19.06.23
«Өз өнерім өзіме – алтын тағым» кітап көрмесі
Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ойшыл, этнограф, тарихшы, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Өз өнерім өзіме – алтын тағым» атты тақырыпта кітап көрмесі жасақталып, ақпараттық сағат ұйымдастырылды.
Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіптің көп қырлы талант екені елге мәлім. Қаршадайынан оқыған, оқып қана қоймай, көңіліне мол дүние тоқығаны белгілі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) Павлодар облысы, Баянауылда туған. Ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
10-15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысады.
1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан, т.б. шаһарларға сапарға шығады. Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарада тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының аңыз-әңгімелерді, тарихи әңгімелерді, шешендік сөздерді қағазға түсірумен ғана шектелмей, фольклордың басқа да жанрлық түрлерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырларын, эпос, ертегі, мақал-мәтел, ақындар айтысын, т.б. жинағаны белгілі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған фольклорлық үлгілерге жанрлық жағынан келетін болсақ, ел аузынан тұрмыс-салт жырларының 30-40 шақтысы топталған.
Кітап көрмесіне «Мәшһүр Жүсіп Көпеев» таңдамалы (екі томдық шығармалар жинағы) өлең, қисса, дастандар 1990, «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы» Қазақ шежіресі 1993, «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы» 11 томдық кітабында өлеңдер, риуаяттар, дастандар жинақталған 2003, «Қазаққа аты Мәшһүр Иманжүсіп» шығармалары, өмірбаян деректі естеліктер 2013, «Жыр маржаны» 2 том, т.б әдебиеттер қойылды. Сондай-ақ мерзімді басылымдар беттерінен «Қазақ әдебиеті» газеті №12 санында жарық көрген «Мәшһүр Жүсіп және халық мұрасы» 2018 ж. «Аңыз адам» №19 саныныда жарық көрген «Мәшһүр Жүсіп-Түркілік сопылық әдебиеттің соңғы биігі» 2013 ж. «Егемен Қазақстан» №52 санында жарық көрген «Мәшһүр Жүсіптің бір хаты» 2023 ж. «Егемен Қазақстан» №262 санында жарық көрген «Мәшһүр Жүсіп, қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет болама» 2013 ж. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы «Мәшһүр Жүсіп және көне аңыздар» 2004 ж. және т.б әдебиеттер ұсынылды.
Мақсаты: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тарихи және әдеби мұраларын келешек ұрпақ санасына енгізіп, ұлттық дәстүрді қастерлеуге тәрбиелеу.