Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында 23 сәуір - Бүкіл дүниежүзілік кітап пен авторлық құқық күніне орай «Кітаптың таңғажайып әлемі» атты айлықтың ашылу салтанаты өтті.
Шара барысында «Жайық қызы» бишілер тобы мың бұралған «Ерке сылқым» биімен әдемі көңіл күй сыйлады. Жүргізушілер оқырмандарды айлық аясында өткізілетін шаралармен таныстырды.
Сондай-ақ көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы бөлім Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасынан сахналық қойылым қойды және жазушы Төлен Әбдіковтың шығармаларын зағип оқырмандарға арнап көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы бөлімде нүктелі-бедерлі қаріппен теріліп, басылған кітаптардың тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар «KITAP SUIER QUIZ» атты колледж студенттерімен интеллектуалды зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Зияткерлік ойынға «1465» тобы - Атырау жоғары медициналық колледжі, «Ашкөздер» тобы - С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, «АИК жастары» тобы - Атырау индустриялық колледжі, «АЭСК жастары» тобы Атырау энергетика және құрылыс колледжі, «Көкжиек» тобы - Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының музыка колледжінің студенттері мен «Еркетотайлар» тобы - Жалпы білім беретін №37 Салық Зиманов атындағы орта мектеп оқушылары қатысты. 6 кезеңнен құралған тартысты ойында ой ұшқырлығымен көзге түскен «Ашкөздер» тобы С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенттері 1 орынға ие болса, «Еркетотайлар» тобы №37 Салық Зиманов атындағы орта мектеп оқушылары 2 орынға, «Көкжиек» тобы Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының музыка колледжінің студенттері 3 орынға ие болды.