Ұлы Абайды ұлықтап...
Ұлы Дала кемеңгері Абайдың 175 жылдығын тұтас ел болып мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз еліміздің руханият әлеміне тың серпіліс әкелер үлкен оқиға болғалы тұр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу, - деп атап көрсеткен болатын. Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін, философиясын әлемге паш еткен Ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау, сондай-ақ Дала кемеңгерінің өнегелі өмір жолын дәстүрлі Республикалық «Бір ел –бір кітап» акциясы аясындағы жылдың таңдаулы кітаптарының бірі болып отырған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы өскелең ұрпақтың санасына сәуле беру – кітапханашылардың абыройлы міндеті.
Осы міндет аясында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты кеңейтілген кітап көрмесінің таныстырылымы ұйымдастырылды.
Шараны жүргізген Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана басшысы Сара Измұханбетова: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: Республика көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген сөзіне ерекше назарларыңызды аудартқым келіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі Абайды ұлықтау шарасы Ұлы Дала данышпанының шығармаларын насихаттау бағытындағы жыл бойы өткізілетін кешенді шаралардың бастамасы» деп атап көрсетті.
Шараға "Аяз би" ауыл мəдениетін қолдау қоғамдық қорының жетекшісі, Республикалық «Мұнайлы мекен» журналының бас редакторы, мәдениет қайраткері, ақын Жеңіс Аронов, ақын, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және ҚР салалық Минералдық ресурстар академиясының академигі Сейітов Нәсіпқали, Облыстық Мәслихаттың депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор Шырдабаев Мағауия, Қазақстан журналистикасының қайраткері Хамит Әубәкіров, Атырау қаласының құрметті азаматы Сүлейменов Сүйеу қатысып, өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары, №34 Көпсалалы мектеп-гимназияның, Жалпы білім беретін №37, №40 орта мектептердің шәкірттері мен ұстаздары қатысты.
Аталмыш кітап көрмесін көпшілікке таныстырған Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Ғалия Сәлімжанқызы кітапхана қорындағы Абай шығармаларының жинақтарымен таныстыра отырып, Абай мұраларын зерттеушілердің кітаптарын тілге тиек етті. Шараға қатысқан кітапхананың тұрақты оқырмандары ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да...», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшілік ризашылығына бөленді.
Осы шара аясында мұнай-газ саласы әдебиеттерін насихаттау мақсатындағы «Мұраты биік мұнайлы мекен» атты көрме залының ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, әйгілі энциклопедист-ғалым, ұлы ойшыл, Аристотельден кейінгі Дүние жүзінің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл Фарабидың туғанына 1150 жыл толуына орай «Тарихтағы рухани тұлға» атты тұрақты кітап көрмелерінің таныстырылымы ұйымдастырылды. Шараға жиналған оқырмандар қауымын кітапханашы Айбарша Нәсіпкерейқызы Әл Фарабидың еңбектерімен, трактаттарымен, көптомдық шығармалар жинақтарымен кеңінен таныстыра отырып, жылдың таңдаулы кітабының бірі болып табылатын ұлы ғұламаның өнегелі өмір жолын арқау еткен жазушы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романы туралы ақпарат берді.
Гүлжан Ескендір,
Ғ.Сланов атындағы
облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының жетекші әдіскері
«Атырау» газеті 4-ақпан 2020 ж. (№27)