Бүгін руханият ордасында «Бір өлке – бір жазушы» акциясы аясында ақын Нұралы Әжіғалиевтің туғанына 85 жыл толуына орай «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» атты жыр кеші ұйымдастырылды.
Киелі Нарын топырағының қызғыш құсы, кестелі жырдың хас шебері, от ауызды, орақ тілді Нұралы Әжіғалиев біртуар ақындардың бірі. «Азаматтық мандаты – жыры» болған Нұралы Әжіғалиевтің өлеңдері жүректен шығып, жүректерге жеткен өлмес жырлар. Олардың өміршеңдігін уақыт өзі дәлелдеп отыр.
Жыр кешінде «Фариза жұлдыздары» клубының мүшесі Талап Нұрай ақынға арнау өлеңін оқыса, С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжінің студенттері Гайдар Бекмарғұлан, Бақтығұл Олжас, Сисенәлі Ажар және Қалбаева Асия, Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің студенттері Нышан Бекет, Мұқтар Индира, Ермекқали Бекболсын, Қайрекешов Бақтыбай, Төлеуғалиев Бектас және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Университетінің студенттері Тұрланқызы Айтуған, Шакрат Әсел, Төлемісов Саят, Мәлікұлы Асылан ақын жырларын мәнерлеп оқып, домбырамен күй ойнап, гитарамен ән де шырқады.
Қатысушыларға кітапхана ұжымы атынан халықаралық кітап сыйлау күніне орай Күләш Ахметованың шығармалар жинағы сыйға тартылды.