                    «Ашкөздер» тобы – Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, «АИК жастары» тобы – Атырау индустриялық колледжі, «АЭСК жастары» тобы Атырау энергетика және құрылыс колледжі,                                                «Көкжиек» тобы – Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының музыка колледжінің студенттері мен «Еркетотайлар» тобы – Жалпы білім беретін №37 Салық Зиманов атындағы орта мектеп оқушылары қатысты. 6 кезеңнен құралған тартысты ойында ой ұшқырлығымен көзге түскен «Ашкөздер» тобы Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенттері 1 орынға ие болса, «Еркетотайлар» тобы №37 Салық Зиманов атындағы орта мектеп оқушылары 2 орынға, «Көкжиек» тобы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының музыка колледжінің студенттері 3 орынға ие болды.