16.08.22
«Сын әдебиетінің бір қанаты»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Қазақстан жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, зерттеуші, сыншы - Т.Кәкішевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Сын әдебиетінің бір қанаты» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды.
Т.Кәкішұлы 1927 жылы 15 тамыз күні Ақмола облысы, Бұланды ауданындағы, Бөрлі ауылында дүниеге келген. Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекетгік университетінің журналистика факультетіне түседі. Оның толық курсын 1950 жылы тамамдайды. Оқу мен жұмысын қосарлай атқарған Т.Кәкішұлы университет жолдамасымен қазіргі "Рауан" баспасының жоғары оқу орындар оқулықтары редакциясының аға редакторы болып қызметке орналасады. 1958 жылы Қазақ ССР академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына түсіп, оны мерзімінен бұрын 1960 жылы бітіріп, сол институттың аға ғылыми қызметкері болды. 50- жылдардың екінші жартысынан бастап Т.Кәкішұлы қазақ совет әдебиеті тарихынан ұмытыла бастаған сынды дарындар жайында арнайы мақала жазып, еңбектерін жинау, жариялау ісімен шұғылданады. 1957 жылы Саттар Ерубаевтың артында қалған мұраларын түгелге жақын жинап, жеке кітап етіп шығарады. Оның мақалалары өзінің ойлылығымен, өткірлігімен көзге түседі. Сәкен Сейфуллин өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Кітап көрмесіне Т.Кәкішұлының «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Жол үстіндегі 80 күн» (1983), «Сәкен Сейфуллин» (1989), «Қазақ әдебиетінің сынының тарихы» (1994), «Тар жол тайғақ кешудің» тағдыры (1997) , Сәбит Мұқанов (2005), «Саңылықтар»(2007), «Жаяусалдың серуендері» (2009), «Көп томдық шығармалар жинағы» (2013), және т.б. сыни әдебиеттер қойылды.
Мақсаты: Оқырмандарға әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының шығармаларын кеңінен таныстырып, насихаттау.