04.03.2023
«Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат» патриоттық сағат
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы Отан қорғау және Жеңіс күні қарсаңында Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №79 мекемесінде патриоттық сағат өткізді.
Бұл күндері біз туған жерді басқыншылардан ерлікпен қорғаған және бейбіт уақытта Отанды қорғай отырып, қиын да жауапты қызмет атқарған батырларымызға құрмет көрсетеміз.
Өнер бөлімінің кітапханашылары Мұханова Айман мен Дөкенова Эльмира «Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат» атты кітап көрмесін қатысушылардың назарына ұсынды. Кітапханашы Мұханова Айман өз әңгімесінде тарихымыздың ерлік беттеріне тоқталып, фашистерді жеңгеніміздің құны туралы, жауынгерлеріміз Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов, Қ.Қайсенов, М.Ғабдуллин, Р.Қошқарбаевтың аты аңызға айналған ерлігі, қайсарлығы туралы және жеңіске орасан зор үлес қосып, халық жадында қалған Қазақстанның даңқты батыр қыздары М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспанова туралы баяндады. Өткен соғыстың тағылымы бізге көп нәрсені үйретті. Ең бастысы, аға ұрпақтың жеңісін бағалай білу керек, - деді кітапханашы Мұханова Айман. Соғыстың отты жылдары ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы егеменді Армиясының жауынгерлері туралы, Отан қорғаушыларымызға әскери дәстүрлерді сақтау және арттыру, Отанымыздың намысын қорғау қажеттігі туралы айтылды. Оқырмандар назарына әскери-патриоттық тақырыптағы «Абырой мен парыз», «Қаһарман Бауыржан Момышұлы», Б.Смағұлдың «Қаһарман», Ә.Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» және т.б кітаптар, сондай-ақ мерзімді әскери-патриоттық журналдар: «Қазақстан патриоттары», «Қазақстан құтқарушылары» т.б мерзімді басылымдар ұсынылды, осы журналдардың беттерінде кітапханашы ерлік жасаған, адамдарды құтқарған, өмірлерін қиған замандас батырлар туралы қызықты очерктерді оқуға кеңес берді.
Мақсаты: патриоттық тәрбие беру, тарихи сана-сезімді қалыптастыру, өз тарихын құрметтеу, өз отанына деген мақтаныш пен сүйіспеншілікті нығайту.