Бүгін руханият ордасында өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Өтепберген Әлімгерейұлының «Қызыл кітап» және «Дарабоздың дабысы» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Өлке тарихын қашанда кең көлемде зерттеп, зерделеп жүрген жазушы бұл жолы да біртуар тұлғалардың өмірі мен күрес жолдары туралы тарихи деректер негізінде жазылған және Атырау өлкесінің этнографиялық құндылықтары баяндалған жаңа туындыларын оқырмандар назарына ұсынды.
Аталмыш кітаптардың лентасын Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Өмірзақ Қажымғалиұлы қиып, жаңа кітаптар туралы пікірлерін білдірді.
Шараға өлкемізге танымал ақын-жазушылар мен оқырмандар, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі мен Жоғары медициналық колледж студенттері қатысты.
Шарада Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық оркестрінің домбырашылары, Халықаралық және Республикалық сайыстардың лауреаттары, «Талант» сыйлығының иегері Ақбөкен Темір мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев күмбірлеген күйімен шара қонақтарының қошеметіне бөленді.
Оқырман назарына ұсынылып отырған «Қызыл кітап» тарихи-этнографиялық жазбасында Атырау аймағының басқа өңірге тән емес салт-дәстүр түрлері, мәдени құндылықтары, тарихи тұлғалары туралы мәліметтер баяндалса, «Дарабоздың дабысы» кітабында күй өнерінің жарық жұлдызы, елімізді екі шекті аспабымен әлемге танытқан дәулескер орындаушы, дарабоз күйші Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығымен қоса адами қасиеттері мен азаматтық ұстанымы туралы сыр шертеді.