Бүгін руханият ордасында 23-сәуір Бүкілдүниежүзілік кітап пен авторлық құқық күніне орай «Кітап – кеме, білім – теңіз» кітап айлығының ашылу салтанаты өтті.
Кітап – адамзат үшін қасиетті қазыналардың бірі. Әлемде жазу, сызу пайда болғаннан бері, барлық ілім мен білімнің қайнар көзі біздің қолымызға осы кітап арқылы жеткен. Кітап – білімнің қайнар көзі ғана емес, кітап – дос, сырлас, көп жағдайда ақылшыңа да айналады.
Шарада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өз оқырманын көркем туындыларымен балалық шаққа саяхат жасатып, бал күндерімізді еске түсіріп ерекше сезімге бөлейтін, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі – Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған кітап көрмесі таныстырылып, «Менің атым – Қожа» повесінен көрініс қойылды.
Биыл жерлес ақын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай кітапхана қызметкерлері Құралай Шапағатқызы мен Манарбек Болатбекұлы ақын өлеңдерін нақышына келтіре орындады.
Сонымен қатар қазіргі уақытта ұялы телефонға жіпсіз байланудың тигізер зияны мен кітап оқудың үлкен пайдасын насихаттау үшін «Ұялы телефон мен Кітап» атты арнауын кітапхана қызметкері, айтыскер ақын Манарбек Сатыбалдин орындады.
Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері Қуаныш Інжу мен Сисенғалиев Бақытбек әуелете ән шырқап, шараның көркін кіргізді.
Қымбатты оқырман сіздерді сәуір айы бойы кітап айлығында өткізілетін мәдени іс-шараларымызға белсенді қатысуға және кітап оқуға шақырамыз!
https://www.facebook.com/atyraulib.kz/videos/1620469052097452/