Серікқалиева М. Кітап әлемі // Үш қоңыр газеті. - №17.-1,3 бет.
КІТАП ӘЛЕМІ
23 сәуір – Бүкілдүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні.
Жалпы 23 сәуір – әлем әдебиеті үшін ірі символикалық дата. Дәл осы күні әлем әдебиетінің майталмандары, танымал авторлар Мигель де Сервантес, Уильям Шекспир, Морис Дрюон дүние есігін ашты. 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында бұл күні кітап пен кітап авторларына құрмет білдіру қажет деген шешім қабылдады. Аталмыш мереке Халықаралық кітап баспа Ассоциациясының ықпалымен 1969 жылдан бері тойланып келеді. 1995 жылдың 16 қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28-сессиясында мереке туралы жарғы қабылданып, 23 сәуір – «Дүниежүзілік және авторлық құқық күні» болып жарияланды. Осы мереке арқылы ЮНЕСКО ұйымы баршаны, әсіресе, жастарды кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуға үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырады.
Жыл сайын аталмыш мерекеге орай барлық кітапханаларда акциялар, фестивальдар, кітап айлықтары дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Осы атаулы күнге орай сәуір айының басында бастау алған «Кітаптың таңғажайып әлемі» атты кітаптар айлығының әр күні мазмұнды да тағылымды шараларға толы болды. Солардың кейбіріне тоқталып өтпекпін.
Кітаптар айлығының ашылуы аясында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы бөлім Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасынан сахналық қойылым қойды және жазушы Төлен Әбдіковтың шығармаларын зағип оқырмандарға арнап көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы бөлімде нүктелі-бедерлі қаріппен теріліп, басылған кітаптардың тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар «KITAP SUIER QUIZ» атты колледж студенттерімен интеллектуалды зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Зияткерлік ойынға «1465» тобы – Атырау жоғары медициналық колледжі, «Ашкөздер» тобы – Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, «АИК жастары» тобы – Атырау индустриялық колледжі, «АЭСК жастары» тобы Атырау энергетика және құрылыс колледжі, «Көкжиек» тобы – Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының музыка колледжінің студенттері мен «Еркетотайлар» тобы – Жалпы білім беретін №37 Салық Зиманов атындағы орта мектеп оқушылары қатысты. 6 кезеңнен құралған тартысты ойында ой ұшқырлығымен көзге түскен «Ашкөздер» тобы Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің студенттері 1 орынға ие болса, «Еркетотайлар» тобы №37 Салық Зиманов атындағы орта мектеп оқушылары 2 орынға, «Көкжиек» тобы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының музыка колледжінің студенттері 3 орынға ие болды.
Айлықтың екінші күні оқырмандар «Әлемді кітаппен таны» деген тақырыпта кітапхананың кітап қорына түскен жаңа әдебиеттермен таныс болды. Көрмеге халқымыздың үлгі-өнеге, дәстүр-салты молынан қамтылған, әсіресе өсер ұрпаққа берері көп шығарма Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы, Қадыр Мырза Әлінің «Жазмыш», «Иірім» кітаптары, Жекен Жұмақановтың «Махаббат пен мансап» повесі, қазақтың бас ханы Әбілқайырдың жары Бопай Сүйіндікқызының өмірнамасына арналған Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» тарихи романы, 1931-33 жылдары елімізді шарпыған ашаршылықтың тигізген зардабы туралы Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң» деген деректі романы, көптеген психологиялық кітаптардың авторы Луиза Хейдің «Әйел даналығы», Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке», Джеймс Гринвудтың «Өгей бала» шытырман оқиғалары және т.б көптеген әдебиеттер қойылды. Сондай-ақ «Кітап пен киноның сиқырлы әлемі» атты тақырыпта оқырмандарға Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы желісімен түсірілген режиссер Жәнібек Кәкімжанның «Оң қол» фильмі көрсетілді.
Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ғалым, публицист Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Алаштың асыл арысы» атты кітап көрмесі жасақталып, ақпараттық сағат ұйымдастырылды. Аталмыш көрме мен ақпараттық сағатқа Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Кітапханашы Айман Ізденқызы Халел Досмұхамедұлының қазақ халқы үшін, өзінің отаны Қазақстанның келешегі үшін сіңірген, мұра етіп қалдырған елеулі еңбектері бүгінде бағалауға тұрарлық егендігін, XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы саяси өмірдің бел ортасында Халелдің қайраткерлік іс-қабілеті арда азаматты ұлтының ұраны боларлық биік дәрежеге көтергендігін, арпалыс кезеңдерде өткізген өзінің қысқа ғұмырында ол дархан дарынын, қарымды қабілетін және еңбекқорлығын мейлінше өз деңгейінде көрсеткенін атап өтті.
Сонымен қатар руханият ордасында «Жансарай» жобасы жүйелі жүзеге асып келеді. Бұл жобаның мақсаты қолына қалам ұстап, шығармашылықпен айналысып, жарыққа шыққан кітаптарын кітапхана қорына сыйлап жүрген өзге мамандық иелерін, яғни жергілікті еңбек адамдарының есімін таныту. Осы орайда руханият ордасында «Еңбегімен елге танылған» тақырыбымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Атырау облысының құрметті азаматы Ирзағалиев Қосыбек Салтанатұлымен кездесу кеші өтті.
Шарада автордың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик пен кітап көрмесі жасақталып, оқырмандар назарына ұсынылды.
Қазақ халқының өмір-тіршілігінің ажырамас бөлігі мал шаруашылығы болса, соның ішінде Шопан ата төлінің орны ерекше. Осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл шаруашылығы саласының жілігін шағып, майын ішкен ғалым Қосыбек Ирзағалиевтің еңбегі зор.
Мұны кездесуге қатысқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Таубаев Бақытбек Жұбандықұлы және осы саланың ардагерлері Абдошев Елемес, Талтенов Ахат, Уалиев Бораш, Дюсегалиев Мұхит және Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабаевтар да атап өтті.
Ғалымның еңбегі мен іс-тәжірибесін тыңдап, мағлұмат алу үшін Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің ауыл шаруашылығы мамандығының студенттері мен ұстаз Нұғыманова Айғаным Күресқызы қатысып, мал шаруашылығының қазақ халқының өмірінде маңызды саланың бірі екені, соның ішінде Қосыбек Салтанатұлы зерттеген қой малын асылдандыру жұмыстарының болашағы бар екенін, ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлесі барын атап өтті.
Кеш соңында Қосыбек Салтанатұлы оқырмандарға, сондай-ақ осы шараны ұйымдастырған Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы ұжымына ризашылығын білдіріп, ақжарма алғысын жеткізді.
Аталмыш айлық аясында Чернобыль оқиғасына 37 жыл толуына орай апатты жоюға аттанған батыр ағалармен «Чернобыль апаты – ғасыр дерті» атты кездесу кеші өтті.
1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында апатты жарылыс болып, дүйім жұртқа қауіп төндіретін экологиялық қатер орын алды. Кеңес Одағы тарихында қаралы күн болып қалған осы оқиғаның салдары көптеген адамның тағдырын өзгертіп, ұмытылмастай із қалдырды.
Кездесуге облыстық Чернобыль ардагерлер кеңесінің орынбасары Мурзагалиев Серик Хайрович, Чернобыль ардагерлері Елтаев Сәтбай мен Бакесов Аманбай қатысты.
Кеш қонақтары Чернобыль апатының кешегісі мен бүгіні, болашағы туралы жан-жақты ақпарат беріп, қаралы оқиға кезіндегі естеліктерімен бөлісті.
Жазушы Нәбиден Әбуталиевтің туғанына 95 жыл толуына орай «Қайран Нарын» повесін насихаттау мақсатында «Қарымды қаламгер» атты оқырмандар конференциясы өтті.
Кітапханашы Ғалия Сәлімжанқызы конференция барысында оқырмандарды Нәбиден Әбуталиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырып, экраннан жазушы туралы бейнеролик көрсетілді.
Жазушының «Қайран Нарын» повесін талдауға Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерғалиева Гүлдәурен Бекболатқызы, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жүрген 1/9/м тобының студенттері мен тұрақты оқырман Шакирова Сания Сарбасовна қатысып, шығарма туралы өз пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар кітапханашылар Ақтолқын Хайрошқызы мен Айман Ізденқызы повесть туралы өз ойларын ортаға салып, шығармаға жан-жақты талдау жасады.
27 сәуірде №38 мектеп лицейінде ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін ұлығылау мақсатында «Қыран қызы қазақтың» атты тақырыптық кеш ұйымдастырылды. Шара барысында Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі мен өмірбаянын насихаттайтын «Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова» атты бейнеролик пен «Қыран қызы қазақтың» атты виртуалды кітап көрмесі көрсетілді. Кітап көрмесінде ақын-жазушылардың соңғы жылдары штурман-ұшқыш туралы жазылған еңбектері, естеліктер мен мақалалар, сұхбаттар жинағынан тұратын «Хиуаз» шығармасы, «Қанатты қыздың» жеке және отбасы мүшелерімен, туған-туыстарымен, жауынгер достарымен түскен суреттері, майданнан анасына жазған хаттары, соғыстағы ерен ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбектері үшін алған марапаттары Хиуаз Доспанованың 90 жылдығына арналған «Қаһарман қыз Хиуаз» атты шығармасы оқырман назарына ұсынылды.
Осы бейнероликтер арқылы оқырмандарға викториналық сұрақтар қойылды. Сонымен қатар батыр қызға арналған ақын Маржан Ершудің «Хиуаз» атты поэмасы мен Нұрперзент Домбайдың «Қайсар қыз» дастаны оқылды.
Айлықтың қорытындысы ретінде «Кітаптың таңғажайып әлемі» атты кітап айлығының қорытынды салтанаты өтті. Шара барысында кітапхана ісін қолдау – қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екендігін ескере отырып, Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында кітап қорын толықтыруға ат салысып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс білдірді. Атап айтсақ, Қуанышқали Мизамұлы мен Рүстембек Берікұлы қорымыздағы өлкетану әдебиеттерін толықтырып, руханият ордасымен үнемі тығыз байланыста. Кітапхана басшысы Сара Салахединқызы Измұханбетова аталған тұлғалардың жаңа бастамаларына сәттілік, шығармашылығына толағай табыстар тіледі.
Шара барысында Қуанышқали Мизамұлы мен Рүстембек Берікұлы руханият ордасымен үнемі тығыз байланыста болатынын жеткізіп, кітапхана оқырмандарының көбейе беруіне тілектестік білдірді.
Сонымен қатар білім көкжиегінде кітапты рухани жансерігіне балаған, биіктерді бағындыруға ұмтылған жас оқырмандардың арасында өткен «KITAP SUIER QUIZ» зияткерлік ойынында біліктілігі мен білімі, бабы мен бағы қатар шапқан Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі студенттерін 1 орынмен, Жалпы білім беретін №37 Салық Зиманов атындағы орта мектеп оқушыларын 2 орынмен және Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясының музыка колледжі студенттерін 3 орынмен марапаттады.
Бұнымен шаралар легі осымен шектелмейді, әрі қарай да әр түрлі форматтағы іс-шаралар жалғасын таба бермек. Рухани жан дүниесін байытқысы келетін әрбір оқырманға Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының есігі әрдайым айқара ашық. Келіңіздер. Оқыңыздар.
Мөлдір Нұрбекқызы Серікқалиева
Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының кітапхана ісін дамыту бөлімі әдіскері