Пәк махаббат пен шынайы сезімнің нышаны «Қыз Жібек» жыры қазақ халқының сарқылмас қазынасы, өшпес мұрасы. «Қыз Жібек» жырының желісімен түсірілген Сұлтан Қожықовтың көркем фильмі бүгінде қазақ киносының алтын қорына айналды.
Фильмнің сюжеттік желісіне арқау болған халықтың әдеби «Қыз Жібек» аңызы қазақ халқының ХVІ – ХVІІ ғасырда әрбір орда басшыларының өзара қақтығыстары орын алған кезеңді бейнелейді. Аңыз бойынша жауласқан екі әулеттен шыққан қыз бен жігіттің сүйіспеншілігі мен махаббатымен қатар, фильмде ұлт бірлігі мен берекесін аңсаған қарапайым көшпелі қазақтың тұрмысы мен болмысы айқын көрініс тапқан.
Бүгін облысымызға ат басын тіреген өнер тарландары Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында болып, қазақ киносының алтын қорындағы «Қыз Жібек» фильмінің басты кейіпкерлері Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова кітапханада болып, оқырмандар арасында өткен «Жұлдызды жұп» - қазақ киносының мақтанышы» атты кітап көрмесінің тұсаукесер шарасына қатысты.
Шараға қатысқан Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ә.Т.Жоламанов: «Қазақ өнерінің тарландары Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың бүгін ортамызда болуы облыс мәдениетіндегі жұлдызды сәт деп айтуға негіз бар, бәріміз үшін үлкен мәртебе» деп атап өтті.
Шынында да, «Қыз Жібек» фильмінің сахнаға шыққанына 45 жыл толуына орай Қыз Жібек пен Төлегеннің Атырау өлкесіне сапарының Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханадан бастау алуы кітапхана қызметкерлерінің де, оқырмандардың да мерейін үстем қылғаны сөзсіз.