Кітапханада жазушы, драматург, аудармашы Асқар Сүлейменовтың туғанына 85 жыл толуына орай «Дара болмыс, тума шешен» атты кітап көрмесі жасақталып, оқырмандар назарына ұсынылды.
Асқар Сүлейменов өз буынындағы ерекше модернист – сөз эстетикасына ерекше ден қойған. Жазушының шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Олар: сыншылдық, прозалық және драматургиялық.
Сүлейменовтің сыншылдығы, иірімге толы театры, ойға бай прозасы жеке-жеке зерттеуді қажет ететін көркемдік әлемдер арнасы. Ойы да, сөзі де алмастай өткір, көл-көсір білімді, от ауызды, орақ тілді, жаңа әдебиет жасауға бар жан-тәнімен кіріскен, ұлтқа қызмет ету үшін жаңа идеяларды ұсынып, оның жүзеге асуы үшін тер төккен жазушы.
Жазушының әдебиет пен өнер жайлы мақалалары, «Адасқақ» және «Бесатар» повестері, «Кек» драмалық шығармалар жинағы, «Болмыспен бетпе-бет» эстетикалық мақалалары мен ой-толғамдары жарық көрген.
Сонымен қатар Б.Брехт, Ж.Мольер, Е.Шварц, С.Ахмадтың пьесаларын аударған.