4.04.2022 ж.
«Кітап. Ел. Рух.»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында 23-сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап. Ел. Рух.» атты әдеби айлықтың ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Атырау Жоғары медициналық колледжінің І курс студенттері, №37 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Әдеби айлықтың ашылу салтанатында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының басшысы Сара Салахединқызы Измұханбетова оқырмандарды кітап мерекесінің ашылуымен құттықтап, айлық аясындағы шараларға белсене қатысуға шақырды. Шара қонақтары Атырау облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Абилхайров Сағындық Уалитович, Атырау жоғары медициналық колледжінің кітапхана меңгерушісі Нығметова Батима Ғайниевна, №37 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Туралиева Жанат Аккудақызы кітапханамен тығыз байланыстарының жалғасын табатындығын айта отырып, кітап оқудың пайдасы өз пікірлерімен бөлісті. Шара барысында қатысушылар назарына кітапхананың сирек басылымдар қорынан жасақталған «Ғасырлар қойнауынан» атты кітап көрмесі, «Авторлық қолтаңбасы бар кітаптар» көрмесі, Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жыл таңдауы Ахмет Байтұрсыновтың рухани мұрасын насихаттау бағытындағы «Дәуірдің жарық жұлдызы» кітап көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, «Өлке дарабоздары» атты өлеңдер шеруі ұйымдастырылды. Шара барысында №37 орта мектептің оқушылары атыраулық ақындардың өлеңдерін оқыды.
Әдеби айлықтың ашылу салтанатына қатысушылар Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының Арнаулы бөлімі ұсынған 2022 жыл балалар жылы болып жариялануына орай жасақталған «Балаларға - базарлық» кітап көрмесімен танысты. Шара соңында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының Арнаулы бөлімінің өнерпаз қызметкерлері мен оқырмандары дайындаған әдеби-сазды бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.