КАЛЕНДАРЬ 2024
ON-LINE ПРОДЛЕНИЕ
ВИРТУАЛЬНАЯ СПРАВКА
СЕМИНАРЫ И СОВЕЩАНИЯ
 СМИ о нас
Подпись почетных гостей
Архив афиш
KAZNEB

Тағылым түйген жобалар

  Сара Салахединқызы Измұханбетова,

Ғ.Сланов атындағы Атырау  облыстық ғылыми

әмбебап кітапханасының басшысы

 

            Ұлттың білімділігі, мәдениеттілігі, жан-жақтылығы, саналылығы адамның кітапқұмарлығынан басталса керек.

            Бәсекеге қабілеттіліктің басты нышаны – білім, ал,білімнің кәусар бұлағы – кітап екені бәрімізге мәлім. Сондықтан еліміздің болашағы – жастардың ғылым мен білім жолындағы өмірлік құлшынысына жолдама беретін ірі  мәдени-рухани  орталық бұл – кітапхана.

 Кітап қай заманда да өзінің құндылығын жоғалтпаған. «Оқымасаң ой тоқырайды» деген сөз кітап оқымағанның ойы таяз, санасы төмен, өмірі қараңғы болатынын дәлелдейді. Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық  ғылыми әмбебап кітапханасы бүгінгі күні облыс орталығындағы бірден-бір жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізетін білім алғысы келетін әр оқырман пайдаланушыға бағыт-бағдар беруші мәдениет, ағарту және бос уақыт өткізудің руханият ордасына айналып отыр. Кітапханамыз облыстағы 143  кітапхананың жұмысын үйлестіруші әдістемелік орталық болып табылады.

Бүгінде облыс халқының кітап оқу мәдениетін дамыту арқылы рухани талап-тілегін қанағаттандырып қана қоймай, оқырманның білім көкжиегін кеңейтуге ықпал ететін, әр түрлі кешенді жұмыстар ұйымдастыру арқылы руханият әлеміндегі жаңалықтарды жарнамалаушы, әдеби, рухани  құндылықтарымызды насихаттаушы ақпараттық орталық болып табылады.

 Кітапханашының қоғамдағы орны ерекше екендігі даусыз. Өйткені, кітапханашы алдында жас ұрпақты кітап оқуға қызығушылығын қалыптастыру арқылы олардың ой-өрісін, талғам-пайымын дамыту, халықтың рухани жан дүниесін байытуға үлес қосу  сияқты абыройлы міндеттер тұр.

Осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыс кітапханаларында оқырмандардың қолдауына ие болған  оқу жобалары аясында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.

Жастардың белгілі бір кәсіпке қызығушылығы мен бейімділігін  тудыруға, мамандық таңдауына бағыт беруге негізделген  «Таңдау» жобасы мамандық таңдау бағытында көмекші құралдар, кітаптар насихатталып, мамандықтың қыр-сырын арқау еткен сұхбаттасу кештері, мамандық таңдау туралы танымдық кештер, кәсіби мерекелерге байланысты кітаптар шерулері сияқты шаралардан оқырман қауымның алары өте көп.

«Таңдау» жобасы аясындаәртүрлі мамандық иелерімен оқырмандар арасында сұхбат ұйымдастыра отырып, мамандықтар туралы ақпарат беру, гендерлік және ұлттық тәрбиеге негізделген басылымдарды насихаттау мақсатында  «Әлемді әлдилеген Әйел» тақырыбында әртүрлі мамандық иелерімен кездесу кеші ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар назарына осы тақырыптағы кең көлемді кітап көрмесі және слаид шеру ұсынылды. Слаид шеруде кеш қонақтарының өнегелі еңбек жолдары туралы фотосуреттер мен мағлұматтар қамтылды. Шара барысында кеш қонақтары құрылыс саласының ардагері, өз мамандығының майталманы Гүлжан Кененқызы Даулеткалиева, Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектептің дене шынықтыру  пәні мұғалімі, Каратэ-до жаттықтырушысы Светлана Жұмабайқызы Сұлтанова, ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Ақмөлдір Жәнібекқызы Бағытжанова, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының №5546 әскери бөлімі» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорны  Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі лейтенант Малика Серікбайқызы Шынжігітова оқырмандармен өз мамандықтарының қыр-сыры туралы ой бөлісті. Сондай-ақ, шараға қатысқан студент жастардың өздеріне қойған сауалдарына жауап беру барысында шара қонақтары өмірден көрген-түйгендерімен, ақыл-кеңестерін де әңгімелеріне арқау етті. Шараға Атырау энергетика және құрылыс колледжінің және Қ.Дүтбаева атындағы Атырау мемлекеттік колледжінің студенттері қатысты.

 Шара барысында Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әнші-термешілері Берік Амантаев пен Бақытбек Сәрсенов «Ана туралы жырды» және Ш.Қалдаяқовтың «Сен сұлу» әндерін нақышына келтіре орындап, өз өнерлерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аталмыш жоба аясында даңқты мұнайшы, жазушы, КСРО Мұнай өнеркәсібінің Құрметті мұнайшысы Рахмет Өтесінұлы Өтесіновтың туғанына 95 жыл толуына орай өлкеміздің мұнай саласының ардақты тұлғасы Рахмет Өтесіновтің өнегелі өмір жолы, рухани мұрасы туралы әдебиеттерді насихаттай отырып, Атырау өлкесінің мұнай  өнеркәсібінің  тарихы туралы әдебиеттерді оқуға баулу және мұнайшы мамандығына қызығушылықтарын қалыптастыру  мақсатында «Қазақ мұнайының ардақтысы» атты ақпараттық сағат ұйымдастырылды. Шара барысында кітапханашы  Рахмет Өтесіновтің өнегелі өмір жолы туралы және рухани мұрасы жайындағы мағлұматтарды әңгімесіне арқау етті. Тағдыр тәлкегімен жұмыс бабында мүгедек болып қалған Р.Өтесінов асқан табандылықпен өзінің жұмыс тәжірибесін қағазға түсіре бергендігі туралы мағлұмат айтты. Сондай-ақ, ақпараттық сағат барысында Қазақстанның және Кеңестер Одағының Құрметті мұнайшысы, геолог  Р.Өтесіновтың  елге сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталдығы айтылды. Шара барысында әлеуметтік желідегі оқырмандарға мұнай саласының ардақтысы Рахмет Өтесіновтің «Ақиқатқа айналған арман» (1973), «Алыптың ашылуы» (1982),  «Алыстағы алау» (1983), «Мұнарлы күндер» (1995) және т.б. кітаптары оқуға ұсынылды.

Жастардың танымдық әрекетін жандандыру мақсатындағы кітап оқуға деген құлшынысын арттыруға жағдай жасауға негізделген жоба «Атырау – оқитын қала» жобасы аясында Атырау қалалық әкімдігінің қолдауымен Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы, «SENIMEN BOLASHAQ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі және Облыстық балалар кітапханасының бірлесуімен Қазақстан Республикасының оқырмандарды тарту және оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс шаралар жоспарына сәйкес және 2022 жыл - Балалар жылы аясында кітапханаға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау мақсатында Жастар саябағында «Саябақта кітап оқимыз!» атты көпшілік шара ұйымдастырылды.

             Шара аясында Облыстық балалар кітапханасы "Менің сүйікті кейіпкерлерім" атты қызықты кітаптар шеруін көрсетіп, кітапхана қызметкерлері әртүрлі ертегі кейіпкерлеріне еніп оқырмандардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттырды. Сонымен қатар шарада қазақтың әлемге танымал тарлан ақыны, қазақ поэзиясында дара қолтаңбасымен айшықталған, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шахановтың туғанына биыл 80 жыл толуына орай ұлт жанашыры туралы көбірек мағлұмат беретін «Логикалық мангала» атты викториналық сұрақтар қойылып, кітап көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар ақынның күллі қазақ жатқа айтатын «Асыл жарым», «Өкпелемеймін» және т.б әндері шырқалды. Жастар арасында жиі оқылатын әрі сұранысқа ие қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген мотивациялық, психологиялық, көркем әдебиет пен аударма бағытындағы кітаптар насихатталды.

            Шара соңында белсенділік танытқан қала тұрғындарына «SENIMEN BOLASHAQ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі сыйлықтарын тарту етті.

 Сондай-ақ, аталмыш жоба аясында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай ұйымдастырылған «Кітап. Ел. Рух.» атты әдеби айлық аясында мерекелік шара ұйымдастырылды. Кітапхана мамандарының қатысуымен ұсынылған кітап оқуға үндейтін «Оқу – бұл сән» атты кітапхана ауласында болған флэшмобты жиналған кітапсүйер қауымы тамашалады. Шараға қатысқан №41 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушылары назарына «Кітап оқып, рухани бай бол» атты сөзжұмбақтар шеруі ұсынылды. Шеру барысында қазақ жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқылып, шығарманың авторы мен атын тауып, тақтадағы тор көздерді толтыру керек болды. Бұл тапсырмаларды орындау барысында оқырмандар білімділіктерін көрсете білді. Сондай-ақ,  Исатай Тайманов  атындағы орта мектептің  3 және 4 сынып оқушылары кітап туралы, оқу мәдениеті жайлы «Даналықпен сырласуға асықсаң...» атты сайысқа белсене қатысты. Сондай-ақ, шараға қатысушылар назарына «Өзің оқы, өзгеге ұсын» буккроссингінің кітаптар инсталляциясы ұсынылды.

Осы аталмыш жоба аясында  «Алаш» партиясының 105 жылдығына орай «Алаш мұраты – ұрпаққа ұран» атты кітап көрмесінің ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Шараға ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Өмірұлы Жылқышиев, тарихшы-өлкетанушы, ҚР Мәдениет қайраткері, Атырау Мұнай және газ университетінің профессоры  Аманғали Әміржанұлы, Атырау университетінің профессоры, тарихшы-ғалым Амангелді Шамғонов, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымұлы Нағымов «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ  филиалы Атырау облысы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бас маманы Гүлсара Жаденқызы Маева, өлкетанушы Сейталиев Асылбек  тағы басқа зиялы қауым өкілдері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен №21 және №37 орта мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысты.

Шара барысында Республикалық «Бір ел – бір кітап» 2022 акциясы аясында  ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай «Дәуірдің жарық жұлдызы», «Бір өлке – бір жазушы» акциясы аясында ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің шығармашылық әлеміне арналған «Жыр бұлағының қызғыш құсы» кең көлемдегі тұрақты кітап көрмелері де таныстырылды.

Шараға келген мектеп оқушылары биылғы балалар жылына байланысты жасақталған кітап көрмесімен танысты.  Мұнда жас ұрпақтың интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыратын ертегілер, жаңылтпаштар, батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, аңыз- дастандар, үш тілдегі балалар әдебиеті орын алды.

Ғ. Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап.Ел.Рух» тақырыбымен әдеби айлық аясында Атырау облысы бойынша, Қылмыстық Атқару Жүйесі департаменті УГ-157/11 мекемесімен бірлескен іс-шара өткізді. Мекеменің инспектор-психологі Ахметова Асель Канашевна мен Рахишева Орынай Жумабаевна шараның өз деңгейінде өтуіне кітапхана қызметкерлеріне көмек көрсетті. Кітапханашы Нсанбекова Бике Карипқызы Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні жайында, кітап оқу дәстүрі туралы айта келіп, «Бір өлке-бір жазушы» акциясы бойынша ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі М.Сатыбалдиевтің шығармаларымен таныстырды.

            «Бір ел-бір кітап» акциясы бойынша қоғам қайраткері, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов туралы ақпаратты кітапханашы Байешева Ғалия Сәлімжанқызы таныстырды.

            Шараға қатысушылар М.Сатыбалдиевтің «Атырау әуені», «Шағала» А.Бақтыгерееваның «Қуандым»,  М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» жинағынан «Поэзия» өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Сонымен қатар мақал-мәтел айтудан ойын өткізіліп, әдеби айлық барысында өткен іс-шаралардан түсірілген бейне таспалардан үзінді көрсетілді.

            Шара соңында қазақ тілінде әдебиеттер мен журналдар, орыс тілінде Л.Н.Толстойдың, И.С.Тургеневтің, М.Ю.Лермонтовтың көп томдық шығармалары сыйға берілді.

«Жансарай» жобасы аясында ұйымдастырылған мазмұнды шаралардың бірі көрнекті қаламгер, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Көркем сөздің шебері» атты әдеби-ақпараттық сағат ұйымдастырылды.

Кітап көрмесіне шолу жасаған кітапханашы Нсанбекова Бике Карипқызы жазушының өмір жолы мен шығармашылығы туралы баяндап берді. Қаламгер, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтың əдеби мұрасы ұлттық əдебиетімізде қайталанбайтын қолтаңбасымен, көркемсөз өрнектерінің шеберлігімен ерекшеленгендігі туралы мағлұматты әңгімесіне арқау етті. Сондай –ақ, алғашқы 1953 жылы жарық көрген «Болашаққа жол» атты алғашқы романы туралы тілге тиек етті. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылғандығын, «Мінез», «Мезгіл» әңгіме –повестер жинақтары, балаларға арналған «Жанар мен Данар», «Шалдуар» т.б. еңбектері жарыққа шыққандығын айтты. «Дөкей келе жатыр», «Өкіл әке», «Қайдасың, Зарина?» т.б пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді. Бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылғандығын айтты.

Жазушының 100 жылдығына арналған кең көлемді кітап көрмесі бойынша ұйымдастырылған әдеби шараға «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының саяси жетекшісі Төлеуішов Әбілхан Сейтімұлы, қалалық мәслихат депутаты Исмагулов Жасұлан Ысқақұлы, аппарат жетекшісі Қондыбаева Айсұлу Абдолқызы қатысып, автордың шығармашылығы жайлы өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Жазушы, публицист, сыншы Камал Смайыловтың туғанына 90 жыл толуына орай «Жүйрік қалам иесі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, оқырмандар назарына ұсынылды. Жас оқырмандарды қазақ жазушысы, публицист, сыншы Камал Смайыловтың шығармаларымен таныстыру, қазақ әдебиеті мен сөз өнерін оқуға, тереңірек білуге жетелеу мақсатында ұйымдастырылған библиографиялық шолу барысында белгілі сыншының өмірбаяндық деректері айтылды: «Парасат», «Ақиқат» журналдарының бас редакторы қызметін атқарғандығы, 1990-жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағының басқармалар төрағасы, кейінірек осы Одақтың консультативтік кеңесінің төрағасы болғандығы туралы мәлімет берілді.  Камал Смайыловтың қаламынан 15 публицистік-танымдық кітаптарын оқырман қауымға ұсынғандығын, сондай-ақ, өзекті мәселелерді көтерген 350-ден астам көркем очерктері мен мақалалары жарық көргендігі туралы мағлұмат айтылды.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың Көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Арнаулы бөлімі қызметкерлерінің қазақтың лирик ақыны Төлеген Айбергеновтың туғанына 85 жыл толуына арналған "Жұлдыздай ағып өткен ақын"  атты әдеби сазды кеш болып өтті. Шара барысында ақынның өмір жолы туралы мағлұматтар дауысталып оқылып, оқырмандар Рафаэль Шамбузов ақынның "Бір тойым бар", Аман Азбергенов  "Ақындық туралы", Рустам Шамбузов "Жігіттер туралы" атты шығармаларын мәнерлеп оқыды. Ақынның "Ақ ерке Ақ Жайық" әнін арнаулы бөлім тифлопедагогы Гүлжанат  Тастанбекова мен оқырман Гаухар  Жәнібекқызы зағиптар клубының саз жетекшісі Қонысқали Сәттіғұловтың гитарада сүйемелдеуімен керемет орындап, көрерменнің ризашылығына бөленді. Ағайынды Шамбузовтар ақынның жүрекке айтылған тамаша  өлеңдерінің бірі "Мені ойла" әнін орындады. Рухты биікке самғататын "Атамекен" әнін Гаухар Жәнібекқызы  орындап, көрермендерге шабыт сыйлады. Кеште ақынның өмірбаяны туралы бейнеролик, кітап көрмесі  дайындалып, оқырман назарына ұсынылып, таныстырылды. Шара соңында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы викториналық ойындар оқырмандар назарына ұсынылды.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ақын Төлеген Айбергеновтың туғанына 85 жыл толуына орай «Жан еді, өлең үшін дара туған» атты тақырыпта өлеңдер шеруі ұйымдастырылды.

Ақын өлеңдерінің жыр шеруіне Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Көптілді білім беру факультетінің декан орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Н.А.Атаханова мен 2 курс студенттері А.Жаймұханова, Ә.Сәрсекова, Ж.Болатқызы, П.Әлібекқызы қатысып ақынның «Ана», «Адамдар», «Сағыныш», «Өмір» өлеңдерін, осы университеттің физика- математика және ақпараттар технологиясы факультетінің 1курс студенті Төлемісов Саят М.Шахановтың «Айбергенов шыңы» атты өлеңін, №34 мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Кемалиева Айнагүл Қылышқызы 10 шы сынып оқушыларымен қатысып, ақынның «Туған дала», «Сыр бойында», «Туған еліме» өлеңдерін оқыды. Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі, орыс тілі үйірме жетекшісі Амирова Гулсим Сериковна шәкірті, Қ.Сәтбаев атындағы №19 орта мектептің 6 сынып оқушысы Лукпанова Альазиза ақынның «Өсіп келе жатырмын» өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Отбасының бір мүшесі арқылы басқа да мүшелерін кітапханаға тарту мақсатын көздейтін «Отбасымен бірге оқимыз» жобасы аясында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Балалар жылы аясында батырлар жыры мен аңыздарды насихаттау және жасоқырмандардыңой-өрісініңөсіп, рухани  дамуына бағдар беретін аңыз әңгімелерді оқытып, насихаттау мақсатында «Әжемнің әңгімесі» тақырыбымен коворкинг орталығында танымдық сағат өткізілді.

            Кітапханашы Бике Нсанбекованың жетекшілігімен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Көп тілді білім беру факультеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы филология: қазақ филологиясы 2 курс студенттері іс-тәжірибеден өту барысында танымдық сағатты өткізуге атсалысты. Танымдық сағатқа жиналған кітапхананың жас оқырмандарына -  ежелгі дәуірдегі қазақ халқының мәдени мұрасының бір түрі - халық ауыз әдебиеті туралы Бауыржанова Гүлдариға қысқаша ақпарат берсе, аңыз әңгімелер жайлы Жакупова Лаура, батырлар туралы аңыз әңгімелерді (Алпамыс батыр) – Ғабдығапар Наргиз, Райымбек батыр туралы Тұрсынбаева Гүлбарам әңгімелеп берді. Батырлар және олардың ерлік жолдары туралы кітаптармен Аманқұл Шынар таныстырды. Сергіту мезетінде батырлар туралы сұрақтарға жауап берді.

 Дәстүрлі Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы жобасы аясында жас ұрпақтың танымдық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған жыл таңдауы - қазақ руханиятының көсемі, әдебиет зерттеушісі, ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ұлтымыздың Ұлы Ұстазы» атты ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған оқушылар сайысы. Шарада Ахмет Байтұрсынұлының қыр-сыры мол рухани мұрасын дәріптеп, оқырмандарға ұлы ағартушы туралы мағлұмат беруді мақсат еттік,- деген кітапхананың Салалық әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы Мөлдір Нұрбекқызы Серікқалиева сайысқа қатысушыларға әр кезеңнің шартын түсіндірді. Алдымен үш топқа бөлінген оқушылар өздерін жыр шумақтарымен таныстырды. Сайысқа №41 мектеп гимназиясының, Жапақ Қаражігітов атындағы №16 мектеп лицейінің, Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушылары қатысып,  «Шамшырақ», «Сұңқар» және «Жас қыран» деген топтарға бөлініп, өздерін таныстырып, Ұлт руханиятының көсемі Ахмет Байтұрсыновтың әдеби мұра, өмірбаяны туралы білімдерін таразыға салды. 

Жас оқырмандар «Ахмет Байтұрсынұлы редакторлық еткен «Қазақ» газетінің эмблемасында не бейнеленген?», «Ахмет Байтұрсынұлы қандай аспаптарда ойнады?», «Ахмет Байтұрсынұлы енгізген 1000-ға жуық терминнің 500-ге жуығы қазір қолданыста бар. Сіздер ұлт ұстазының қандай терминдерін білесіздер?» деген сауалдарға мүдірместен жауап берді.

Сайыстың «Қырық мысал ғибратын ұғынайық» деп атты кезеңінде қатысушы топтар таңдап, суырған мысалдың мән-мағынасын талдап –түсіндірді. Қатысушы топтар әділқазылар алдындағы үш мысалдың біреуін суыру арқылы берілген мысалдың мән-мағынасын ашып түсіндіріп өтті.

Сайыстың үшінші кезеңі «Ойлан, тап» деп аталды. Бұл кезеңде әр топ өздері талқылаған мысал бойынша сурет салды және берілген мысалда кездесетін кейбір сөздерге орыс және ағылшын тілдерінде аударма жасады.

Сонымен, сайыс нәтижесінде «Жасқыран» тобы (№41 мектеп гимназиясы) – жүлделі I орын, «Шамшырақ» тобы (Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп) – II орын, «Сұңқар» тобы (Жапақ Қаражігітов атындағы №16 мектеп лицейі)  -ІІІ орынға лайықты деп танылды. Интеллектуалдық сайыста көзге түскен оқушылардың барлығы да сыйлықтарға және «Алғыс хаттарға» ие болды.   

 «Бір өлке – бір жазушы» облыстық жылдық оқу акциясы жобасы аясында кітапханамыздағы «Фариза жұлдыздары» әдеби клубының ұйыдастыруымен биылғы облыс оқырмандарының жыл таңдауы ақын Меңдекеш Сатыбалдиевті еске алуға арналған «Бозжайнақ дүние»  атты поэзия кешіұйымдастырылды.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

            Шара барысында Сафи Өтебаев атындағы мұнай-газ университетінің және Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері, «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшелері ақынның жырларын мәнерлеп оқыды. Меңдекеш Сатыбалдиевтің өнегелі ғұмырнамасынан сыр шертілді. Артында қалған әдеби мұрасы туралы айтылды.

Сонымен қатар, кітапхананың кітап қорындағы денсаулық, медицина саласының әдебиеттерін насихаттау арқылы жастар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануын қолдауға негізделген «Салауатты болашақ» жобасы, оқырман қауым арасында кітапхана қорындағы адамгершілікке, өнегелілікке баулитын әдебиеттерді насихаттау арқылы адалдыққа, әдептілікке тәрбиелеу мақсатын көздейтін   «Парасат жолы» жобасы және тағы басқа жобалар аясындағы көпшілік оқырман қауымның рухани әлемін байытуға, жеке тұлға болып қалыптасуына дәнекер бола алатын шаралар легі бір сәт те толастамаған емес.

 

Измұханбетова С. «Тағылым түйген жобалар» // Кітап & кітапхана.- 2022.-№4.-4-10 бет.

 
БЛОГ БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАРД
БЛОГ ЖЫР-ҒҰМЫР

ТАЙСОЙҒАН ТАРЛАНЫ
Книги с QR кодом
Подари библиотеке книгу!
"Наш край" - электронная база данных
Послания

Символы РК
НОВЫЕ ПОСТУПЛЕНИЯ
 
 
 Полезные ссылки