






Бүгін кітапханада публицист, Жазушылар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жұмабай Доспановтың «ҚАРУ МЕН ҚАЛАМ» кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараны Атырау облысы әкімінің орынбасары Шамұратов Дарын Дүйсембайұлы ашып, әскери тарихшы Жұмабай Доспанов қолға алған 1941–1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың тарихын зерттеу, отандық майдангерлердің ерлігін кейінгі буынға кеңірек насихаттаудағы ерен еңбегін айрықша атап өтті.
Кешке өлкемізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, студенттер мен оқушылар, кітапхана оқырмандары қатысты.
Кітаптың тұсауын Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтешов Мұрат Сақтайұлы мен «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Қатимолла Ризуанов кесті.
Оқырманға жол тартқан бұл кітап қан майданда, одан бұрын, не кейінде қару мен қаламды қатар ұстаған қазақстандық журналистер, әдебиетшілер, ақын-жазушылар туралы нақты құжаттарға, архивтік материалдарға сүйенумен дайындалып, жазылған.
Олардың сол тұстардағы деректері қысқаша, ықшамдалған күйде алынған. Бұлардың барлығы да майдангерлер, көпшілігі офицерлер, бәрі дерлік марапаттылар, араларында «Алтын Жұлдыздылар», соған екі мәртеден ұсынылғандар, қаза тапқандар бар.


































