ЖЫЛДЫҢ ТАҢДАУЛЫ КІТАПТАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қазақ әдебиеті - қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазір қазақ әдебиетінің туындыларын тиісінше оқып, зерделеп талқылауда өткір қажеттілік туындады.
Оқуға қызығушылықтың төмендеуі – бүкіләлемдік құбылыс. Озық технология дәуірлеген қазіргі заманда кез келген тұлғаның жан-жақты дамуы үшін оқу мәселесін одан әрі қарай да жалғастыру қажеттіліктен туындап отыр.
Десе де, кітап әлемі – сырлы, тылсым әрі тұңғиық әлем. Оны таныған, тереңіне бойлаған оқырманның жаны сұлу, жүрегі мейірімге толы, рухы асқақ болары анық.
Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс.
Осыған орай, Астанада 2007 жылы осы игі дәстүрді Қазақстанға енгізу бірауыздан мақұлданды. Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі көптеген елдерге кең тараған. Міндеті – қазақ әдебиетін дәріптеу, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.
Биыл республикалық акцияның басты тақырыбы ретінде мемлекет қайраткері, ғалым, ақын, публицист, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және әдеби шығармашылығы жарияланған.
2022 жылы 23 қарашада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын қорытындылау және 2023 жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау бойынша отырыс болып өтті.
Отырыс барысында 2023 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясына Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілді. Бұл сайып келгенде, республикамыздың кітапсүйер қауымының да таңдауы деуге болады.
ғ
Сонымен қатар, балаларға арналған бөлім ашу қарастырылып отыр. Себебі, бүгінгі таңда балалар әдебиетін де оқу маңызға ие.
Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапхана басшысы Сара Салахединқызы Измұханбетова әріптестермен бұл акция ТМД елдерінің ұлттық кітапханалары қолдауымен алғаш рет халықаралық деңгейде өтетінін айтып, жазушының шығармаларын кеңірек насихаттау мақсатында жаңа форматтағы шаралардың жоспарын талқылады.
Төлен Әбдік – қазіргі таңда қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлеріміздің бірі. Жазушы шығармаларының бірден-бір ерекшелігі жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімді, психологиялық, философиялық құбылыстарды, монологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға және де психологиялық сыртқы детальдарға да көңіл бөлген. Оның шығармалары тұлғасы бөлек кейіпкерлерімен де ерекше. Қарапайым тілде жазылғандықтан әңгімелерін оқу оңай, ал өзіндік ой түйіп, түсіну қиын.
Мысалы «Оң қол» - Төлен Әбдіктің жиырма бес жасында жазған алғашқы әңгімелерінің бірі. Әңгіме психиатриялық ауруханаға түскен 17 жастағы Алма туралы. Сұлу бойжеткеннің сырқаты - жан түршігерліктей қорқынышты. Ақырында Алманы емдеуші дәрігер қолын алып тастау керек деген шешімге келеді.
Ал «Тозақ оттары жымыңдайды» повестінде араку тайпасының тағдыры мен осы тайпадан шыққан Эдуард Бейкердің өмір жолы өзара ұштаса баяндалады. Өлгенді тірілтіп, медицинада талай феномен жасаған дәрігердің өмірі алғашында оқырманға сүйсінерлектей көрінеді. Кейін ғана оның қайғы-қасірет атаулыны алты жасында басынан өткеріп тастағаны мәлім болады.
«Парасат майданы» - бұл шығармасы үшін Төлен Әбдік Франц Кафка атындағы Еуропалық алтын медаль иегері атанды. Повесть күнделік түрінде жазылған. Ауруханада жатқан күнделік иесі өзінің соңғы кездерде біртүрлі жағдайға душар болғанын, күнделікте жазылмаған күндерде не істегенін есіне түсіре алмай жүргенін айтады. Бір күні бейтаныс жаннан келген хат - басты кейіпкердің ішкі әлеміне тың өзгеріс әкеледі.
Бәріміздің бір кездері «Шіркін өзгенің ойын оқи алсам ғой» деп қиял жетегіне берілгеніміз анық. Жазушының «Ақиқат» фантастикалық повестінің бас кейіпкері Роберт сондай көріпкелдік қасиетке ие. Он жыл бойына полицейлер қылмыскерлерді ұстау үшін Роберттің көмегіне жүгініп, әбден титығын шығарады. Айналасындағылар оны әлемдегі ең бақытты жан санағанмен, өзі бұл қабілетін сорына балайды. Жазушының осындай философиялық толғаныстарға толы туындыларының жалғасын оқығыңыз келсе, кітапханамен үнемі байланыста болыңыз. Жыл бойы руханият ордасында әр шығарманы жеке талдап, оқырмандармен түрлі форматта іс-шара өткізу жоспарлануда.
Қорыта келе айтарымыз Төлен Әбдіктің шығармаларын ел болып жұмыла оқуға кеңес береміз!
Мөлдір Нурбекқызы Серікқалиева
Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының кітапхана ісін дамыту бөлімі әдіскері
Серікқалиева М. Жылдың таңдаулы кітаптары // Үш қоңыр. – 2022. – №51. – 1–2 б.