«Манаш Қозыбаев – ұлттық тарих ғылымының негізін салушы» танымдық сағат
18.11.2026
Бүгін Ғ. Сланов атындағы облыстық орталық ғылыми әмбебап кітапханасында қазақ тарихнамасының қарашаңырағын қалыптастырушы, белгілі қоғам қайраткері, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Манаш Қозыбаев – ұлттық тарих ғылымының негізін салушы» тақырыбында танымдық сағат ұйымдастырылды.
Академик, көрнекті тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаевтың бай ғылыми мұрасы мен шығармаларына арналған танымдық сағатқа Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында ғалымның ұлттық тарихтың «ақтаңдақтарын» ашуға қосқан өлшеусіз үлесі, атап айтқанда, 30 жылдардағы ашаршылық қасіреті, сталиндік репрессия мен Ұлы Отан соғысы тарихын жаңаша зерделеген «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Тарих зердесі» және соғыс жылдарындағы Қазақстанның рөлін ашқан монографияларының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Оқушылар ғалымның өмір жолы туралы бейнеролик тамашалап, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты. Шараның интерактивті бөлімінде қатысушылар академиктің өмірі мен шығармашылығына байланысты интеллектуалдық брейн-ринг пен викторинада бақ сынасып, өздерінің білімдерін шыңдады.