2.02.2022 ж.
«Өмірін өнермен өрген қаламгер»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-журналист Сара Ләтиеваның туғанына 75 жыл толуына орай «Өмірін өнермен өрген қаламгер» атты кітап көрмесі бойынша библиографиялық шолу ұйымдастырылды.
Шара барысында кітапханашы Сара Ләтиеваның «Мен соғысты көргенім жоқ» (Алматы, «Жалын», 1982) атты алғашқы әңгімелер жинағы туралы кеңірек әңгімеледі. Сондай- ақ, қаламгердің қазақ сахна өнерінің тарихында өшпес із қалдырған атақты актриса Хадиша Бөкееваның өнегеге толы өмірі мен өнері туралы жазылған «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен шыққан «Хадиша Бөкеева» (Астана, «Елорда», 2001) атты кітабынан көптеген мағлұматтарды әңгімесіне арқау етті. Библиографиялық шолу барысында Сара Латиеваның қазақ ән өнерінің бұлбұлы атанған Күләш Бәйсейітова туралы «Бұлбұл» (Алматы, «Ана тілі», 2010) кітабы, «Туған жердің түтіні» (Алматы, «Сораба» қоғамдық қоры» баспасы, 2015), «Хадиша мен Байғали» (Алматы, «Ана тілі», 2019) т.с.с. әдебиеттерді оқуға ұсынды.
Оқырмандармен сұхбат барысында кітапханашы жазушы- журналист Сара Латиеваның «Күй - ғұмыр» (2011), «Қаһарман қыз Хиуаз» (2012), «Арыстан жалды заңғар жазушы» (2013), «Дина» (2017), «Әбдіраштың жарасқаны» (2018) және тағы басқа кітаптарға пікір білдіріп, мақалалары енгізілгенін әңгімеледі.
Мақсаты: Жазушы-журналист Сара Ләтиеваның шығармаларын насихаттай отырып, өнер майталмандары туралы әдебитеттерді оқуға оқырмандардың қызығушылығын қалыптастыру.