13.04.23.
«Алаштың асыл арысы» ақпараттық сағат
Ғ.Сланов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында 23 сәуір – Бүкілдүниежүзілік кітап пен авторлық құқық күні айлығының аясында Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ғалым, публицист Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Алаштың асыл арысы» атты кітап көрмесі жасақталып, ақпараттық сағат ұйымдастырылды. Аталмыш көрме мен ақпараттық сағатқа Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Халел Досмұхамедұлының қазақ халқы үшін, өзінің отаны Қазақстанның келешегі үшін сіңірген, мұра етіп қалдырған елеулі еңбектері бүгінде бағалауға тұрарлық. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы саяси өмірдің бел ортасында Халелдің қайраткерлік іс-қабілеті арда азаматты ұлтының ұраны боларлық биік дәрежеге көтергені рас. Арпалыс кезеңдерде өткізген өзінің қысқа ғұмырында ол дархан дарынын, қарымды қабілетін және еңбекқорлығын мейлінше өз деңгейінде көрсетті.
Халелдің еселі еңбектері жаңа қоғамымыздың, қазіргі және болашақ ұрпақтарымыздың рухани өсіп-өнуіне, дамуына ықпал етері анық.
Көрмеге белгілі Халел Досмұхамедұлының туындылары мен қоғам қайраткері туралы жазылған Халел Досмұхамедұлы. Еңбектері «Жануарлар», «Тән саулығы», «Жан саулығы», Халел Досмұхамедұлы «Таңдамалы. Избранное», «Аламан», «Ағартушы Халел», «Ұраным-Алаш», «Жарығы өшпейтін жұлдыз», Т.Жаңабайұлы «Халқымен етене Халел Хакім» атты кітаптар мен Халел Досмұхамедұлы туралы айтылған ұлағатты пікірлер топтастырылған.
Мақсаты: Алаш зиялысы Халел Досмұхамедұлының сан-салалы қоғамдық қызметі мен өмірін, ғылым саласындағы еңбектерін оқырмандарға насихаттау.