16.04.25
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Ұлттық кітап күні» мерекесін мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 маусымдағы №522 қаулысының 2-1 тармағына сәйкес 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі биылғы жылы тұңғыш рет аталып өткелі жатқан «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай 16-23 сәуір аралығында әр күннің тақырыптық айдары берілген кітап апталығын өткізуді ұсынған болатын.
Осыған орай «Мәртебелі кітап» атты апталықтың ашылу салтанаты аясында Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап – рухани қазына» атты ашық аспан астында мерекелік шара өтті.
Бүгінгі шара аясында фотокөрмелер, кітапханаға түскен жаңа әдебиеттер көрмесі, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары және кітап инсталяциялары таныстырылды. Жергілікті ақын-жазушылардың қатысуымен әдеби салон ұйымдастырылды. Шара барысында кітапхана жанашыры, жазушы, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның құрметті журналисі», Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Жаңабай Төлеген Жаңабайұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Жылыой және Мақат аудандарының құрметті азаматы Болат Дәулетов, журналист, жазушы, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Қазақстан Республикасының «Үздік өлкетанушысы», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері Дәрелов Таңатар Дәрелұлы, жазушы Хайдар Байзақовпен сұхбат құрылып, оқырмандар авторлық қолтаңбаларын алды. Қаладағы іргелі кітап дүкендері: «АРИЗАР» және «КІТАП АЛ» кітап дүкендері де кітап саудасын жасады.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай шара барысында «Еңбектен тапқан бақытын» атты кітап көрмесі, сондай-ақ, кітапхана қорына жаңа түскен әдебиеттерден жасақталған «Жаңа әдебиеттер әлемі», жергілікті ақын-жазушылар кітаптарынан жасақталған «Өлке дарабоздары» атты кітап көрмелері де таныстырылды.
Мерекелік шара Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілерінің концертімен жалғасты.