11.07.2022 ж.
«Бейсен және болмыс»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында танымал логотерапевт, «Отбасы хрестоматиясы» кітабын құрастырушы Санжар Керімбайдың
өзінің өмірден ерте кеткен әйгілі досы, ұлттық арнада «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларының авторы болған белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің өмір деректерінен сыр шертетін «Бейсен және болмыс» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бейсенді өзгелерден ерекшелендіріп тұратын болмысы, кісілік келбеті, шығармашылық қырлары, қызметі, өмірінің өнегелі беттері баяндалған бұл кітаптың тұсаукесерін «Елсана» руханият клубы ұйымдастыруға ұйтқы болды.
Шара барысында Атырау қаласы Адвокаттар алқасының адвокаты Айгүл Жұмабайқызы Кенжалиева, филолог, «Отбасы хрестоматиясы» кітабы авторларының бірі Айбек Нәби кітап туралы ойларын ортаға салды.
Кітап авторы танымал логотерапевт Санжар Керімбай Бейсен Құранбектің болмысын кітапқа арқау етуіне негіз болған жағдаяттарды, кейіпкерінің адамгершілік асыл қасиеттерін, өскен ортасы туралы әңгімеледі.
Шарада «Елсана» руханият клубының мүшелері шараны ұйымдастырғаны үшін кітапхана әкімшілігіне алғыс білдіріп, бірнеше кітапты сыйға тартты