Ақ жаңбырын құяды өлең – кеудем
Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын оқырманға төгілген жыр шумақтарымен танылған, кейін қазақ әдебиетінде қара сөздің зергері атанған академик жазушы Зейнолла Қабдоловтан «Қасыммен жырын қайраған ақын» деп әділ бағасын алған көрнекті ақын, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Баспалар сыйлығының екі дүркін лауреаты, ондаған кітаптың авторы Аманқос Ершуовтың туғанына 80 жыл толуына орай «Ақ жаңбырын құяды өлең – кеудем» атты еске алу кеші өтті.
Аманқос Ершуов Ақкиізтоғай балаларын әдебиеттің уызына, нәріне қандырған ерекше ұстаз еді. Ауыл мектебінде әдебиеттен дәріс бере жүріп, аядай ғана Ақкиізтоғай ауылынан республикаға танымал Өтеген Оралбаев, Аман Жанкеев және өз перзенті Маржан Ершу тәрізді ақындарды тәрбиелеп шығарды. Бүгінгі кеште ақын шәкірттері мен замандастары, елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері бой көрсетті.
Сонымен қатар ақынның әке жолын қуған аяулы қызы, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Маржан Аманқосқызы Ершудың бастамасымен басылып, жарық көрген Аманқос Ершуовтың «Бармақбайдың басынан кешкендері» атты мектеп жасындағы балаларға арналған көркем суретті кітабының тұсаукесері өтті