Қазақ әдебиетінің ақиығы
Қазақ әдебиетіне Ұлы Отан соғысынан кейін жарқ етіп келген айтулы прозашы, белді драматург, жоталы сыншы, майталман шешен Тахауи Ахтанов – өршіл романтизм дәуірінде өмір сүріп, ұрпаққа тән қасиет – ұлы отаншылдық сезімі билеген тұста бірнеше шұрайлы шығармаларын жарыққа шығарды.
Солардың бірегейі «Қаһарлы күндер» романы соғыс шындығы туралы шынайы жазылған шығарма. «Боран» романындағы бейбіт өмірде кездесер кертартпалық пен мансапқорлықты жеңудің оңай еместігін Қоспанның басына түскен ауыртпалықтар арқылы суреттеп береді. «Шырағың сөнбесін» романы да Нәзираның басына түскен соғыстың қасіреті, нәзік жанды әйел баласын шыңдап, өзімен бірге үш сәбидің өмірін сақтап, елге оралады. «Махаббат мұңы», «Ант», «Күтпеген кездесу» драмалық шығармалары театрларда сахналанып, көрермен көңілінен шығып жүр.
Осы орайда кітапханада «Қазақ әдебиетінің ақиығы» тақырыбымен кітап көрмесі жасақталып, оқырмандар назарына ұсынылды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Университеті Көптілді білім беру факультетінің 4 курс студенттері мен «Бином» мектебінің оқушылары кітап көрмесімен танысып, ақпарат алды.
Қарымды қаламгер Тахауи Ахтановтың есімі қазақ прозасының көксеңгірі іспетті биіктей берері анық.