4.05.2022 ж.
«Елін қорғау – ерге серт»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында 7 мамыр Отан қорғаушылыр күніне орай «Елін қорғау – ерге серт» тақырыбымен кітап көрмесі жасақталып, ақпараттық сағат ұйымдастырылды.
1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып құрылғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды.
Мерекелік шараға Атырау қаласындағы № 5546 әскери бөлімнің сарбаздары мен тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі, лейтенант Шынжигитова Малика Серикбаевна қатысты. Әскери бөлім сарбаздары Б.Смағұлдың Қаһарман кітабынан «Оқ пен Отан» поэмасынан үзінділер оқып, Отан алдындағы борышы туралы өз ойларын ортаға салды.
Кітап көрмесіне қойылған К.Аманжолов пен А.Тасболатовтың Қазақстанның әскери тарихы «Білім»2002 ( Қазақстанның көне дәуірлерден бүгінгі күнге дейінгі әскери тарихы баяндалады), Саптық әмірлер, рапорттар, әскерилердің қарым-қатынас сөздігі «Білім» 2008, Ж.С.Иманасова Әскери құрылымда іс жүргізу «Дәуір» 2014, Н.Назарбаев Қызмет хроникасы – 2010, Б.Смағұл Қаһарман «Хан тәңірі» 2016, Қазақтың қара майоры» Алматы 2014, А.Садуақасов Отан сақшылары «Қазақстан» 1989 және орыс тіліндегі кітаптармен шара қонақтары танысты.
Мақсаты: Отан қорғау - әрбір кәмелетке толған азаматтың қасиетті борышы екенін үнемі есте сақтау және осыған байланысты кітапхана қорындағы әдебиеттерді насихаттау.