26.10.22
«Дала академигі»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында тарихшы, өлкетанушы Жолжанов Мақсот Құмарұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Дала академигі» тақырыбымен еске алу кеші ұйымдастырылды.
Бүкіл саналы ғұмырын өлкеміздің өткен тарихын, топонимикасын зерттеуге арнаған Қазақстан Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы өлкетанушы Мақсот Жолжановтың есімі аудан, облыс, республика тарихында айырықша орын алады. Ол өмір бойы ақиқаттың ақ жолынан айнымай шыншылдығымен, қайсарлығымен, зеректігімен артына өшпестей із қалдырды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының екінші жартысынан бастап туған өлкенің тарихын ондағы жер-су, ауыл-аймақ аттарының қойылу сырларын зерттеп, саралап, 3000 мыңға жуық атаудың мән-мағынасын тиянақтаған. Алты бөлімнен тұратын («Туған өлке тарихының ғылыми зерттелуі», «Тарихи және әдеби атаулар мәні», «Топонимика әлемнің құпия сырлары», «Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы», «Өлке ардақтылары-мақтанышымыз», «Выписки продолжаются») кітаптарының басты құндылығы автор қай тақырыпқа қалам тартпасын, ғылыми тұрғыдан нақты дәлелденген жайттарды ғана қаламына арқау еткен.
Кешке автордың інісі, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Жолжанов Ерқанат және ұлы Марат Мақсотұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Университеті қауымдастырылған профессоры, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, ҚР Үздік өлкетанушысы Шамғонов Амангелді, ҚР Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның «Құрметті журналисі», ҚР «Үздік өлкетанушысы» Әлімгереев Өтепберген, №38 мектеп лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Шахшаева Лиза Нагимбековна, №12 Ф.Досымова атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Ситалиев Асылбек, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің Шет тілінен бастауыш білім беру факультетінің мұғалімі Балқасимова Гүлшат Атабайқызы студенттерімен қатынасты.
Мақсаты: Мақсот Жолжановтың еңбегін оқырман қауымға жан-жақты таныстыру.