13.06.2022 ж.
«Ақын болып жүруді шын қалаймын, өлеңіндей өлең іздеп Абайдың»
Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ақын, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалинның туғанына 75 жыл толуына орай «Ақын болып жүруді шын қалаймын, өлеңіндей өлең іздеп Абайдың» атты кітап көрмесі библиографиялық шолу оқырмандар назарына ұсынылды.
Нұрлан Оразалин – еліміздің саяси, мәдени, өміріне қоян-қолтық араласып, рухани кеңістігіміз бен ұлттық ойлау жүйеміздің тұтастығын сақтауда қайраткерлік қарым танытып жүрген тұлға. Ол Алматы, Астана, Мәскеу, Вашингтон, Нью-Йорк, Париж, Пекин, Ыстамбұл, Анталия, Киев, Баку, Ташкент, Бішкек, Душанбе, т.б. қалаларда өткен көптеген халықаралық форумдарда сөз сөйлеп, баяндамалар жасады. Нұрлан Оразалин «Ғасырмен қоштасу» жыр кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Алматы қаласы мен Алматы облысының Құрметті азаматы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
Нұрлан Оразалин қаламынан ондаған көркем дүниелер туды. "Беймаза көңіл", "Көктем көші", "Жетінші құрлық", "Азаматқа аманат", "Құралайдың салқыны", "Ғасырмен қоштасу", "Сырнайлы шақ" атты жыр жинақтары мен "Азаматтық айдыны" атты көркем публицистикалық-эссе толғаулар кітабы жарық көрді. Сондай-ақ Нұрлан Оразалиннің қаламынан туған "Шырақ жанған түн", "Тас киіктер", "Аққұс туралы аңыз" ("Бойтұмар"), "Қарымта", "Қилы заман", (М.Әуезовтың аттас шығармасының ізімен жазылған), "Бастықтың бір күні", "Қарақазан ғасыр", "Көктемнің соңғы кеші" тәрізді драмалық шығармалары көп жылдар бойы Қазақстан театрларында табыспен жүріп, теле-радио спектакльдерінің арқауына айналды.
Мақсаты: оқырмандарға ақын, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалинның таңдамалы шығармаларын кеңінен таныстырып, рухани әдебиетімізді насихаттау.