6.03.23.
«Мұқан Төлебаев – жаңашыл композитор»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында композитор, қазақтың опера өнерінің негізін салушылардың бірі Мұқан Төлебаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Мұқан Төлебаев – жаңашыл композитор» тақырыбында ақпарат сағаты ұйымдастырылды.
Шараға Қ.Дүтбаева атындағы Атырау мемлекеттік гуманитарлық колледжінің студенттері қатынасты. Қазақ музыкасының құдіретін әлемге танытқан ұлы сазгер Мұқан Төлебаев 1913 жылы 13 наурызда Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы, Қарашаған деген жерде дүниеге келген. Оның балалық шағы Балқаш көлінің жағалауында, Жетісудың кең даласында өтті. Мұқанның музыкаға деген қабілеті ерте оянды. Алты жасында домбыра шертіп, ән салуға әрекеттенді. Мұқан Алматыда арнайы сынақтардан өтіп, Мәскеу консерваториясының жанынан ашылған қазақ студиясына қабылданады. Тұңғыш авторлық шығармаларына: «Кешкі көк», «Көп жүрдім» және «Қамар» сияқты әндері мен романстары жатады. Сонымен қатар «Соқ барабан», «Жеңіс», «Комсомол» патриоттық әндері және «Кестелі орамал», «Тос мені, тос» сияқты лирикалық әндер оның шығармашылығында маңызды орын алады. Композитордың көлемді шығармаларының бірі «Біржан-Сара» операсы. Небәрі 47 жас жасаған сазгер қысқа ғана ғұмырында 100-ден аса музыкалық шығарма жазды. Ол оркестрлік және камералық шығармалар, 50-ден астам өлеңдер, романстар, спектакльдер мен фильмдерге арнап музыка жазған, сонымен қатар халық әндерін өңдеген композитордың есімі еліміздің музыка өнері тарихында қайталанбас ерекше дарын иесі ретінде есте қалғаны белгілі. Қазақ музыкасын жоғарғы деңгейге көтеріп, өмірге қайталанбас туындылар әкелген М.Төлебаевтың өмір жолы шығармашылығы туралы мәліметтерді шара барысында кітапханашы әңгімесіне арқау етті. Шара соңында М.Төлебаев туралы «Жәдігер» атты бейне фильм көрсетіліп «Кестелі орамал» шығармасы мен композитордың кітаптары оқырмандар назарына ұсынылды.
Мақсаты: Қазақ музыка әлемінің жарық жұлдызы, бірнеше дүркін мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты аса дарынды композитор М.Төлебаевтың шығармаларын оқырман қауымға насихаттау болып табылады.