22.06.2022 ж.
«Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал еңбек»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал еңбек» атты тақырыппен сұхбат кеші өтті. Сұхбатты оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Байешева Ғалия Сәлімжанқызы жүргізіп отырды.
Шарамыздың қонағы, кітапханамыздың оқырманы, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша №2 қалалық бөлімінің маманы Бауыржанұлы Мейрамбек. Сонымен қатар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қазақ тілі және әдебиеті мамандығының студенттері қатынасты.
Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Мейрамбек Бауыржанұлы сұхбат барысында мемлекеттік қызметтің көп салалығы туралы айта келе, соның ішінде азаматтардың өмірге келгеннен бастап жинайтын құжаттарын рәсімдейтін бөлімнің қызметі туралы әңгімелеп айтып берді.
Атқаратын қызметтер түріне ретімен тоқталып өтсеңіз,- деген оқырман сұрағына,біріншіден сәби өмірге келгенде рәсімделетін «Туу туралы куәлік», екіншіден балабақша, мектеп табалдырығынаттағанда жинақтайтын құжаттар, үшіншіден кәмелеттік (16) жасқа толғанда азаматтық алу туралы куәлік және жас ерекшеліктеріне байланысты берілетін куәліктер кіретінін мәлім етті.
Жеке бас куәлігін жоғалтып алған жағдайда құжат неше күнде дайын болады?, – деген студенттер тарапынан қойылған сұраққа:
Құжатты жоғалтып алған кезде халыққа қызмет көрсету орталығына арыз жазасыз, тапсырыс жеті немесе он төрт жұмыс күнінде дайын болатынын қаперге береміз,- деді.
Мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпараттың (egov) тиімді жақтарын атап өтсеңіз деген жүргізушінің сауалына:
Тиімді жақтары көп. Баламен үйде отырған аналарға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, басқа қалада тұратын азаматтар үшін де өте тиімді, - деді маман. Мейрамбек Бауыржанұлы қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға қанағаттанарлық жауап беріп, сұхбат жоғары деңгейде өтті.
Мақсаты: Мемлекеттік қызмет түрлерімен және әдебиеттермен оқырмандарды таныстырып, насихаттау.