23.04.25
Атырау халқы Ұлттық кітап күні мерекесін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған бұл шара қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында өтті.
Шара аясында Ф.ғ.д., профессор Қадыр Жүсіптің «Ақ Жайық жырлары», «Атырау қаламгерлері», «Парасат салтанаты», «Күй падишасы» кітаптарының тұсаукесері өтті. Жергілікті қаламгерлермен «Әдеби салон» ұйымдастырылып, оқырмандар ашық сұхбатқа қатысып, қолтаңба алды. «Kitap al» және «Arizar» кітап дүкендерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Балалар үшін қуыршақ театры, ертегі кейіпкерлерінің шеруі, шеберлік сағаттары мен «Дәмді кітаптар» библиофуршеті өтті. Сондай-ақ, «Жүз жылдық кітап», «Еңбектен тапқан бақытын», «Сіздер үшін ең жаңасы», «Өлке дарабоздары», «Ұлы Жеңіске 80 жыл», «100 жаңа оқулық», «Бабалар сөзі» сынды бірегей көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. Студенттердің «Ақтаңгер» ақындар клубы өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шараға өлке ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер, оқушылар, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.
https://www.facebook.com/100011441407475/videos/1199361908557876/