05.09.2022ж.
«Тіл-тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз»
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Тіл-тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күніне орай кітап көрмесі жасақталып, ақпараттық сағат ұйымдастырылды. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді.
Тамаша әдебиетші, педагог және лингвист - Ахмет Байтұрсынов қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін салушылардың бірі болды, қазақ тіл білімінің негіздерін, грамматиканы анықтау үшін ғылыми терминологияны әзірледі, сондай-ақ араб графикасы негізінде қазақ жазуын реформалады. Сондықтан кітап көрмесінде «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы», Әбдиманұлы Ө. «Ахмет Байырсынұлы: Зерттеу-эссе», Ахмет Байтұрсынұлының «Алты томдық шығармалар жинағы», «Ұлттық рухтың ұлы тіні» сондай-ақ қоғамда мемлекеттік тілдің рөлін көрсететін «Мемлекеттік тіл - ұлт бірегейліктің негізі», «Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі қазақ тілі білімі», З.Ш. Ерназарова «Мемлекеттік қызметшілерге арналған үш жылдық оқу құралы» және т.б. авторлардың кітаптары ұсынылды.