Тақырыптық блок

Шығармалары

Биіктік
Cөзі мен әні автордыкі

Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым, әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем бір тауды…

Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер, 2 рет
Экраннан Эверестке үздігер.
Обаны — адыр, адырларды төбе деп,
Төбелерді тау деседі біздің ел.

Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен,
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.
Осы қырда төбешіктей Аналар,
Дүниеге таудай Ұлдар әкелген.

Ерліктері айналмайтын елеске, 2 рет
Атыраудың алыбының бәрі есте.
«Ереуіл атқа ерін салған егесте»,
Махамбеттің өзі бір тау емес пе?!

Жанарыңда жасын ойнап керемет,
Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп.
Санаң болса қалай ғана айтарсың,
Нысанбаев тау емес ед, төбе деп.

Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай, 2 рет
Жүздерінде шабыт оты жүр маздай.
Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,
Талай ақын кетер ме екен жыр жазбай…

Алты алаштың алыптары берсе дем,
Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.
Биіктікті, айналайын, туған ел,
Қыранының қанатымен өлшеген.

Бір құдірет тұла бойда тасқанда,2 рет
Құлаш ұрмай тауға, ш

Баянды махаббат
Сөзі: Ж.Әбдірашевтікі

Бір үйде оңаша бірге іштік,
Сен болдың біреудің Баяны.
Бірге іштік, содан соң нұр құштық,
Көңілдің желбіреп маягы.

Өзіңе өзіңді тақ қылдым, 2 рет
Отырдың, алдымда отырды Ай,
Көзіңе көзімді лақтырдым
Теңізге тастаған якордай.

Ондайды көргем жоқ бұрын деп,
Тарқаттың шашыңды, жүз өрдің.
Қолымды апардым дірілдеп,
Үстіне жұп-жұмыр тізеңнің.

Елес пе, ар жағы жоқ есте,2 рет
Сен жылап, мен бармақтістедім.
Көңілдеркемелеремеспе?
Құштарлықтоғыз балл шторм.

Өзің де кінәғабіраршын
Жақынсың, менен де бар кінә.
Мұңдыбопоралғаншығарсың,
Баяндымахаббатпортына.

Шайқалдық, шатырлапсынды көк, 2 рет
Кеш меніболсаегерсолкүнә.
Оралғаншығарсыңмұңдыбоп,
Баяндымахаббатпортына.

Желтоқсандағы жыр-ән
Cөзі мен әні автордыкі

Мен қазақпын,
Жүре алмайтын шаттанбаса, күлмесе,
Мен қазақпын,
Ішкен асын тастай салар жыр десе.
Мен қазақпын,
Ашуланып талақ қылар тірлікті
(Шайға бола)2 рет бір кесе …

Мен бұл күнде құл емеспін, күң емеспін,Азатпын!
Енді азатпын,
Басымыздан өткен талай тозақ күн.
Мен қазақпын,
Жалғыз атын сыйға арнайтын қонаққа,
Ертесіне қиналмайтын Қазақпын.

Мен қазақпын,
Басқа жанмын деп айтуға жоқ дәрмен.
Мен қазақпын
Азапты да, ғажапты да көп көрген.
Мен қазақпын,
Жүрегімде шырылдаған шындықты
(Жасқамаңдар)2 рет шоқпармен!..

Мен қазақпын, мен қазақпын,
Қазақпын деп айтам ән.
Халқым үшін қан-додаға кірмей қалай жай табам?!
Менің қаным тебіренсе
Тентек Каспий секілді,
Қинайтұғын, ұйымайтұғын,
Арнасына сыймайтұғын қайтадан.

Қазақ едім дегенше…
Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,
Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет — үш арысты бір түнде,
Арамыздан ап кеткен («Үш әріппін» десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, бастық едім десеңші,
Самар асқан составпен астық едім десеңші.
Өзіме өзім, дүние-ай, қас қып едім десеңші,
Қырып салған халқымды (аштық едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, нар едім ғой десеңші,
Бар дәулетті шашуға бар едім ғой десеңші.
«Кемелденген кездерде» 50 миллион болып,
Құла түзде мыңғырған (мал едім ғой десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, дарын едім десеңші,
Әуелетіп «Айдайға» салып едім десеңші.
Бойдан қуат кеткенде ұл-қызыммен қоштасып,
Қарттар үйі алдында (қалып едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, өлім едім десеңші,
Басындағы әркімнің бөрігі едім десеңші.
Шәкәрімдей шыңырау тектілерді шыңғыртып,
Алпыс жылдай архивке (көміп едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші,
Шаш-етектен талайға қарыз едім десеңші.
Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді,
Алыбымды «абайсыз» (өлтіріп едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, нағыз едім десеңші,
Шаш-етектен талайға қарыз едім десеңші.
Қолым «қышып» кеткенде ер-азамат үстінен,
Астанаға жазылған (арыз едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, дінсіз едім десеңші,
Қазақ едім дегенше, құнсыз едім десеңші.
Өзбегіме мал сатып, шашылығын сыраға,
Қосып жеген, дүние-ай, (мұңсыз едім десеңші.)2 р.

Сәйгүлік
Сөзі: С.Нұржановтікі

Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген,
Үйіме үнсіз түнеріп, қайғырып келем.
Талықсып жатып содан соң, кетемін ұйықтап,
Ұйықтап кетсем түсімде, сәйгүлік көрем.

Қайырмасы:
Мінем де шабам, алдымнан аңғарлар қаптап,
Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап.
Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырам, 2 рет
Мен болсам арман, тұлпарым арманнан да аппақ.

Аққу сындымын бұл күнде айдыны қырау,
Ақ әлем саған көмер ем қайғыны мынау.
Өңіме қарай бір кезек шаппайсың неге?
Түсімде көріп жүретін, сәйгүлігім-ау.

Қайырмасы:

Табылдың әні
Cөзі мен әні автордыкі

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, 2 рет
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары…
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған, 2 рет
Бауырыңа басып егіліп, жылайсың әлі.

Жүректе — ызғар, баста — мұң, көңілде — қырау,
Оңай ма жаным кеудеңді қайғы ауыртқасын.
Жүретін кезім болды ма өмірде мынау, 2 рет
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым.

Басымнан ұштың, бақытым, базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан.
Отырам сосын тұнжырап, сазарып өңім, 2 рет
Оқтаулы мылтық секілді атылмай қалған…

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, 2 рет
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Тұңғыш балықшылар Гурьевтердің әкесі
Гурий Назарьев ақсақалдың рухына ашық хат
Cөзі мен әні автордыкі

Түсіңе кіріп бекіре балық,
Шоршыған біздің айлақта.
Тарттың да кеттің шоқынып алып,
Атырау дейтін аймаққа.
Орнатамын деп киелі қорған.
Сесінен қорқып «киргиздің».
Ата-бабамның сүйегі қалған,
Жағаға қамал тұрғыздың.
Жатырған шөгіп атандай далам,
Жібек жолының өткелі.
Қос құлықты қатар жайлаған,
Бабалар біздің текті еді.
Жүргенде солар көтеріп кеуде,
Тамырға теңеп Орысын.
Бөлген жоқ олар материктерге,
Атадан қалған қонысын.
Сен келіп, малы төсінде ойнаған,
Даламды менің үркіттің.
Соңынан малдың көшуді ойлаған,
Бабамды менің үркіттің.
Жауады бүгін сұрақтың бәрі,
Сауалы болып өткеннің.
Балықты мықтап ұнаттың-дағы,
Халықты иттен жек көрдің.
Су асып, қаңғып келген орыспен,
Жауласып қазақ бұзылды.
Қулығың сенің кеудеңе түскен,
Сақалың құсап ұзын-ды…
Кездерге сол бір өкінеді елім,
Құра алмай қалған қақпанды.
Төрт ғасыр тайдай бекірелерім,
Ресей жаққа аттанды.
Пенделер қашан өлгенді аяды,
Ұмытқан бұл күн мүрдеңді.
Беліңде сенің келген баяғы,
Ұрпағың қазір гүлденді.
Тапқандай олар жер ұйықты енді,
Байлықтың біліп не екенін.
Күтеді жылда Гурьевтерді,
Ярославль — мекенің…
Қайысып қайғы көзіне тұнған,
Дүниені төрткүл тәрік қып.
Мал екеш мал да жеріне туған,
Тартпаушы ма еді жарықтық.

Катерлер ұқсас қара албастыға,
Аулары бейне қайғы-мұң.
Ұрпағың сенің оралмас сірә,
Каспийдың құртпай байлығын…
Түсірші қартым шамалап еске,
Кез келді енді мақұлдар.
Салғаның сенің қамал емес пе,
Қалада қандай ақың бар?!
Осыны керек бағалауың да,
Балықшы жұрттың сардары!
Ақ Жайығымның жағалауында,
Мүрдеңнің аз ба қалғаны…

Марат Отаралиевке (Элегия)
Сөзі: автордікі

Сезіндім аға уақытты — сылдыр бұлақтай,
Безіндім аға тірліктен — сусыр сынаптай.
Көз ілгім, аға, келеді кейде сен құсап,
Сезімнің жара тұстары жанды шыдатпай.

Халықты қара — көз салып қала ішіне,
Алыпты дара айналдырмақшы кішіге.
Жаңа ұқтым аға өлім дейтіннің не екенін,
Тамұқтың қара сұлбасы еніп түсіме.

Қыршын жасыңның қайтармақ болып есесін,
Кеудемде менің құпия ғұмыр кешесің.
Екеуміз кейде кеземіз аға, кешкілік,
Гурьевтің шалшық көшесін.

Кетеміз сосын ескі базарды бетке алып,
Аңқылдап саған әзіл айтамын шаттанып.
Мен көрінемін, сен көрінбейсің оларға,
«Жынды ма?» — дейді автобус күткен көп халық.

Денемізбенен түйісіп қалып денеміз,
Жағалап жарды өлең оқимыз көне біз.
Мен және сенің елесің болып — екеуміз,
«Орал» дейтұғын ресторанға енеміз.

Орындық алып Нағим отырар қатардан,
Орналасқан соң келеді біздер татар «дәм».
Абырда-дабыр балауыз шамның астында,
Шарап ішеміз екеуміз жалғыз бокалдан.

Қызынып алып оқисың өлең тік тұрып,
Мен үнсіз қалам қос жанарыма шық тұнып.
Сонан соң сосын.., кетесің көзден ғайып боп,
Жалғанның жалған екенін маған ұқтырып.

Кетесің еніп шулаған жұртқа жаңағы,
Шараптың ессіз тұмандап буы сананы.
Жалғыз-ақ бокал,
Жалғыз-ақ татар у шарап,
Жалғыз-ақ маған қалады…

Елесің өшіп, келесің қашан «Мәкем?» — деп,
Жоғалтып сені, бұрышты жалғыз мекендеп.
Ернеуінен кеп сүйемін сосын бокалдың,
Ерніңнің ыстық табы қалды ма екен деп.

Пендеуй қайғы сырғымай қатпар қабақтан,
Безініп сосын шулаған жұрттан, шараптан.
Сайтан адасып кететін қара түндерге,
Шайқала басып сіңемін, шығып кабактан…

Елге сәлем
Сөзі: М.Отаралиевтікі

Көп сәлем таныс жандарға,
Оларды көру жақсы-ақ шын.
Досым сен елге барғанда-ау,
Мен жайлы көп сыр ашпассың.
Өзегелер сенің еркіңде,
Кеудеңе талай жыр келсін.
Тек қана ақ шаш кемпірге-оу,
«Жалғызың аман жүр» — дерсің.
Сол болар демеу үмітке,
Басқа айтар ойлар жоқ, түге.
Сұраған мені жігітке-оу,
«Арақты қойып кетті» — де.
Ойлы көз бір қыз кезігіп,
Көзінде бір от ойнайды.
Арманын оның тез ұғып-оу,
Айтарсың жөндеп мен жайлы.
Махаббат деген мол ұшқын,
Оянар, мүмкін, өткен ой.
«Қызымен аппақ орыстың — оу
Дос болып апты» — деп те ғой.
Жүректің сыйын аз арнап,
Жанардан жасын төгеді ол.
Содан соң маған жазар хат-оу,
Көптен хат жазған жоқ еді ол.

Жалғыздық
Cөзі мен әні автордыкі

Жалықтым. Жабықтым. Жаңа ұқтым,
Еңсемді езеді тамұқ-түн.
Сығалап қарадым мен оған, 2 рет
Терезесінен табыттың.

Алқымнан алады кендір-мұң,
Көңілімді көрге де көндірдім.
Шаршаған шылымымның шоғын, 2 рет
Қарашығыма сөндірдім.

Лақаттан лақтырдым бөркімді,
Тәнімді жаным жеп өлтірді.
Жардағы сүгірет үні кеп, 2 рет
Күлкімді менің келтірді.

Сезімім құламай, сенделіп,
Қиялым барады жерге еніп.
Қараңғы тып-тымық бөлмеде, 2 рет
Жарқырап шам тұр тербеліп…
…Біреу келсе екен!..

Ақан серіге
Cөзі мен әні автордыкі

Жастық атты
Жастық атты
Жастық атты жүргенде дүрбелеңмен,
Аруларға ғашық боп қызғанарлық.
«Таң асырып торыны» мінбегенмен, 2 рет
Қылаңдарға таксилеп біз де бардық.

Шығамын деп
Шығамын деп
Шығамын деп сәлемін жолдағанмен,
Шықпай қалып жүректі сыздатқан қыз.
Сіздікіндей көк бұйра болмағанмен, 2 рет
Көсіп-көсіп шақшадан біз де атқанбыз.

Жел өтінде
Жел өтінде
Жел өтінде желіккен Табылды аяп,
Түнеріп ап қабағын мұң басқан күз.
«Екеу ара бір шапан» жамылмай-ақ, 2 рет
Бір қол шатыр астында сырласқанбыз.

Келешектің
Келешектің
Келешектің біз кезіп елесін көп,
Орындалып ойдағы арман-ісім.
«Енді қашан ағажан, келесің?» — деп, 2 рет
Әлгі арудың жәудіреп қалғаны шын.

Шақшамды алып
Шақшамды алып
Шақшамды алып, тағы бір көсіп, күліп,
Жыр құрадым бағзы ақындардай.
Таң алдында трамвай тосып тұрып, 2 рет
Қиналғаным болмаса атым болмай.

Асан қайғыны аңсау
Cөзі мен әні автордыкі

Азалдан біздің бабамыз қазақ болған-ау сірә, қыр кезбе,
Даламның төсін қоныстай берген тайпалар кезіп жылда өзге.
Дендерім, менің, кең жерім менің, көлдерім, қырат-белдерім.
Асанқайғы атам өтіпті сенен «Жерұйықты» іздеп бір кезде.

Қайырмасы:
Одан соң талай ғасырлар өлді, жүйткіді жылдар сайтандай.
Төсінде сордың өніп келеміз кем-кетігіміз байқалмай.
Асанқайғы атам хабарсыз кетті ізім де қайым жоғалып,
Аттанған сонау атышулы бір «іссапарынан» қайта алмай.

Асанқайғы атам неге кешікті, кезікпеді ме гүл-мекен?!
Ел айтушы еді бекерден-бекер кешікпейді деп бұл көкем.
Атоммен жемдеп корабльдерін күрлеген біздің ғасырға,
Желден де жүйрік желмаясы, әлде, жете алмай қалып жүр ме екен?!

Қайырмасы:
Жерұйық жайлы осы бір аңыз санама шуақ құйғасын,
Түсімде бойлай желмая көрем сүйреткен жерге бұйдасын.
Жұмаққа жұртын жеткізем деген кешікті неге Асан би,
Сезінді ме екен қазақтың, әлде атакүлдігін қимасын…

Замани зар
Cөзі мен әні автордыкі

Октябрь таңы арайлап атты,
Нұрлы еді қандай таңғы қыр,
Шапағын шашты большевиктердің
жалауларындай қан қызыл.

Тамаша таңмен таласа тұрып 2 рет
Жарасты қанша сан тағдыр,
Тамаша таңмен таласа тұрып
Адасты қанша сан ғұмыр…

Алма апам құсап шашын кескендер
Сайтан ой улап санасын,
Айырған шақта «Алашым» деген
азаматтардың арасын.

Қазақтың өңкей сұлу қыздарын 2 рет
жинап ап Сәкен серілер
Қымызын ұрттап қызойнақ қылды
Қаз ЦИК-тің мейрамханасын…

Асау ұлдары аспанға тарпып.
Арманға жетпей ту асқар,
Төрт-бес жандығын ТОЗ-ға сап тозып,
жүнжіп кеткенде жуастар,

Қайын атасын кәмпескелетіп, 2 рет
көк етік киіп бәлденді,
Ауызы асқа жарымай өскен
«шұлғаудан шыққан шуаштар» .

Маңдайға жазған болмыстың заңы:
«Қазаққа ғана қазақ қас»
Сондықтан зармен табақтас бол да
Азапты мініп тозаққа ас.

Терегің қурап, текті ерің тулап, 2 рет
«Итжеккенге» асып кеткенде,
Теңселген елге сен төре болдың
Тексізден туған тезек бас!

Со бір тексіздер дастарқандарды
Теуіп бір кетсе төрден кеп,
Жарамсақ қулар жүйткіді талай
Мәскеуден ұшқан орден боп…

Қара «ЗИМ»-дердің ала шаңдағын 2 рет
шампанмен жуып тазартып,
Төрелерге арнап құлын сойғандар
тірі жүр әлі, өлген жоқ…

Қыз махаббаты
Сөзі: Ф.Оңғарсынова

Білмеймін,
Білмеймін, жанарыңнан сыр ұқтым ба,
Әлде сені сол сәтте ұмыттым ба.
Өзің болдың әйтеуір бұл күнгі әнім,
Көтеріп ап кетіп ең бұлқынбадым, 2 рет
Аймалауыңа, аймалауыңа құнықтым ба?

Білмеймін,
Білмеймін, құшағыңда дір еттім бе,
Алып ұшып барады жүрек мүлде.
Ойлағым да келмеді ештеңені,
Ерте ме әлде білмедім кеште ме еді, 2 рет
Тек ұққаным: жан бірге, тілек бірге

Сезімімнің,
Сезімімнің қақпасын дара қақтың,
Шуағыңды бойыма аралаттым.
Бақыт болып мәңгіге келіп бірге,
Ағыл-тегіл сезіммен еріттің де, 2 рет
Өзің маған өзім боп бара жаттың.

Анама хат
Сөзі: Ә.Смайылов

Түсіме еніп жүресің күнде менің,
Дидарыңнан мен ылғи мұң көремін.
Көңіліңді қалдырған кезім бар ма, 2 рет
Анашым-ай неліктен үндемедің?

Көңіл шіркін көрмесе жайлана ма,
Беріліп тек мен жайлы ойға ғана
Құмалақ сап кенже ұлым кеп қалар деп,
Жол тосумен жүрмісің қайран ана.2 рет

Күйген шақта жапырақ күз деміне,
Кенже ұлыңды көңілің іздеді ме?
Қамықпашы, анашым барамын мен, 2 рет
Тырналардың ілесіп тізбегіне.

Астананың аруы
Cөзі мен әні автордыкі

Ақ дидарың-ай сенің, ақ дидарың-ай,
Сезесің бе кеудемде от-күй барын еркем-ай,
(Жүрегімді сен неге көп қинадың-ай)²
Ақ дидарың-ай.

Қас қабағың-ай сенің, қас-қабағың-ай,
Жанарыңа қарауға жасқанамын еркем-ай,
(Ару қызы сен бе едің астананың-ай)²
Қас-қабағың-ай.

Назды күлкің-ай сенің, назды күлкің-ай.
Назды күлкің кеудемнің жазды бұлтын еркем-ай,
(Сүйем деген айтармын сөзді бір күн-ай)²
Назды-күлкің-ай.

Қыпша белің-ай сенің, қыпша белің-ай.
Көжегіне қоянның ұқсап едің еркем-ай,
(Екі тілек бір жерден шықса дедім-ай)²
Қыпша белің-ай.

Көзқарасың-ай, сенің, көзқарасың-ай,
Көрмедің бе қазақтың бозбаласын еркем-ай,
Неге сонша жымиып, назданасың-ай,
Қайтем сені маңдайға жазбағасын-ай,
Көзқарасың-ай,
Назданасың-ай
Мәз боласың-ай…

Мұңайма
Сөзі: Ж.Әбдірашевтікі

Сен мұңайма, қуанайын мен дағы,
Сені сезім, мені көзің алдады.
Тек біз емес адастырған талайды, 2 рет
Бұл тағдырдың айқыш-ұйқыш жолдары.

Өмір бізді жолықтырды, байытты,
Желіктірді, болдық бүгін байыпты.
Кінәлама өзіңді де мені де, 2 рет
Біздің бұған жастығымыз айыпты.

Жүрегіңді шайлықтырып, жасқантып,
Алдың рас, демеймін күл, тас, шалқып.
Бірақтағы қала көрме қапыда, 2 рет
Қарсы келген бақытыңнан бас тартып.

Солдат сағынышы
Сөзі: автордікі

Табиғат беріп қойған күз хабарын,
Мен сені күзден-дағы қызғанамын.
Әйтсе де сезбейсің-ау өзіңді ойлап,
Бұлқынып жүрегімнің
Бұлқынып жүрегімнің
Бұлқынып жүрегімнің сыздағанын.

Қайырмасы:
Жүректі алып ұшқан самғай әнім,2 рет
Сені ойлап сағыныштан сарғаямын.
Жағалап сайран-көлдің сыз кемерін,
Сезіп ем күз келерін, күз келерін.
Қайыңдар дір етеді қыз денелі,
Көңілдің таба алмаймын
Көңілдің таба алмаймын
Көңілдің таба алмаймын іздегенін.

Қайырмасы.

Мен саған ғашық емес ем
Сөзі: Ф.Оңғарсынованікі

Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,
Осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой» демесең,
Мен саған ғашық емес ем.
Мен саған ғашық емес ем.
Мен саған ғашық емес ем.

Бас иген талай бозбалаларға паңдана
Асқақтау басып, бақытты болдым.
«Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан
жетпей жүрді ғой» демесең
Мен саған ғашық емес ем.
Мен саған ғашық емес ем.
Мен саған ғашық емес ем.

Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
Сен екеніңді, сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным, «бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой» демесең,
Мен саған ғашық емес ем.
Мен саған ғашық емес ем.
Мен саған ғашық емес ем.

Махаббатты сезіну
Сөзі: Ф.Оңғарсынованікі

Қуанышым сен болдың, қайғы, жасым,
Таусылмайтын мен үшін бай мұрасың.
Қара жерге аспаннан ай құласын,
Анық менің әйтеуір айнымасым.

Қайырмасы:
Жасын болдың сен маған көктемдегі,
Жүрегіммен қақ жарған от кеудені.
Кезіктірдім мен бұрын қиялымда
Жоқ пендені.
Күйіп-жанып содан соң алауладым,
Ай, Күн барын ұмыттым, самал барын.
Сол сезімнен бойыма бір тыныштық,
Таба алмадым.

Сені ойламай кезім жоқ көзімді ілген,
Елжіредім сені аңсап, егілдім мен.
Тағдырыма ризамын сен арқылы,
Ақ махаббат дегенді сезіндірген.

Қайырмасы.

Қара гүл
Сөзі: Жанат Аймұқанбетованікі

Ақ гүл де көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,
Көргенім осы, жабырқап кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де сірә, болады екен ғой, болады 2 рет
екен ғой тағдыры.

Нәп-нәзік болмыс неліктен ғана қаралы,
Жалғыз бұл емес, гүл біткен ертең солады.
Жәудіреп тұрып қараған сәтте көзіме
Елестеп кетті қара көз қыздың, қара көз2 рет
қыздың жанары.

Қара гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,
Аршылар мұңың, қансыра жүрек қансыра,
Көз орынында көз емес кейде қарасаң,
Қара гүл тұрар қауызы тұнып, қауызы
тұнып тамшыға.

Кешіккенің қайткенің?
Сөзі мен ані автордыкі

Жүрегіміз – егіз десін дедің бе,
Тілегіміз – теңіз десін дедің бе,
Көп ішінен мені іздесін дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?
Кешіккенің қайткенің?
Кешіккенің қайткенің?

Қайырмасы:

Күтсе күтсін, тұрса тұрсын дедің бе,
Жүрегінде жыр сабылсын дедің бе,
Әлде мықтап бір сағынсын дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?
Кешіккенің қайткенің?
Кешіккенің қайткенің?

Басқа жанға тұрақтасын дедің бе,
Көңілімнен жырақтасын дедің бе,
Жүрегімді жылатпасын дедің бе,
Кешіккенің қайткенің?
Кешіккенің қайткенің?
Кешіккенің қайткенің?

Қайырмасы:

Мәртебемді биіктетсін дедің бе,
Өзге қызды сүйікті етсін дедің бе,
Өкініштен күйіп кетсін дедің бе
(Кешіккенің қайткенің?!) ³рет.

Нүкте
Сөзі: Ж.Әбдірашевтікі

Жолықтым саған, оңымнан самал ескен-ді,
Қорықтым содан, биіктеу екен мәртебең.
Ұмыттым бәрін, ұмыттым шулы кештерді,
Ұмытылды бүкіл жарты әлем. 2 рет

Махаббат шіркін осынша жаным тез бе еді,
Күркіреп күндей өте шықты ғой көктемім.
Бейкүнә менің жанымда тұрып, өзгені,
Армандағаның не еткенің? 2 рет

Сол бір досты енді менен де гөрі жақын қыл,
Мөлдір кештерді еске алып бұзба ойыңды.
Жатақханаңа жетектеп апаратын кіл,
Жолыма нүкте қойылды. 2 рет

Елік қыз
Сөзі: Ж.Әбдірашевтікі

Көңілдімін бұл күнде мен,
Көзің-мөлдір аспаным.
Жалт қаратып күлкіңменен,
Жарасады-ау қашқаның.

Қайырмасы:

Тоқта! – деймін, — баласың ба?!
Ұғынғандай кінәсін.
Жасыл шалғын арасында,
Жайраң қағып тұрасың.

Қуам келіп көрікті, шат,
Көбелегі арманның.
Шалынасың елік құсап,
Тасасынан талдардың.

Қайырмасы:

Жетем ұшып ту алыстан,
Басылғандай лапылдап.
Ал, жүрегім қуаныштан,
Жарылуға жақын қап.

Қайырмасы:

Ауылдың түні
Сөзі: Г.Салықбаеванікі

Бойыма кетті шым-шымдап тарап,
Япыр-ай, неткен балдай ән еді.
Аспанға тұрмын ұмсына қарап,
Ауылдың түні қандай әдемі.

Қайырмасы:

Еркелесем де өзіңе қанша
Демеймін тіпті сағымды іздеші.
Өтінем қазір, өтінем сонша,
Әніңді үзбеші, әніңді үзбеші.

Серпіліп түннің мұңды тұманы,
Дегендей жарық қайсыңа жәйлі.
Пердесін еппен сырғытып әне,
Ай сығалайды, ай сығалайды.

Қайырмасы:
Шаттықтан тұрмын жылап, егіле,
Япыр-ай, неткен ағын ән еді!
Құс жолыменен жыр әлеміне
Жетектеп кетті тағы да мені.

 

Жыртпашы хаттарымды
Сөзі: Е.Раушановтікі

Менің жазған хаттарым әлі бар ма?
Ызғарлы күн жүректі қарығанда,
Табынарға табарсың кімді болсын,
Сағынарға, сағынарға..,
Демесең сағынарға,
(Е-ей, е-ей, е-ей, е-ей сағынарға, е-ей.)²

Бәрі сонда – не күттім, не тіледім,
Нені аңсады риясыз көкірегім.
Олар менің бүр ашқан гүлдерім ғой,
Гүлдерімді, гүлдерімді..,
Өртеме өтінемін,
(Е-ей, е-ей, е-ей, е-ей, өтінемін, е-ей.)²

Жағасына жағалай ел қонбаса,
Көрікті боп көрінбес көлдер де аса.
…Бір-бір тамшы ыстық жас үзейікші, —
Сол екеуі, сол екеуі..,
Қосылсын ең болмаса,
(Е-ей, е-ей, е-ей, е-ей, ең болмаса, е-ей.)²

 

Күнекей қыз
Сөзі: Ш.Әбдікәрімовтікі

Күнікей қыз ба ең күн астындағы,
Едің бе әлде гүл нәзік.
Мұңыма менің ұластыңдағы
Отырмын енді жыр жазып.

Қайырмасы:

Үйіме қайтам өкініп, тынып,
«Сүйемін» деуге бата алмай. 2 рет
Төлеген болып бекініп тұрып,
Жайықты кешіп өте алмай.

Он сегіз неткен ұяң жас еді,
Сырғақтай берем сырғақтай.
Аймалап сүйіп қиялда сені,
Алдыңда үнсіз тіл қатпай.

Қайырмасы:

Аша алмай жүрген бала сырым ба,
Бозбала шақ па тербеткен?
Қара аспан сынды қарашығыңда,
Қамығып жүрмін мен көптен.

Қайырмасы.

Ештеңе де керек емес
Сөзі: Е.Раушановтікі

Дәл осылай болатынын сезгем мен,
Ғұмырым.
Сенен кеткенмен ештеңе жоқ өзгерген,
Тірімін.

Қайырмасы:

Іздеймін кіл жалғыздықтан торықсам,
Ұмтыламын өрге кіл.
Басымды иіп өте шығам, жолықсам,
Көр де тұр. 2 рет

Өкінетін мәжнүн деп пе ең не мені,
Сәтсіздікке кез келген.
Ештеңе де керек емес, себебі,
Ештеңе жоқ өзгерген.

Қайырмасы:

Сөйлейді аспан қара жаңбыр тілімен
Сол Алматы, сол өзен.
Ағыл-тегіл жылайды рас түнімен,
Терезем.

Ұнатамын мен сені
Сөзі: М.Мақатаевтікі

Ұнатамын мен сені, дегенменен,
Көрмегенді басқадан, сенен көрем.
Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,
Ғайып болсам бір күні егерде мен.

Қайырмасы:

Ұнатамын мен сені,
Арманымдай еңселі,
Өмірімнің өлшемі,
Ұнатамын.
Ұнатамын мен сені,
Арманымдай еңселі,
Жүрегімнің бөлшегі,
Ұнатамын.
Ұнатамын мен сені.

Дегеніңнің бәрін де жасап жүріп,
Көрсетпеймін өзіңе асау қылық.
Сенің ғана еркіңе бас алдырып,
Жүре берем, бұ неткен жасандылық.

Қайырмасы.

Ұнатамын мен сені, бірақ-бірақ,
Мейіріңді қайтейін жылап сұрап.
Ұнатамын дегенім жасандылық,
Саған деген жүрегім құрақ-құрақ.

Қайырмасы.

Шалкөде
Сөзі мен әні автордікі

Жайқала біткен сайда гүлдерің,
Жағалай қонған қойнауыңда елім.
Жауқазын гүлдер жаныма жайлы,
Жәннәты жердің жайлауым менің.

Қайырмасы:
Шалкөде!
Шалкөде!
Арманым менің,
Ардағым менің сенде!
Шалкөде!
Шалкөде!
Сырларым менің
Жырларым менің сенде!

Асқақ Алатау құмарым ба едің?
Асуларыңа шығамын дедім…
Асанқайғының арманымысың,
Жайлауым менің – жұмағым менің.

Қайырмасы.

Өкпелемеші
Сөзі мен әні автордікі

Өкпелемеші,
Өтірік мен де жұбатпан
Өзегімді өртеп жазбайын хат та жырақтан.
Өкпелемеші,
Бақытыңды алдан күт бірақ,
Менен де гөрі мықтырақ,
Өзге бар сені ұнатқан.
Өкпелемеші, өкпелемеші.

Өкпелемеші,
Өкіндірмеші құрбыңды,
Өлеңмен жуып тастармын мен де кірбіңді.
Өкпелемеші,
Өкпелемеші арманым,
Қалайша жігіт болғаным,
Өңгере алмасам бір мұңды.
Өкпелемеші, өкпелемеші.

Өкпелемеші,
Өткенде қаздар төбеңнен,
Өкінішіңді өлшерсің жырмен, өлеңмен.
Өкпелемеші,
От болып жанған жүрегің,
Өмірден таппай бір емін,
Өртенеріне сенем мен.
Өкпелемеші, өкпелемеші.
Өкпелемеші, өкпелемеші.

Баян өлке – аяулы өлке
Сөзі мен әні автордікі

Асқар таулар көмкерген асқарын қар,
Баурайында баянды жас шағым бар.
Шақырады біздерді ақ шағылдар,
Асқар таулар, ал енді қош болыңдар.

Қайырмасы:
Баян өлке, аяулы өлке,
Сен менің арайлы әнім,
Туған жерді думан белді, —
Қиярмын қалай бәрін.
Сағыныштан алып ұшқан
Көңілім алаңдаумен.
Қоштасарда, қоштасарда
Қия алмай қарайладым.

Сені ойласам көңілім елжіреген,
Түсімде де асқар тау, белді көрем.
Саған деген, Бай-Өлке, махаббатым,
Суларындай Қобданың мөлдіреген.
Қайырмасы.

Шыңғырлаудағы шырайлым
Сөзі: Қ.Исаевтікі

Самалға кешкі құмармын ескен,
Самалдан сені сұраймын.
Шынымен мені шығардың ба естен,
Шыңғырлаудағы шырайлым. 2 рет

Шырқалған көкте жүр қалықтап ән,
Шынайы сүю – шын бақыт.
Шыңғырлау десе шырмалып қалам,2 рет
Шыңырау ойға шым батып.

Тағдырдың салған тезіне көнем,
Жүректі арман жылытып.
Көңілімді менің өзіңе деген,
Кете алмас жылдар суытып. 2 рет

Тәтті мұң
Сөзі: С.Әбдугалиевтікі

Жанымнан көрдім кеше түн,
Жанары жәуміт жан құрбым.
Жұпары сенен есетін,
Жайықта жауған, 2 рет
Жайықта жауған,
Жайықта жауған жаңбырдың.

Жалғанда жаңғақ тәтті ой көп,
Жазмыштан жүрдік сый күтіп.
Желбіреп жерге ақ көйлек,
Жоғалдың қайда, 2 рет
Жоғалдың қайда,
Жоғалдың қайда құйғытып.
Жаңғырса кейде сыр нәзік,
Жауапты дейсің бұған кім?
Жоқтасам сені жыр жазып,
Жабыққан сәтте, 2 рет
Жабыққан сәтте,
Жабыққан сәтте жұбандым.

Жанымды жауып жыр селі,
Жіктемен мұңымды ешкіммен.
Жоғалтып алған бір сені
Жүректі кешір, 2 рет
Жүректі кешір
Жүректі кешірмеспін мен.

Кел, Наурыз!
Сөзін жазған: Несіпбек Айтов

Наурызым, сары уызым,
Жүдеп едім сен кетіп.
Қайта келдің, байтақ елдің,
Қуанышын селдетіп
Дәстүрімнің, жақсы ырымның
Нышанысың жол етер, 2 рет
Берекелі көже толы
Қазаныңа не жетер…

Құт мерекем, күткен екем,
Сені көптен шын аңсап.
Маздақтарым, боздақтарым,
Бірге оралды ұран сап.
Сөніп барып, өліп-талып,
Жидым, міне, есімді. 2 рет
Арғымағым, марғұланым,
Қыл бұраудан шешілді.

Еселенсін, өсе берсін,
Туған елдің мерейі.
Іркілмесін, бүлкілдесін
Бұлбұлдардың көмейі.
Мәңгі жанған, таңды жарған,
Ғажап оттар жасасын! 2 рет
Елім деген, бөлінбеген,
Азаматтар жасасын!

Scroll to Top