Өңірдің кітап әлемі
Өлкеміздің кітапхана тарихының бастауында тұрған Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы 1938 жылы құрылды. Ал, оның тарихына шегініс жасасақ, сонау 1920 жылдардан бастау алады. Кітапхана Гурьев уездік халыққа білім беру бөлімінің мектептен тыс бөлімшесінің үш секциясының бірі ретінде халыққа қызмет көрсете бастаған. Оның уақытша штаты енгізіліп, орталық кітапхана меңгерушісі, көмекші және екі кітапханашы жұмыс жасай бастайды. Алғашқы жылдардан бастап кітаптарды сұрыптау және толық каталог жасау жұмыстары жүргізілген.
Облыстық кітапхана Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған кезеңдерде орыс жазушысы Николай Островскийдің есімімен аталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен облыстық ғылыми әмбебап кітапханаға жерлес жазушы Ғ.Слановтың есімі берілді. Облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының 24, мыңдай оқырманы 312 мың дана кітап қорын өз игіліктеріне пайдалануда. Осы руханият ордасында ресейлік және республикалық, облыстық және аудандық мерзімді басылымдардың, ғылыми диссертациялар мен авторефераттардың бай қоры жинақталған.
Кітапхана қызметкерлері оқырмандар арасында қазақтың белгілі ақын- жазушыларының, әйгілі өнер адамдарының шығармашылықтарымен қатар, атыраулықтардың мақтанышына айналып отырған жазушылардың шығармашылығын насихаттауды дәстүрге айналдырып келеді. «Қазақстан кітапханасы» мемлекеттік электронды кітапханалық қорын құру» атты жобаға орай кітап қорындағы Ғ. Сланов кітаптарының сандық көшірмесін жасауы оқырмандарға жаңа технология арқылы жазушы шығармашылығының қыр-сырына үңілуге мол мүмкіндік жасап отыр.
Кітапхананың виртуалды қызметін, электронды құжат жеткізу бойынша көрсетілетін қызметті облыс оқырмандары мекен-жайының шалғайлығына қарамастан пайдалануына мүмкіндік жасалған. Қорында болмай қалған әдебиеттерді еліміздің іргелі кітапханаларының, атап айтқанда, Ұлттық және Ұлттық Академиялық кітапханаларының қорынан электронды каталог арқылы іздестіріп, құжаттарды электронды жеткізу қызметін пайдалану нәтижесінде оқырмандардың кез-келген тақырыптағы әдебиеттерге сұраныстары толық орындалады.
Кітап қорының басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша республика баспаларынан жарыққа шыққан әдебиеттер есебінен толықтырылады. Кейбір авторлар өз кітаптарын сыйға береді. Сондай-ақ «Кітапханаға кітап сыйлайық» дәстүрлі акциясы бойынша оқырмандар жеке өз кітаптарын сыйға тартады. Бізде жергілікті ақын-жазушылармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі.
Бүгінде қарқынды дамудағы ақпараттық технологиялар аясында сапалы және қазіргі заманғы ақпаратқа деген сұраныстың көлемі, ақпараттық желінің көбеюі қазіргі заманғы кітапханалардан елеулі өзгерістер мен жаңа технологиялық үрдістерді енгізуді талап етеді.
2017 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілгендігі белгілі. Соған орай, Қазақстанда 2020 жылға қарай барлық кітапхана қоры сандық жүйеге өтуі міндеті жүктеп отыр. Цифрлық технологиялар арқылы ұлттық жазба-құжаттық мұраларға қол жеткізумен, сақталуымен қамту және келешекке табыстау жобасын жүзеге асыру мақсатында 2014 жылы кітаптарды сандық форматқа көшіру мақсатында ПланСкан кәсіби аппараты алынды. Сандық форматқа көшірілген басылымдар саны 5037-ге жетті, оның 265 кітап. Қазір облыстағы қалалық және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелері осындай кәсіби аппарат алуға жұмыстанып жатыр.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық электронды кітапханасы» мемлекеттік электронды кітапханалық қорын құру» атты жобаға орай кітап қорындағы жергілікті жазушылардың кітаптарының сандық көшірмесі жасалды. Сөйтіп, оқырманға жаңа технология арқылы өлке әдебиетінің тарихына үңілуге, қазіргі тыныс-тіршілігін оқып пайымдауға мол мүмкіндік жасап отыр. Сонымен қатар, электронды каталогқа ену, барлық білім саласы бойынша толық мәтінді мәліметтер базасына қол жеткізу, виртуальды анықтама қызметі, құжаттарды электронды жеткізу қызметтері оқырман игілігінде. Олар Интернетті ақысыз пайдаланады және кітапхана залдары WI-FI желісімен қамтылған.
Жақында облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы мамандары арасында Ұлттық кітапхананың ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Н.Есқалиева мен жетекші маман Б.Тоқтарованың қатысуымен «Каталогизаторлар мектебі» жобасы аясында «Автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық Web-RABIS жүйесі» тақырыбында тағылымдама ұйымдастырылды. Қазіргі кезде жастардың оқу белсенділігін арттыру арқылы рухани байлығы мен қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыру жалпы қоғамның соның ішінде кітапханашылардың алдында кезек күттірмейтін іске айналып отыр.
Жергілікті өлкетанушылардың, ғалымдардың зерттеу еңбектерін насихаттау бағытындағы жұмыстар мұнымен ғана шектелмейді. Авторлардың өнегелі өмір жолы мен шығармаларының жазылу тарихы, өлкетануға байланысты деректерді және тағы басқа толымды деректерді қамтитын мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген барлық жарияланымдардың толық электрондық деректер базасы жасақталды. Бүгінде кез-келген жазушы шығармашылығы туралы ізденген, олар туралы қандай болса да дерек қарастырған оқырмандар бұл жұмыстардың игілігін көріп жүр.
Алаш қозғалысының тұлғалары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Атыраулық Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттай отырып, оқырмандардың тарихи әдебиеттерге қызығушылығын қалыптастыру мақсатында кітапхана қорындағы және Ұлттық Академиялық кітапханасында жасақталған «Мәңгілік ел» электронды кітапхана қорынан, Атырау облыстық тарихи өлкетану музейі мен облыстық, қалалық архивтер қорындағы деректермен қоса материалдарды қамтитын «Атыраулық Алаш қайраткерлері» атты электронды дерекқор құрастырылды.
Облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы бүгінгі күні облыс орталығындағы бірден-бір жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізетін, білім алғысы келетін әр оқырман пайдаланушыға бағыт-бағдар беруші руханият ордасына айналып отыр. Кәсіби дәрежелері жоғары кітапхана қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кітапханамызда облыс көлеміндегі оқырман қауымның әртүрлі деңгейдегі әдебиеттерге сұраныстарын қанағаттандыру, қызығушылық танытқан жастардың таным көкжиектерін кеңейту бағытында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналдырылған.
Гүлжан ЕСКЕНДІР,
Ғ.Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының жетекші әдіскері
Ескендір Г.Ш. Өңірдің кітап әлемі // Мерейлі мекен. – 2019. – Шілде (№27). -16-17 б.