06.12.22
«Талғампаз жазушы»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұқанбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Талғампаз жазушы» атты кітап көрмесі мен библиографиялық шолу оқырмандар назарына ұсынылды.
Қажығали Мұқанбетқалиұлы (1942-2020) жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Кемерши ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. Ақтөбе облыстық телевизиясы мен Радио комитетінде, «Комунизм жолы» газетінде, Алматыдағы «Қазақстан» баспасында, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде әр түрлі жауапты жұмыстарда болды.
Шығармашылық жолы 1963 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінде «Жөке ата» деген әңгімесінен басталып, «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық» атты әңгімелер мен хикаяттар жинақтары шыққан. Осы жылдары Л.Толстойдың, Р.Агутагаеваның, С.Моэмның, П.Мерименнің, Ги де Мопассанның әңгімелерін қазақ тіліне аударды. ХVIII ғасырдағы оташылдық езгіге қарсы күрескен өзі би, өзі батыр Сырым Датұлы туралы ұзақ зерттеулерден кейін Тәуелсіздік жылдарында «Тар кезең» атты тарихи романы 2012 жылы оқырмандарға жол тартты. Автор осы роман үшін 2014 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды.
Кітап көрмесіне: Қ.Мұқанбетқалиұлының «Елорда» баспасынан 2003 жылы шыққан «Сынық терезе», «Жазушы» баспасынан 2005 жылы шыққан «Жалғыз жиен», «Мереке» баспасынан 2012 жылы шыққан «Тар кезең» тарихи романы, Алматы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 2015 жылдарда шыққан 4-томдық шығармалары және т.б әдебиеттері қойылды.
Мақсаты: Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармаларын оқырман қауымға насихаттау және кітап оқуға деген құштарлықты арттыру.