Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ақын, журналист, баспагер, Мақат ауданының құрметті азаматы Елеместегі Қажымұқан Құмарұлының туғанына 70 жыл толуына орай «Мұнайлы өңір жаршысы» атты еске алу кеші өтті.
Қажымұқан Елеместегі Мақат ауданына қарасты Доссор кентінде дүниеге келген. Туған өлкесі мен мұнайшылардың тыныс-тіршілігінен хабар таратып тұратын «Мұнайшы» газетінің шығуына мұрындық болған. Ауданның дамуында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысқан азамат.
Кешке Қажымұқан Елеместегінің жары Сагинбаева Ұштап Жолдыбайқызы мен ұлдары Зейнолла мен Бейбіт, келіні Оксана, немерелері Рамазан мен Райхан қатынасып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қажымұқан Елеместегімен жұмыстас болған журналистика саласының ардагерлері: Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Мұхамбетов, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Қайыржанов, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Қ.Сұлтанғалиұлы, Ө.Әлімгерейұлы, журналист, «Хабар» агенттігінің Атыраудағы меншікті тілшісі Арыстанбек Кенже т.б. майталман журналистер естелік айтып, ой бөлісті.
Қажымұқан Елеместегінің өміріне арналған бейнебаян экраннан көрсетіліп, кітаптары мен шығармашылығынан дәстүрлі кітап көрмесі жасақталып оқырмандар назарына ұсынылды.
Мақсаты: Аудан тарихында еселі еңбегімен, елеулі із қалдырған Қажымұқан Елеместегінің шығармаларын оқырмандарға кеңінен насихаттау.