24.11.2022
«Дархан дала дүлдүлі»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында халық жазушысы, қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл толуына орай «Дархан дала дүлдүлі» атты тақырыптық конференция ұйымдастырылды.
Қазақ әдебиетінің қазынасына өрнекті сөз, өрелі туынды қалдырып, ерен еңбегімен үлес қосқан көрнекті қаламгерлердің бірі – Ғабиден Мұстафин екені баршаға аян. Атақты қаламгердің шығармашылық белестері ел мен жер халық тағдырына қатысты сүбелі тақырыптарына келетін болсақ қаламгердің романдары «Шығанақ» 1945, «Миллионер» 1948, «Қарағанды» 1952, «Дауылдан кейін» 1960, «Көз көрген» 1963 жарық көрген. Конференцияға Қ.Дүтбаева атындағы Атырау мемлекеттік гуманитарлық колледжінің мектепке дейінгі тәрбие факультетінің 1 курс студенттері қатынасып, пікір алысты.
Шараға қатысушы студенттер «Шығанақ» романын Адасу, Ашылған бет, Ақтөбе сапары, Жамал, Рекорд алдында, Алғашқы рекорд, Ауыр күндер деп аталатын 7 тарау бойынша талдады.
«Шығанақ» тарихи негізі бар, өмірде болған адамның еңбегі туралы жазылған. Шығанақ Берсиев (1884-1944) – Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Құрман деген колхозда тұрған атақты диханшы шаруа. Көп жылдар бойы тарыдан мол өнім алу үшін еңбек еткен. Диханшылық өнерге агротехника жаңалықтарын қоса пайдаланып жыл сайын өнім көлемін арттырып отырған.
Автордың «Шығанақ» романын талдау барысында соғыс жылдарындағы ерен еңбек үлгісі Шығанақ Берсиев бейнесі ауыл шаруашылығындағы қарапайым адамдар еңбегі арқылы көрініп, сол дәуірдің тынысы алға тартылады.
Мақсаты: Көркем сөздің сырбаз сыншысы, қазақ әдебиетінің біртуар үлгісі Ғабиден Мұстафиннің шығармаларын оқырмандарға кеңінен насихаттау.