5.05.2022 ж.
«Театр тарланы»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасы Халық әртісі, Мәжіліс депутаты, Бүкіл Одақтық эстрада әртістерінің лауреаты, «Тамаша» ойын–сауық отауының тарланы, қазақ өнерінің ірі Тұлғасы, өнер сүйер қауымның көзайымына айналған сахна шебері, ұлағатты ұстаз, театр және кино актері, көрнекті қоғам қайраткері Құдайберген Сұлтанбаевтың 75 жасқа толуына орай «Театр тарланы » атты суретті кітап көрмесі ұйымдастырылды. Құдайберген Сұлтанбаев сан қырлы дарын иесі . Оның ерекше талантты сатира жанрында жарқырай көрінді. Көрерменнің көпшілігі оны алдымен «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасы арқылы жақсы таныды. Бұл тұста осы отаудың іргесін қалаушылардың бірі болған актер өмірінің соңына дейін оның бағдарламаларына белсене қатысып, көрерменді хас өнерімен сусындатып өтті. Көрнекті актер кино өнерінде де өзіндік із қалдырды. Режиссер С.Нарымбетовтың бірнеше фильмінде, сондай-ақ Б.Шамшиевтің «Көктөбедегі кездесу», З.Подольскийдің «Қош бол, Медеу», С. Тәуекелдің «Махамбет», Р.Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе» және тағы да басқа көркем фильмдерде әрқилы да қызғылықты бейнелер жасады. Ол М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданып, өмірінің соңына дейін осы театрда қызмет етті. Қара шаңырақ сахнасында көптеген бейнелерді сомдады. Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарды.Кітап көрмесіне «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасында ойнаған ролдері туралы суреттері мен «Жұлдыздар отбасы» журналына жарияланған материалдар мен Дәрімбетов Б,Сариев .Ш «Тамаша», Әубәкіров О.Уайдин.У «Тамаша», «Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық анықтамалық т.б қойылып оқырмандарға насихатталды.
Мақсаты: Құдайберген Сұлтанбаевтың есімін ұлықтау, өнер жолы мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау.