КҮНТІЗБЕ 2024
ON-LINE ҰЗАРТУ
ВИРТУАЛДЫ АНЫҚТАМА
СЕМИНАРЛАР ЖӘНЕ КЕҢЕСТЕР
БАҚ біз туралы
Мәртебелі қонақтар қолтаңбасы
Афишалар архивы
ҚазҰЭК

  

МАЙДАНГЕР КІТАПХАНАШЫ

 

(эссе)

 

Қайран уақыт! Биыл міне, адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыстың нүктесі қойылғанына 75 жыл толып отыр. Ұлы Жеңіс!.. Не деген құдіретті сөз еді! Оны жақындатқан кешегі ардагер аталар неткен ардақты еді. Солардың арасында менің әкем Уахит Жүнісұлының да болғанын мақтан етемін.

Егер ол кісі тірі болса биыл 95 жасқа толып, екі мерейтойды (Ұлы Жеңіс мерекесін және өзінің мерейлі жасын) қатар атап өткен болар еді-ау. Бірақ уақыт, жазмыш өз дегенін істейді ғой, әкеміз де бүгінде бақи дүниеге сапар шеккен...

Әкем қазіргі Құрманғазы, бұрынғы Теңіз ауданының Морской селолық кеңесіне қарасты Теңіз поселкесінде өмірге есік ашқан. Кеудесі асқақ армандарға толы балалық шағы сол жерде өткен. Әрине, ол сол кезде жастық шағы соғыс өртіне шарпылып, жарты әлемді жаяу жүріп өтерін, тек кеңес халқы емес, еуропа елдерін де фашизм құлдығынан азат етуге қатысарын білді дейсіз бе. Бірақ тағдыр солай шешті.

Ұлы Отан соғысындағы ең қанды шайқастың бірі Сталинград шайқасы болғаны мәлім. Әкем майданға алғаш осы жерден кірді. Алайда бұл кезде жаудың беті қайтып, олардың негізгі құрамалары қоршауда қалып, кеңес әскерлерінің күші айқын басымдықпен арта түскен шақ еді. Дегенмен, өлерін білген жылан уын аямайды дегендей, фашистер мықты қарсылық көрсетіп бақты. Олар бекінген әрбір үй, әр жертөле үшін қиян-кескі ұрыс жүріп жатты. Әкем құрамында болған әскери бөлім Энгельс атындағы елді мекенде орналасқан еді. Бұған дейін әкем Саратовқа таяу жерде марксизм классиктері Энгельс пен Маркстың есімдерімен аталатын қос қалашық барын да білмейтін. Әрі соғысқа дейін бұл жерде Поволжье немістерінен тұратын тұтас бір облыс болған-ды. Әрине, ол кезде Германиямен арада соғыс болады және сол жердегі немістерді Қазақстанға жер аударады деп кім ойлаған?! Сұм соғыс осылайша бұрын тату-тәтті тұрып келген халықтардың тағдырын тәлкек қылды. Осының бір мысалына әкем Батыс Украинаны азат ету кезінде куә болғаны бар. Сонда украиндықтың өз қандасына қалай озбырлық жасағанын өз көзімен көрді. Ел ішінде партизандар қанша болса, жауға сатылғандар да баршылық еді.

Соғыс дегенің қанды қасап. Әкеміз де талай ажалмен бетбе-бет келді. Ивано-Франковск түбіндегі шайқаста оған көзінен айырылу, тіпті қаза болу қаупі төнгені бар. Қапылыста неміс мергені әкеме тура көздеп оқ атады. Сол кезде ол бұрылып қалады да, оқ көзіне еш зақым келтірмей бетін сызып өтеді. Мұндай сәттер соғыста әр қадам сайын кездесетін. Бұл қанды майдан сол кездегі жасы он сегіз бен елу арасындағы ер-азаматтар үшін үлкен сынақ болды. Олар содан сүрінбей өтіп, асқақ патриотизм мен ерліктің үлгісін көрсетіп, Жеңісті жақындатты...

...Әкемнің де туған жерге аман жетсем деген арманы орындалып, елге есен-сау оралады. Алайда соғыс зардабы оның денсаулығына кінәрат түсірген еді. Бір жақсысы Отан үшін от кешіп, сол жолда денсаулығын беріп келген майдангердің жағдайын түсінген сол кездегі Панфилов атындағы колхоздың төрағасы әкеме кітапханаға меңгеруші болу жөнінде ұсыныс жасайды. Кітап десе ішкен асын жерге қоятын әкем бұған қуана келіседі.

Бастапқыда кітапхана оншалықты үлкен емес еді. Шынын айтқанда, бірнеше газет пен журнал тігінділері қойылған шағын ғана қызыл бұрыш болатын.

Әкем кітапхананы кеңейту үшін мігірісіз жұмыс жасады. Жүрген-тұрған жерінің бәрінде кітап жинады. Көбін өз ақшасына сатып алды. Орталықтандырылған кітапхана жүйелерінен де алдырды. Оқырмандар конференцияларын, әдеби кештер, диспуттар секілді қызықты шараларды жиі өткізіп, ауыл жұртының кітапқа деген іңкәрлығын арттырды. Кітапхана аз уақыттың ішінде ауыл адамдарының сүйікті орнына айналды. Осы жұмыстырды көріп риза болған колхоз төрағасы кітапханаға үлкен ғимарат бөлгізіп, күрделі жөндеу жасап берді.

Уақыт өткен сайын ауыл кітапханасы өңірдегі ең үлгілі мәдениет ошағына айналды. Майдангер кітапханашы Уахит Жүнісов Бүкілодақтық кітапханашылар конкурсының жеңімпазы атанды. Кейін сол кездегі мәдениет министрі Е.Фурцеваның қолы қойылған «Үздік мәдениет қызметкері» құрметті дипломына ие болды. Москва қаласындағы баспадан кітапханашы Уахит Жүнісов басқаратын кітапхананың жұмыс тәжірибесі жөнінде әдістемелік нұсқаулық пен диафильм жарыққа шықты.

Даңқты полковод, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзі бар. Сол айтқандай, кешегі қан майданда от кешкен, ал бейбіт күнде кітапханашы болып елдің руханияты үшін көз майын тауысып еңбек еткен әкеміз Уахит Жүнісұлының бақиға аттанғанына да он екі жылдың жүзі болды. Бірақ артына осыншама өшпес өнеге, жарқын із қалдыраған әкеміз біз үшін тірі. Он сегізінде от кешкен, одан соң қал-қадірінше елге алғаусыз қызмет еткен әкемдей асыл жандар бүгінгі және ертеңгі өскелең ұрпаққа үлгі, идеал деп білемін. Ерлік пен еңбек ешқашан ұмытылмайды.

Ағайша ЖҮНІСОВА   

БЛОГ БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАРД

БЛОГ ЖЫР-ҒҰМЫР

МАХАМБЕТ-220

ТАЙСОЙҒАН ТАРЛАНЫ
QR kod енгізілген кітаптар
Кітапханаға кітап сыйла!
"Біздің өлке"- электронды кітапхана
Жолдаулар

ҚР рәміздері
Жаңа кітаптар
 
 
Пайдалы ciлтемелер