КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, дарынды актер, қазақтан шыққан тұңғыш кинорежиссер, қоғам және мемлекет қайраткері Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қазақ киносының майталманы» тақырыбында ақпарат сағаты ұйымдастырылды.
Шара барысында кітапханашы ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуына, қазақ театры мен кинематографиясының дамуына зор үлес қосқан, көрнекті тұлға туралы мәліметтерді әңгімесіне арқау етті. Ш.Айманов аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі. Кинорежиссер ретінде: «Махаббат аңызы», «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» және т.б. фильмдерді түсірген. «Атаманның ақыры» - қазақ кино қоржынына қосылған қомақты туынды. Айтулы фильм отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина ретінде енуімен құнды болса, қазақтың ұлтжанды ұлы, бірегей режиссері Шәкен Аймановтың соңғы түсірген туындысы болуымен қастерлі. Сондай-ақ киногердің өмір жолы және шығармашылығы туралы жазылған әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылды.
Аталған шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары қатынасты.