05.12.2022
«Тауқымет романы көп оқылатын туынды»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында жазушы, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Иманғазинаның туғанына 80 жыл толуына орай «Тауқымет романы көп оқылатын туынды» айдарымен сұрақ-жауап көрмесі ұйымдастырылды.
Романда, 17 жасында бір қаскөйдің кесірінен мүгедектікке душар болған өрімдей жас қыздың «Осыдан аман-есен сауығып, ел қатарына қосылып, екі аяғымнан тұрар болсам, барлық мүгедектерге, жетімдерге қолымнан келген көмегімді жасауға тырысамын» деген сөзінде тұрған қайсар қыз бүгінде «Бибі-Ана» деген атпен белгілі. «Тауқымет» кітабын іздеп жүріп оқитын оқырмандар ұлт рухы десе асқақ ойын ашық айтып, ұрпақ тәрбиесі десе ұйқысын сан бөлетін Бибігүл Қабиқызының басынан өткерген сан түрлі қиындықтарға қарамастан намысты жанитын жігер сыйлайтын осы кітабынан алар ұлағат мол екенін тілге тиек етті. Ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақ-жауап сағаты тартымды өтті. Шараға Қ.Дүтбаева атындағы колледждің студенттері Әділхан Назерке, Марал Айсұлу, Искакова Оксана және кітапхана оқырмандары қатысты.
Мақсаты: Адалдық пен адамдықты, қуаныш пен қасіретті қатар алып, нәзік иығымен көтерген қайсар қыз, майталман жазушы Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» романын оқытып, оқырмандарға кеңінен насихаттау.