26.04.23
«Қайран Нарын» шығармасы бойынша оқырмандар конференциясы
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында жазушы Нәбиден Әбуталиевтің туғанына 95 жыл толуына орай «Қайран Нарын» повесін насихаттау мақсатында «Қарымды қаламгер» атты оқырмандар конференциясы өтті.
Кітапханашы Ғалия Сәлімжанқызы конференция барысында оқырмандарды Нәбиден Әбуталиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырып, экраннан жазушы туралы бейнеролик көрсетілді.
Нәбиден Әбуталиев 1928 жылы 18 мамырда Атырау облысы, Новобогат ауданының (қазіргі Исатай ауданы) Молшағыл ауылында туған.
1945 жылы педагогика училищесін, 1952 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, ұзақ жылдар «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Парасат» журналында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Жазушы» баспасының көркем аударма редакциясында қызмет істеді. «Қайран Нарын», «Өттің, дүние» атты екі повесть, «Наркескен» атты романы жарық көрді. «Өттің, дүние» атты тарихи драмасы М.Әуезов театрында қойылған (1992). Ол Э.Хемингуэйдің «Килиманджаро – қарлы тау», «Мереке қызық мол жылдар» атты шығармаларын, орыс жазушысы С.Сартаковтың «Тау самалы» деген атпен бірнеше повестерін, монғол жазушысы Б.Чойндонның «Ұлы Гобиде» атты повесін, В.Пикульдің, Ә.Бикчентаевтың әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Көптеген медальдармен, «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған.
Жазушының «Қайран Нарын» повесін талдауға Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерғалиева Гүлдәурен Бекболатқызы, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жүрген 1/9/м тобының студенттері мен тұрақты оқырман Шакирова Сания Сарбасовна қатысып, шығарма туралы өз пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар кітапханашылар Ақтолқын Хайрошқызы мен Айман Ізденқызы повесть туралы өз ойларын ортаға салып, шығармаға жан-жақты талдау жасады.
Мақсаты: Оқырмандарға жазушы, драматург, публицист Нәбиден Әбуталиевтың «Қайран Нарын» шығармасын кеңінен таныстырып, насихаттау.